Жаңалықтар

Қауіпсіздік шаралары түсіндірілді

Акция

Ақтөбеде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіздік сағаты» акциясы өтті.

Шарада облыстық полиция департаментінің, білім және жастар саясаты басқармаларының өкілдері, еріктілер мен студенттер жаяу жүргіншілер жолдары маңында көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын түсіндірді.

Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдос Құлжановтың айтуынша, облыста жол-көлік оқиғаларының жартысынан астамы жаяу жүргіншілер жолында болған.

— Жыл басынан бері  жаяу жүргіншілер зардап шеккен 261 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 11 адам қаза болды.

Ата-аналар да балаларының жолдағы қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені, соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені белгілі. Жол ережесін сақтамау — айналаңыздағылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жүргінші де, жүргізуші де жол жүру ережелерін сақтауы тиіс, — дейді Айдос Құлжанов.

Аталған акция қаланың Әбілқайыр хан даңғылы, №20, №9 мектептердің маңындағы жаяу жүргіншілер жолы бойында, барлығы 20 жерде өтті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе Нокин көшесінде жол-көлік оқиғасы жиі тіркеліп отыр. Шараны ұйымдастырушылар жаяу жүргіншілер жолында көліктерді  5-7 минутқа тоқтатып, көлік жүргізушілеріне 10 мыңға жуық жадынамалар таратты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button