Мереке

Лондонда оқып жүр

«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастың бірі — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Серік Алматов.

Серік биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы «Stafford House International» мектебінде ағылшын тілі курсынан өтіп, Лондон университеттік колледжінде (University College
London) магистрлік оқуын бастапты. Қазір ол цифрлық технологиялар және басқару бағыты бойынша білім алып жатыр. Ақпараттық технологиялардың жалпы қоғамды және оның ішінде мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі тиімділігі, осы саладағы жаңалықтардың қатерлі тұстары мен әлеуеті туралы оқиды.
— Осы ретте «Болашақ» бағдарламасының жастарға зор мүмкіндік, адами капиталды дамытудың тиімді құралы екенін айтқым келеді. Өйткені шетелдік озық тәжірибелер туралы тек кітаптан оқып қана қоймай, көзбен көріп, қолмен ұстап, технологиясы дамыған елде оқу бөлек нәрсе. Үлкен тәжірибе мен білім аласың, мансаптық өсуіңе мүмкіндік береді. Мәселен, бізбен бірге Жапония, Сингапур, Корея секілді дамыған мемлекеттердің азаматтары оқиды. Олар да біздің «Болашақ» бағдарламасы сияқты өз елінің бағдарламасы бойынша білім алуда.
Әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының ішінде Лондон университеттік колледжі сегізінші орын алады. Оқу орнының білім беру деңгейі өте жоғары. Ал бағдарламаның арқасында қаншама қарапайым адамдар осы жерде білім алып жатыр, — дейді Серік.
Серік өзімен бірге әлемнің әр елінен келген мемлекеттік қызметтегі азаматтардың оқитынын, олар елімізді территориясы үлкен, мұнайға бай мемлекет ретінде танитынын айтады. Бокс жанкүйерлері Геннадий Головкин арқылы білсе, кейбіреулері екі алып мемлекет, яғни
Ресей мен Қытайдың көршісі ретінде таниды екен. Серік Лондонға аттанғанға дейін
ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жұмыс сапасын арттыру бойынша бірнеше жобалар дайындаған. Алғаш анимациялық бейнебаяндар дайындап, Excel бағдарламасында алгоритм құру арқылы есептілікті жинау мен тексеруді автоматтандыру сияқты жұмыстармен айналысқан. Кейін осы салаға біртіндеп ене бастайды. 2017 жылы азаматтарды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында департаменттің жеке вебпарақшасын, ал 2018 жылы qyzmet.info
веб-порталын құрды. Қазіргі таңда telegram мессенджерінде qyzmet.info атты бот құрылды. Мұнда мемлекеттік қызметке барғысы келетіндер үшін барлық қажетті ақпарат көрсетілген.
— Мемлекет қаржысына әлемдегі ең үздік оқу орнының бірінде оқып жатырмын. Сондықтан әрі қарай қоғамға қызмет етіп, мемлекеттік қызметші
болып жұмысымды жалғастырамын. Бұл жерде алған білімім менің алға қойған жоспар мен идеяларымды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басты міндет — қоғамның дамуына септігімді
тигізу, — деді Серік. Білімді жасқа біз де тілекшіміз!

Кәмшат ҚОПАЕВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button