Жаңалықтар

«Имандылық мешіттердің немесе қажылардың санымен өлшенбейді»

Форум

«Имандылық елдегі мешіттердің немесе қажылардың санымен өлшенбейді, ол рухани құндылықтарды, ізгілік қасиеттерді бойға сіңірумен өлшенеді. Кеңес заманында дін жоққа шығарылды, ал Кеңес Одағы тараған соң, өз алдарына жеке ел болған бұрынғы республикалардың әрқайсысы өз діндеріне қайта оралуға мүмкіндік алды. Бірақ, дінге оралған соң, бұл елдерде керісінше, қылмыс өршіді, отбасы құндылықтары аяқасты болды, адамдар қатыгезденді. Неліктен бұлай болды? Міне, біз осы мәселені көтеріп, ашық түрде айтуымыз керек».

Белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Ақтөбеде өткен «Рухани құндылықтар — қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ аймақтық имамдар форумында сөйлеген сөзінде осылай деді.

Форумға облыстағы барлық деңгейдегі мешіттер имамдарымен қатар, мешіттер жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар талқыланды.

Олардың ішінде бастысы — Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы болып табылатын «Жеті рухани қазық» құжаты. Құжатты қабылдаудың маңызы, оның мазмұны жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб-мүфти Наурызбай Өтпенов баяндама жасады.

Мұнда имандылық дегеніміз, ең алдымен, адам бойындағы ізгіліктің көрінісі екені және Алла Тағаланың адамзатқа жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болғаны атап көрсетілген. Құжатта рухани қазық ретінде атап көрсетілген жеті қасиетке тоқталсақ: бұлар — имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік. ҚМДБ мешіттер қызметкерлерін осы қасиеттерді насихаттап, жамағат бойына сіңіру үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып отыр.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысып, сөз сөйледі. Ол кейбір қандастарымыздың әлі де тақуалық пен діни радикализмнің аражігін ажырата алмай жүргеніне қынжылыс білдірді.

— Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында бейбітшілікке, ізгілікке неғұрлым жақын дін ретінде исламның беделі өте жоғары болды. Ислам дінін осы беделінен айыру, мұсылмандарды іштен іріту үшін түрлі ағымдар пайда болды, оларды қаржыландырып отырған күштер де бар екені белгілі, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Марат Тоқжанов діни ахуалды одан әрі жақсарту, дәстүрлі исламды насихаттау бағытында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, бұл істерге облыстағы имамдардың үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.

Жиында «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және олардың міндеттері», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» сынды құжаттар да талқыланды. Бұл құжаттарда қаралған өзгерістерге келсек, мысалы, енді қарапайым молдаларға неке қиюға рұқсат етілмейді.

Бұл жөнінде облыстың бас имамы Төлеби Оспан:

— Діни рәсім арқылы неке қиюдың өз тәртібі бар. Молдалардың осы тәртіптің сақталуына мән бермеуі салдарынан, түрлі отбасылық кикілжіңдер, ажырасу оқиғалары тіркелген. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін молдаларға неке қию қызметімен айналысуға тыйым салынады, — деді.

Діни неке қию қызметін бұдан былай тек мешіт имамдары атқарады. Сонымен қатар, молдаларға оңды-солды уағыз айтуға да тыйым салынған. Ендігі жерде олар уағызды бас имамның рұқсатымен ғана айта алады.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button