Жаңалықтар

«Цифрлық Қазақстан»: 16 мың сертификат табысталды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе қалалық халыққа қызмет көрсету бойынша бөлімі он мыңнан аса тұрғынға egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалану дағдыларын үйретті. Олардың барлығы қысқа мерзімді курстан өткендігі туралы сертификаттар мен «жаттықтырушы» атағын алды. Электрондық үкімет пен мемлекеттік қызметтерді пайдалануды оқыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе қалалық халыққа қызмет көрсету бойынша бөлім басшысы Әділхан Кенжебаевтың айтуынша, азаматтарды цифрлық сауаттылыққа оқыту мақсатында «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» тақырыбында арнайы оқыту курстары ұйымдастырылды.

— Біз ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан электрондық қызметтерді алудың жаңа тәсілдерін игеру маңызды. Бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсету бөлімдері  азаматтарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алудың маңыздылығын жеткізіп қана қоймай, оларды пайдаланудың оңай жолдарын үйретіп, қызметтердің барлығына бірдей қолжетімділігін көрсетіп келеді. Және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, — дейді Әділхан Кенжебаев.

Естеріңізге сала кетейік, халыққа қызмет көрсету орталығында тақырыптық сабақтар өтетін оқыту сыныптары ашылған еді. Мұнда білімін жетілдірген азаматтарға электрондық сертификаттар табысталады.

Ресми деректерге сүйенсек, осы  жылдың 10 айында облыс бойынша цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында барлығы 16 мыңнан аса сертификат беріліпті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button