Жаңалықтар

Коттедждер сапасы сөз болды

Қоғамдық қабылдау

Nur Otan партиясының Ақтөбедегі филиалы ғимаратында әдеттегідей қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.

Бұл жолы азаматтарды Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев пен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.

  • Ақтөбеге келудегі мақсатым — Nur Otan партиясының қайта жаңғыру жұмысы аясында қоғамдық қабылдау бөлмелерінің ашықтығы, халыққа жақындығы жөнінде жұмысты үйлестіру бойынша семинар өткізу. Бұған дейін Қобда ауданында қабылдауға қатысып келдік. Ол жақта аудан әкімінің орынбасарының қабылдауы өткізілді. Алға және Мұғалжар аудандарына бару жоспарда тұр, — дейді Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев.

Қабылдауға алғаш боп зейнеткер Тәжімұрат Аблашимов кіріп, баласының «Нұр Ақтөбе» ауданындағы коттедждер қалашығынан үй алғанын, айына 120 мың теңгеден астам қаржыны несиеге төлеп жатқандарын, өкінішке қарай, бұл коттедждердің сапасы сын көтермейтінін, тіпті есіктерді көршінікімен алмастырып салып кеткені секілді біраз шағымдарды санамалап айтып берді. Коттедждер қалашығындағы 154-үйдің 1-пәтерінде тұратын зейнеткерге қала әкімінің орынбасары  Жангелді Әубәкіров «Тәртібінде құрылысқа жауапты мекеме үйді екі жыл кепілдікке алып, өздері жөндеп берулері керек. Ал егер осы мерзімде өз қаражатыңызға құрылыс заттарын сатып алып, жасасаңыздар, бәрі түбіртек бойынша расталып, есептеледі де, өз қаражатыңыз қайтарылады, алаңдамаңыз», — деп жауап берді. Одан әрі қала әкімінің орынбасары осындай коттедждердің құрылысына жауапты «Ақтөбе-Сәулет» мекемесінің өкіліне тұрғындардың өтініштері бойынша коттедждердің әрбіріне кіріп, тексеріп шығуды, анықталған мәселелерді ыждағаттап шешуді тапсырды. Сол жерге жұмыспен барған журналистердің кейбірі осы ауданның тұрғыны болып шығып, қарияның сөзін қостады. Жергілікті билік өкілдері аталған мәселенің оң шешім табатындығына сендірді.

Одан кейінгі қабылдауға келгендердің дені жылу мәселесін, тағы бірі баспана, енді бірі денсаулығына қатысты арыз-шағымдарын баяндады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button