Жаңалықтар

Басқарма басшысы тағайындалды

 Сейсенбі күні өткен аппарат жиналысында өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жаңа басшысын тағайындалды. Бұл қызметті енді облыстық ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Бұлбұл Елеусінова атқарады.
Кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов аталған басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды:

— Бұлбұл Ораққызы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін мұғалім және заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын оқытушылықтан бастап, Қобда ауданы әкімі аппаратында түрлі қызметтер атқарған. Одан кейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы қызметтерін атқарды. Бұлбұл Ораққызы өз білімі мен біліктілігінің, тәжірибесінің арқасында қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелерді шешуде абыроймен еңбек етіп жүрген азамат. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы ретінде де облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің сенімін ақтайды деп сенемін. Әлеуметтік салада атқаратын жұмыс көп, ұжыммен бірге алға қойған осы міндеттерді жүзеге асыру қажет, — деді Марат Тоқжанов.
Бұлбұл Елеусінова әлеуметтік салада 15 жылдай жұмыс істеп келе жатқанын айтып, өзіне жүктелген жауапкершіліктің үдесінен шығуда ұжыммен бірлесе жұмыс істейтінін алға тартты:

— Жауапкершілікті толық сезінемін. Жаңа ұжымның біразымен жұмыс барысында жақсы таныспын, тәжірибелі командамен алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді бірге атқарамыз деп сенемін, — деді ол.

 М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button