Жаңалықтар

Жұмысшылар наразылығы болмауы керек      

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «CNPC» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен және «PetroChina» компаниясының вице-президенті Биян Дыжымен кездесті. 

Аталған кездесу жуырда өткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ван Илиньді қабылдауынан кейінгі жиынның жалғасы іспетті.
Екі жақты кездесу барысында «CNPC» корпорациясының басшылығымен еңбекақы, еңбек қарым-қатынасы жайлы келіссөздер жүргізілді. Аймақ басшысы  корпорация жұмысының Ақтөбе өңіріндегі алар орнын атап өтті.
— Қазіргі таңда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы — облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Оның үлесіне мұнай саласында өндірілетін өнімнің 70 және газдың 90 пайызы тиесілі. Акционерлік қоғам мен оның құрылымдық бөлімшелерінде 6200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Соңғы 5 жыл ішінде кәсіпорынмен 500 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, — деді О.Оразалин.
Өз кезегінде Ван Илинь Ақтөбе өңірімен алғаш әріптестік-серіктестік қарым-қатынастың 1997 жылдан басталғанын және 22 жыл ішінде талай жетістікке бірге  жеткенін айта келе, кәсіпорын қазіргі таңда уақытша қиындықтарды бастан кешіп отырғанын атап өтті.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов  компания тарапынан орын алған бірқатар мәселелерге тоқталды.
Оңдасын Оразалин қытайлық компания басшыларына инвестиция тарту мәселесіне аса назар аударып, қазіргі заман талабына сай еңбек өнімділігін арттыратын технологияларды қолдану, тұрғындарды жұмыспен  қамту және олардың еңбегіне  лайықты жалақы төлеу ең басты мақсат екендігін жеткізді.
— Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері кәсіпорынның табысты қызметіне тікелей байланысты. Тәртіп бұзуға, жұмысшылардың  наразылығын тудыруға жол берілмеуі керек. Біз үшін ішкі саясаттың тұрақтылығы  маңызды. Сондықтан талап етіліп отырған мәселелер шешімін табады деген сенімдеміз, — деді О.Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button