Жаңалықтар

Ерен еңбектің иесі

Ауыл — асыраушымыз. Осы бір тіркесті түрлі жиындар мінбесінен жиі айтқанымызбен, сол бір игілікті шаруаның бейнетін мойынға алған еңбекқор азаматтарымызға құрметіміз өз дәрежесінде ме?

Негізінде өз ісіне берілген ондай жандар ешкімнен ештеңе дәметпейді. Мал өсіріп, егін егуді өздерінің міндетіндей сезінеді.

Сондай санаулы тұлғалардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі — бүгінгі күні жетпіс атты асуына абыроймен келіп отырған Аманқос Төлеуов. Ол басқаратын «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі тұста республикамыздағы алдыңғы шаруашылықтардың қатарында. Біздің әңгімеміз іскер басшы, ұтымды ұйымдастырушы, игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген елдің еңселі азаматы туралы.  

Бала кездің арманы

Қарғалы өңірінің табиғаты ерекше жаратылған. Биік-биік қырлар, өзгеше өркештенген жоталар, көлденеңдеп ағып жатқан өзендер — осының бәрі сырттан қараған адамға бөлекше әсер етіп, тылсымына тартып, қызықтыра түседі.

Осы өңірде ауқымды бір аймақты алып жатқан Қарғалы су қоймасы бар. Оның туған жері сол су астында қалған. Кейде қиялға беріліп, бала кезді еске түсірген кезде көз алдында сонау көз ұшынан сағымданып өзіне таныс және сондай ыстық бір мекен келе қалатыны бар. Шамалыдан соң оның өзі буалдырланып, біртүрлі алыстай береді.

Соғыстан соң өмірге келген ұрпақтың жетісіп өскені шамалы. Бірде етігің, бірде үстіңе киетін фуфайкең болмай қалады. Әйтеуір үйдегі үлкендер лаждап сол жоқтың орнын толтырады. Сондай қиындықтарды Аманқос та көріп өсті.

Қаншама қиындық, жетпестік дегенімен, ештеңеге мойын бұрмайтын балаң көңілдің төрінен өшіре алмайтын өз қызықтары және болады. Бұлардың қатары қыстың қаһарына қарамастан желдің өтіне қарсы ұмтылып, шаңғы тебетін, аяқтарына конькилерін байлап, мұз үстінен табылатын.

Ауыл айналасындағы қалың тал ішінен қоян өріп жүретін. Ауыл адамдары үшін қоян жымына тұзақ құрып, ұстап алу аса қиындыққа соқпайтын кездер болған. Бұдан басқа, осы маңда елік, бұғы, қасқыр болды дегенді айтсаң, қазір біреу сене қояр ма екен?

Осының бәрі бүгінде ол үшін әдемі түс секілді көрінеді.

Жаз шыққаннан сай бойы ерекше күйге бөленеді. Мамыр айынан бастап балалар қымыздық теруге шығады. Бұл жерлерде қой бүлдірген, қара бүлдірген, мойыл, қарақат, шие, тағы да басқа түрлі жеміс-жидектер қаптап өседі. Соның бәрі бұлардың қатарлары үшін бір жағы ермек, екіншіден, азық-түлік түрі кемшін тұста аш қарынды жұбатуға да жарап жатады.

Аманқостың әкесі Сансызбай ауылда қой бағады. Қойшының баласы ол кезде интернатта жатып оқиды. «Петропавловкадағы мектепте оқып, соның интернатында жеті жылдай мекен еттім, — дейді ол сол бір шақты есіне алғанда. – Бір бөлмеде жиырма бала жатамыз, соның өзінде бөлме іші суық, тоңамыз. Бірақ, әр нәрсенің де бір жақсы жағы болады ғой. Өзіңді-өзің тәрбиелеп, тірлігіңді жасауға бейімделесің. Таңертеңгі алтыда ұйқымыздан тұрғаннан түнгі он бірге дейін төсегімізге жақындатпайды. Тәртіп солай. Белгіленген кесте бойынша сабаққа дайындаламыз, әр түрлі спорттық шаралар, мәдени-көпшілік жұмыстарға қатысамыз».

Әкесі шаруашылықтағы озат шопандардың бірі болыпты. Қойдан төлді мол етіп алып, малды семіртіп, шығын бермеуді мақсат тұтқан. Кезінде Жұрындағы малдәрігерлік курсты бітірген ол аз-кем уақыт мамандығы бойынша жұмыс істепті де, күні-түні малшы ауылды аралап, әркімнің үйінде бір қонатын қуаланды тірлікті жөн көрмей, өз алдына бір отар қой алып, дербес шаруа тізгінін ұстауды қалаған. Содан алпыс бес жасқа келгенше қолынан шопан таяғын тастамаған. Ең бастысы, абыройлы еңбек еткен.

Ол кезде шопанның әйелі оның көмекшісі болып саналады. Бекітіліп берілген бір отар қойдың жауапкершілігі осылайша отбасы мойнында болады. Сондықтан да ері күндіз қой бағып келсе, түнгі күзетті, басқа да қосалқы жұмыстарды зайыбы атқара береді. Сөйтіп жүріп, қара қазанды оттан түсірмейді.

Олардың басты мақсаттары да, күнделікті тірліктерінің мәні де жалғыз ұл —Аманқос пен оның соңынан ерген қарасы, яғни қарындасы Гүлзипаның қатарынан кем болмай, оқып-тоқуы, азамат болуы еді.

Осы екі перзентінің болашағына айрықша алаңдаған Кәфия ананың, әсіресе, ұл баласына айтқан ақылын Аманқос әлі күнге дейін жадында жаттап қалыпты.

«Балам, сен жалғызсың. Балаларға еріп арақ ішпе, темекі тартпа. Саған оқу керек, білім алуға тиіссің. Адам бол! Басқаларының алдында ағасы, соңында інісі бар. Сен кімге сенесің? Біз айдалада тынымсыз еңбек етіп, кім үшін күні-түні бейнет шегіп жүргенімізді ұмытпа!» деген сөздер көкіректе хаттаулы.

Осылайша ол үшін адам болу арманы — алдынан тартылған бағдар іспетті болды.

Анасы туралы айтқанда ол көп жайларды толғана отырып еске түсіреді. Ол кезде ауданнан, облыстан келген өкілдер бұл үйге ат басын жиі бұрады екен. Сол уақытта қонақтарға арналған қой лезде сойылып, шәй дастарқанына қуырдақ дайын болып, ет те көп ұзамай пісіп тұрады екен. Сол қызметтерді атқарудағы анасының әбжілдігі, аспай-саспай жүріп, бәрін жалғыз өзі тындыратындығы көңілінде сақталып қалыпты.

Әкесі жазда жертөле қазып, өзен бойынан көктерек шауып әкеліп, оның үстін талмен мұқият жабады екен. Оның іші жазда қоңыр салқын болып тұрады. Анасының кептіріп, сол жертөлеге сақтаған еті жаздың шіліңгір ыстығында да сол күйі сақталып тұра береді екен. Қолдағы төрт сиырдың сүті мен қаймағы, одан жасалатын құрт-ірімшігі бұл үйдің дастарқанынан үзіліп көрмепті. Ал қарынға салған сары майдың дәмін бала Аманқос түгілі, осы шаңыраққа ат басын бұрған талай қонақ кейінгі кезге дейін ұмытпай тамсанып, айтып жүреді екен.

Бәрін айт та, бірін айт, осындай әке-шешенің қамқорлығында өскен Аманқос ана ақылын жадынан шығармай, үлкен арман жетегінде жетілгенін бүгінгі күні де балаларының ортасында айтып отыратыны бар.

Еңбекпен өрілген ғұмыр

Кім-кім де өсіп келе жатқан баласынан үлкен үміт күтеді. Сондықтан да бар жақсысын сол перзентіне арнап, оның жан-жақты жетілуіне, белгілі бір мамандықты игеріп, соның жемісін жегізетін күнге тез жетуге асығады.

Сансызбай әке мен Кәфия ана да сондай жолды армандағаны анық. Кішкентайынан еңбектің қадірін біліп өскен Аманқос та сол ойдан шығу үшін алдына үлкен мақсаттар қояды. Мектеп бітірген соң екі жылдай Пригородный сегіз жылдық мектебінде дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Жас кезінен спортқа бейім болғаны, әсіресе қыста шаңғы теуіп, жазда баскетбол ойнап, басқа да денешынықтыру түрлерінен үзбей жаттыққаны оған бұл ретте онша қиындық туғызбайды. Қиындық тудырғаны — сол ауылда небәрі үш қазақ отбасы ғана тұрады екен. Елді мекеннің орыстанып кеткендігі сондай, мұнда қызметке келген маманға әкесінің атына сәйкестендіріп, Сергеевич, Алексеевич деген сияқты атау да қойып алады екен. Бірақ, жүрегі жалындап тұрған жас жігіт бұған намыстанып, Сансызбаевичтің Сергеевич болуына қарсы тұрады.

Осы екі жыл ұстаздық өмірі оның болашақ еңбек жолында көп пайдасын тигізгенін әлі күнге дейін ойында ұстайды. Әсіресе, кейінгі шаруашылық басқарған жылдарында ең бастысы — адам тәрбиелеу екендігі, сол арқылы көздеген мақсатқа жету мүмкіндігі жеңіл болатындығы талай мәрте дәлелін тапты.

Ол екі жылдан соң Оралдағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсуге талап қылады. Бастапқыда агроном болуды қалағанымен, дайындық барысында қасында бірге жүрген жолдастарының көңілін қимай, құжаттарын зоотехниктер даярлайтын факультетке тапсырады. Алғашқы күннен үздік оқуымен көзге түскен оны топ старостасы етіп тағайындайды. Осылайша қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, белсенді студент ретінде танылады.

Қолына диплом алған жас маманды туған жері қуана қарсы алады. Бір қызығы, сол кезде Ленин аталатын ауданда зоотехниктердің барлығы да қазақтар, ал, агрономдар — орыстар, немістер, яғни басқа ұлт өкілдері екен. Мұндай жәйтті байқаған кезде, ол агроном болмағанына өкініп қалғанын айтады. Ондағы ойы — қазақтар да агроном болып істей алады дегенді дәлелдеу екен.

Дегенмен, талапты жас жаңа қызметіне үлкен жігермен кіріседі. Оны аудандағы ірі де іргелі шаруашылық — Чапаев атындағы кеңшарға бас зоотехник қызметіне жібереді. Кейінірек тәжірибесі толысып, айналаға танымал болған тұста аудандық ауылшаруашылық басқармасына қызметке жоғарылатылады. Ал 1985 жылы «Степное» кеңшарының директорлығына бекітіледі.

Міне, оның отыз бес жылдай ғұмыры осы шаруашылық аумағында өтіп келеді. Қазіргі уақытта Аманқос Төлеуов басқаратын «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығына пайдаланатын жердің жалпы алаңы 52 мың гектар құрайды. Ұжымда тұрақты түрде 250-ге жуық адам еңбек етеді.

Егіншілікпен айналысатын шаруашылықта жыл сайын техника тұрақты түрде жаңартылып тұрады. Жиналған астықтан осындағы диірменде  ұн жасайды. Облыс орталығындағы өз наубайханасында ауылдағы диірменнен әкелінетін ұннан нан өнімдерінің 40 түрі пісіріледі. Сапалы өніммен қала тұрғындарының 30%-ын қамтамасыз етіп отырған да осы ауылдың астығы.

Шаруашылықта күнбағыс майын, түшпара, шұжық өнімдерін шығаратын цех жұмыс істейді.

Мұнда дәнді дақылдармен қатар, күнбағыс, көкөніс және бақша өнімдері өсіріледі.

Қоғамдық ғимараттарды жөндеуге, көшелерді күтіп ұстауға қаржы бөлініп, Степное ауылы мен оның тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіліп тұрады.

Серіктестіктің  барлық қызметкерлерінің балалары тегін балабақшамен қамтылған.

«Степное» серіктестігінде мал шаруашылығын дамыту тұрақты назарда. Бұл жерде ірі қара, оның ішінде қазақтың ақ бас сиыры, көшім тұқымды жылқы, қой өсіріледі. Тіпті түйе де бағылады.

Еңбек етуге барлық жағдайы жасалған ауылдан бүгінде ешкім де сыртқа қоныс аударғысы келмейді. Оның есесіне, еңбек етемін, шаруамен шұғылданамын деушілерге есік ашық. Оларға да жеткілікті түрде қолдау жасалады.

Еңбектің лайықты бағалануы да бір мәртебе. Аманқос Сансызбайұлының кеудесіндегі Кеңес заманында алған «Құрмет белгісі», тәуелсіз елдің «Құрмет», «Отан» ордендері — оның тынымсыз тірлігінің жемісі. Мұның сыртында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, «Қазақстан Республикасының он жылдықтағы үздік кәсіпкері» деп танылуы, 2002 жылғы Ақтөбе облысының Жыл адамы ретінде белгіленуі, бұдан да басқа ондаған марапаттары — сондай құрметтердің жалғасы.

 Тұңғыш Президентпен жүздесулер

Адам өмірінде ұмытылмас кездесулер болады. Аманқос Сансызбайұлы әр жылдарда Елбасымен болған жүздесулерін үнемі мақтанышпен айтып жүреді. «Ол кісімен кездесу адамға ерекше жігер, күш-қайрат береді. Мен Елбасымызбен жолыққан сайын сондай сезімге бөленіп жүрдім» деуі шын көңілден шыққан сөзі.

Сонау бір қиындау тұстарда Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеге келген уақытта «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Чехияның жоғары сапалы «Прокоп» фирмасының алымды диірмені іске қосылып, игілігін ел көре бастап еді. Бұл сол мезгілдің өлшемімен алғанда үлкен жаңалық және ілгерілеу көрсеткіші де болатын. Сондықтан да Елбасы бұл шаруаны қолдап, мақұлдады және тура Аманқосқа қарап тұрып тапсырма берді. «Сенің айналаңда шаруасы шайқалған, құлдырау шегінде тұрған ірілі-ұсақты құрылымдар бар. Соларды өзіңе қосып ал да, ел тұрғындарын жұмыспен қамты, қамқорлық жаса!», — деді ол. Бұл міндет оған бір жағынан үлкен сенім жүгіндей сезілді. Сондықтан да оны абыроймен атқару қажеттігін ұқты. Нәтижесінде солай болды да. Кейінірек Елбасымен тағы бір кездескенінде, осы жайларды баяндап та берді. Сонда Мемлекет басшысы төрт түлік малды тең өсіріп, аумақты жерге егін салып отырған азаматқа алғысын айтқан.

Аманқос Сансызбайұлы 2009 жылдың көктемінде Астанада өткен республикалық жиында да Елбасы назарына іліккенін ұмытпайды. Көпшілік арасынан көзі түсіп, «Сен Ақтөбеден келдің ғой. Ол жақта екі-үш жылдан бері астық шықпай, қуаңшылық болып тұрғанын білемін. Амандық болса, биыл молшылық болады»,— деуі үлкен қанат бітіргендей болады. Ол да ештеңе емес, сол жылы елде егіс бітік шығып, диқан қауымы молшылыққа кенеледі. Шынында да, қазақтың «Жақсы сөз — жарым ырыс» дегені рас-ау!

Отбасы жылуы

Күні-түні дерлік шаруа басында жүретін, таң атар-атпастан мамандарды жинап алып, бүгінгі күннің міндеттерін белгілеп алуды әдетке айналдырған Аманқос Сансызбайұлының өз отбасына деген жүрек жылуы ерекше. Өмірлік серігі Роза Нұриддинқызы қай кезде де азаматының алдына шықпай, оның жағдайын жасап, тілегін тілеп отыратыны оған ерекше жігер береді.

Еңбекті өмір мәні деген ұстанымды бағдар етіп алған отбасында осы қағида берік қалыптасқан.

Балаларының үлкені Қайрат Ақтөбеде «Атамекен» деп аталатын нан зауытын басқарады. Абаты «Тас-қиыршық» зауытының директоры. Ал Айнагүлі адам денсаулығын қорғау саласында қызмет етеді.

Бүгінде балаларын азамат етіп өсіріп, оларды еңбек жолына салған Аманқос ата мен Роза әже солардан өрбіген сегіз немеренің де тәрбиесіне көңіл бөледі, олардың әрбір жетістіктеріне мәз болады. Өмір қуанышының өзі осында емес пе?!

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қарғалы ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button