Жаңалықтар

Талап пен тәжірибе

Семинар

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ мәжіліс залында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг өткізді. Еліміздің басқа аймақтарынан келген тілдерді оқыту орталықтарының білікті мамандары баяндама жасап, ой-пікірлерімен бөлісті. Семинар барысында мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатымен шет тілдерді оқытудың үздік әдіс-тәсілдерінің тиімділігін арттыру және осы тұрғыда озық тәжірибелермен алмасу мәселелері талқыланды.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқардың кіріспе сөзінен кейін шараға қатысушылар «Мемлекеттік тілді халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заманауи әдіс-тәсілдер арқылы үйретудің тиімділігі», «Тіл оқытуда психологияның тиімділігі», «Түрлі парасаттылық теориясының тіл үйренудегі қолданысы», «Тіл үйренуге терең бойлау әдістері», «Мемлекеттік тілді оқыту: жаңа қазақ әліпбиіне көшу жағдайындағы ортақ мәселелер», «Қазақ тілін оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану жүйесі» секілді тақырыптарда маңызды баяндамалар жасап, аталған тақырыптар бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға жылы лебізін арнады.

Семинар-тренингте «EDTECH» халықаралық білім орталығының бас директоры, философия ғылымының докторы Ғани Бейсенбаев, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шет тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының философия докторы Ләззат Бейсенбаева, «Тұран-Астана» университетінің әлеуметтік-гуманитарлық және тілдер кафедрасының аға оқытушысы, білім магистрі Айжан Қапанова, Ақтөбе қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айнагүл Оразалина, облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлсайран Төлегенова, Қарағанды облысы Ресурстық тіл орталығының оқытушысы Фариза Боранғазы, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлім басшысы Әсел Бақытова сынды мамандар оқытудың заманауи үздік әдіс-тәсілдерін талдап көрсетті.  «Жастар жылы» болғандықтан шараға жас мұғалімдер де белсене қатысты.

Биылғы жылы 2011-2019 жылдар аралығын қамтыған тілдерді дамыту, соның ішінде латын әліпбиіне көшуге қатысты бағдарламаның бірінші кезеңі мәресіне жетеді. Бұл бағдарлама кезең-кезеңімен үш бөлімнен жасақталған. 2020-2025 жылдар аралығында жаңа қаріпке көшудің келесі сатысы басталады. Тіл комитеті осы жобаны әзірлеп, қазіргі уақытта қызу талқыланып жатыр.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button