Жаңалықтар

«Junior Eurovision-2019»: Ержан Максимнің жеңісі!

Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бағы мен бабын сынаған  кішкентай жерлесіміз Ержан Максим жеңімпаздар қатарынан көрінді. Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алса, онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Жалпы есепте 227 ұпаймен екінші орынға ие болды.

Кішкентай қазақ әншісінің жеңісі өнерді құрметтейтін барша тыңдарман үшін ақжолтай жаңалық болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттер желісіндегі парақшасы арқылы Ержан Максимді жеңісімен құттықтап, лебізін білдірді: «Ержан Максим беделді «Junior Eurovision» ән байқауында жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл теңдесі жоқ, тамаша жетістік! Сені, ата-анаңды және ұстаздарыңды осындай маңызды жеңіспен құттықтаймын. Алар асуларың биік болсын! Алға!» деп жазды Президент өз парақшасында.

Ержан 4 жасынан бастап ән айтып, 6 жасында алғаш рет вокал сабағына барған. Бүгінде оның қоржынында жеңіс көп: 2016 жылы Батумиде өткен Dolphin Fest фестивалінде бас жүлде, Латвияда өткен осындай жарыстарда бірнеше номинация бойынша екі алтын, бір күміс медаль жеңіп алған, 2017 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық байқауында екінші орынға ие болды. Осы жылы  Италиядағы Сан-Ремо жасөспірімдер фестивалінде өнер көрсетіп, симфониялық оркестрмен бірге ән шырқады. Ал өткен жылы күзде «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауының финалистерінің қатарына кірген, биыл «Голос. Дети. 6 сезон» шоуының жеңімпазы болды.

Ержан Максим өзіне қолдау білдірген, дауыс берген жанкүйерлеріне алғысын білдірді. «Құрметті достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім. Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рақмет! Осы жеңіске сіздердің арқаларыңызда жетіп отырмын», — деді әнші.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button