Жаңалықтар

Санкт-Петербургтен келген жәдігерлер

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласы музейлерінен әкелінген жәдігерлер көрмесі ашылды.

Мұнда Санкт-Петербург қаласындағы Мемлекеттік Эрмитаж, А.В.Суворовтың мемориалдық музейі, І Петр атындағы антропология және этнография музейі (Кунсткамера), Орталық әскери-теңіз музейінен әкелінген жәдігерлер қойылған.

Көрменің ашылу рәсімі 3 желтоқсанда өтті. Жиында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали мен көрмені ұйымдастырушы «Популярные проекты» АҚ-ның менеджері Рушания Габбасова сөз сөйлеп, өз сөздерінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстардың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап көрсетті.

Көрмеге жоғарыда аталған музейлер қорынан 96 жәдігер, олардан бөлек 3D голограммалар түріндегі картиналар, сонымен бірге көне Мысырдан табылған мумиялар, пирамидалардың ішкі көрінісі мен жерлеу әдет-ғұрпына қатысты түрлі жәдігерлер қойылған. Олардың арасында 270 жылдан бері сақталып келе жатқан көне дүниелер де бар.

Негізі І Петрдің бұйрығымен 1714 жылы қаланған Кунсткамерадан әкелінген жәдігерлердің арасында екі басты түлкі, т.б. табиғатта сирек кездесетін аномалиялармен қатар, есірткі шегетін, темекі тартатын, арақ ішетін адамдардың ішкі құрылысы мүшелері (бауыр, жүрек, т.б.) бар.

Көрмені таныстыру барысында Рушания Габбасова:

— Бұлар — тамашалап қарау үшін емес, адамға ой салу үшін қойылған заттар. Бұл жәдігерлер есірткінің, арақ пен темекінің адам ағзасына зиянын әйгілейді. Сондықтан бұл көрменің үлкен бір мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау деп айта аламыз, — деді.

Көрме желтоқсанның 22-сіне дейін жалғасады.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button