Мереке

Римдегі ақтөбелік қыз

Ақтөбелік талантты жастың бірі — Көркем Лайықова. Ол Италияның Рим қаласындағы Ла Сапиенца (Sapienza University of Rome) университетінде нанотехнология және инжиниринг бағыты бойынша магистратурада оқиды.

— Егер армандасаң, алдыңа мақсат қойсаң, шетелде оқу қаражатқа қатысты
емес, — дейді ол. Көркем Ақтөбедегі №21 мектеп-гимназияны «Алтын белгіге» бітірген соң
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне химия және химиялық технология мамандығы бойынша оқуға түседі.
— Үшінші курста оқып жүргенімде «Work and Travel» бағдарламасы бойынша Америкаға
бардым. Сол уақытта «шетелде оқысам» деген арман пайда болды. Келгеннен кейін түрлі
бағдарламалармен танысып, сырт елде тегін оқудың мүмкіндіктерін қарастыра бастадым.
Соның біріне қатыстым. Грантты жеңіп алу үшін, ең бастысы, ағылшын тілін жетік меңгеру керек және оқу үлгерімің жақсы болуы тиіс. Конкурстан өтесің, яғни тегін дүние жоқ. Ештеңеге алаңдамай, тіл үйреніп, оқуға күш салдым. Нәтижесінде грантқа және шәкіртақыға
ие болдым. Венеция, Милан, Рим қалаларына оқуға мүмкіндік берілді. Мен Римді таңдадым, — дейді Көркем. Ла Сапиенца университетінің іргетасы 1303 жылы, яғни ХІV ғасырда қаланған. Оқыту жүйесі де өзгеше. Ең бастысы, сапаға мән беріледі. Көркем нанотехнологияның медицина бағытын таңдаған, яғни қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл — онкологиялық ауруларды
емдеуде нанотехнологияны қолдану.
— Мәселен, онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар химиотерапия алады.
Бұндай әдіс адам денесіндегі өлі жасушалармен қоса, тірі жасушаларды да өлтіріп тастайды. Науқастардың көпшілігі бұл терапияны көтере алмай соңында көз жұматын жағдайлар жиі кездеседі. Ал нанотехнологияда дәрілік препараттар иммобилизация әдісімен жасалады, яғни дәрі тек қана өлі жасушаға әсер етеді. Бұл әдіс қазір Америка мен Еуропа елдерінде қолданылады. Қазақстанға әлі келген жоқ. Қазір мен өзімнің ұстазыммен бірлесіп осы бағытта диссертация жазуды бастадым. Бұйырса, келер жылы
бұл жақтағы оқуым аяқталады. Содан кейін Швейцариядағы онкологиялық ауруларға арналған дәрі-дәрмектерді зерттейтін зертханада тәжірибеден өтсем деген жоспарым бар. Содан кейін елге келіп, жұмыс жасағым келеді, — дейді Көркем. Еуропада білім сапасына ерекше мән береді.
— Емтихан жазбаша және ауызша болады. Көшіріп алу, плагиатқа жол жоқ. Ұстаздардың адалдығы, білім деңгейі бөлек әңгіме. Кітапхана түнімен жұмыс жасайды. Емтихан кезінде орын болмайды. Мені таңғалдырғаны, әлемнің озық университеттерінен білім алған мықты деген профессорлар посткеңестік елдердің мектептегі білім беру жүйесін, яғни кеңес үкіметіндегі жүйені жоғары бағалайды. Бұл жүйе бойынша білім алатын балалар сауатты болып шығады дейді. Шынымен солай, мәселен қазақстандық студенттер білетін қарапайым нәрсені бұл жақтағы жастар білмейді, — дейді Көркем. Көркемнің айтуынша, еуропалықтар Қазақстанды Димаш Құдайбергеннің есімі арқылы білсе, америкалықтарға Елбасымыз бен Геннадий Головкиннің есімдері арқылы таныс екен.
— Тәуелсіздіктің қадірін шетте жүрген адам жақсы түсінеді. Ешкімге тәуелсіз еліңнің бар екеніне шүкіршілік етесің, өзіңе сенімділік пайда болады. Көк тудың желбіреп тұрғанын көрсең, жүрегіңді қуаныш кернейді. Біздің осылай әлемнің кез келген елін еркін аралауымыз — тәуелсіздігіміздің арқасы. Осы бақыт баянды болғай, — деді зейінді жас.
Талапты жасқа біз де сәттілік тілейміз!

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button