Жаңалықтар

Бизнес және жоба

Әлемнің дамыған елдерінде  шикізат пен табиғи ресурстарға негізделмеген бизнес саласына ерекше мән беріледі. Өйткені ішкі бюджеттің қомақты бөлігін шағын және орта бизнестен түсетін табыстар құрайды. Яғни кәсіпкерліктің экономиканың қуат көзі екенін түсінген Еуропаның дамыған мемлекеттері бұл шаруаны бір ізге қойған. Демек, Мемлекет басшысының осы салаға ерекше мән беруінің де бір ұшы осында.

Елбасының қолға алуымен құрылған «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бүгінде кәсіпкерлер тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Осы орайда өткен аптада Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаевтың қатысуымен аймақтық кеңес өтті.  Жиында бағдарламаның жүзеге асырылуы және  әкімшілік кедергіні қысқарту мәселелері сөз болды. Республиканың әр аймағынан келген өкілдер өз ойларын ортаға салды.

Облыста 56 жоба жүзеге асады

Жиында сөз алған облыс әкімі Елеусін Сағындықов аймақтың экономикалық ахуалына тоқталып, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынып жатқан игі істерді сөз етті. Ал Үкімет басшысының орынбасары кеңестің  Ақтөбеде тектен-тек өткізіліп отырмағанын, яғни өңір экономиканың сан саласын қамтитынын айтып, республика аймағында бағдарламаның орындалуын әңгімеледі.

Инудустриялды дамудың түп негізі — кәсіпкерлікте. Алайда бүгінгі күні еліміздің кәсіпорындары экономикалық тұрғыдан толық қалыптасып үлгерген жоқ. Өйткені бізге білім мен тәжірибе әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты Үкімет кәсіпкерліктің қуатын арттыру бағытындағы жұмыстарға  басымдық беруде. Ал «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы —  ел кәсіпкерлігінің қуатын арттыратын бірден-бір жоба, — деді.

Бағдарламаның алғашқы кезеңі 2010-2014 жылдардың аралығын қамтиды. Жоба үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар — жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шет елге тауар шығарушыларды қолдау. Яғни биылғы жыл осы жобаларды жүзеге асыратын пилотты жыл болмақ. Жобаны жергілікті атқарушы орындармен Экономикалық даму және сауда минстрлігі және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жүзеге асырады. Жалпы, бағдарлама бойынша облыс кәсіпкерлерінен 124 жоба түскен. Оның ішінде 56 жоба аталған министрліктің  келісімімен бекітілген. Бұл жобаларға 405 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Жалпы, бағдарлама аясында  республикалық трансферттер арқылы облысқа 629 миллион теңге бөлінген. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау үш бағыт бойынша жүргізіледі. Яғни жобаларды іске асыру үшін банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің бір бөлігін субсидиялау, инфрақұрылымды дамыту және бизнесті жүргізуде сервистік қолдау көрсету. Мәселен, субсидиялау бағыты бойынша кәсіпкер банктен 14 пайызбен несие алатын болса, оның 7 пайызын мемлекет, қалғанын кәсіпкердің өзі төлейді. Сондай-ақ кепілге қоятын мүлік жағынан да мемлекет көмек көрсетеді. Егер аталған мәселе төңірегінде қиындықтар туатын болса, «Даму» қорының кепілдігімен несие бере алады. Бұл кепілдік жоба құнының 50 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Әкімдік жобаның аймақ үшін қажет екендігін растай отырып, өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен бекітеді және кепілдік құнының 20 пайызын әкімдік өз мойнына алады. Демек, бұл — кәсіпкер кепілдік мәселесіне аса қатты  бас ауыртпайды деген сөз.  Сондай-ақ бағдарлама аясында кейбір кәсіпкерлікті қайта жаңартып, көлемін кеңейту мақсатындағы жұмыстарға банктер арқылы қаржы жағынан көмек беріледі.

Жалпы, бағдарлама алғаш жүзеге асырыла бастағанда үміттен күдік басым болатын. Әсіресе, кәсіпкерлер тарапынан алаңдаушылық болды. Ал қазір жобаның ел  экономикасын өрге сүйрейтініне көз жеткізгендейміз. Өйткені жиынға қатысушылар кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстардың жиі түсіп жатқанын айтты. Мәселен, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша екінші деңгейдегі банктердің қарауына жалпы құны 27,7 миллиард теңгені құрайтын 108  жоба түскен. Оның ішінде 30 жоба өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылып, 4,9 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба мақұлданған. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша құны 17 миллиард теңге болатын 13 жоба қабылданған. Оның ішінде басты жобалар Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Астана, Ақтөбе облыстарында жүзеге асырылмақ. Егер осы жобалар жүзеге асса, әр аймақта  мыңнан астам жұмыс орны іске қосылады. Мәселен, «Ақтау құю зауыты» ЖШС-сы 7,7 миллиард теңге көлеміндегі несиеге құю және электр цехтарын салса, «Шығыс Қазақстан жылыжай кешені» серіктестігі 2,2 миллиард теңгеге көкөніс өсірмек. Ал біздің облыста «ТехЛокСервис» ЖШС-ы құны 134,8 миллион теңгені құрайтын  жөндеу орталығын іске қоспақ. Осы мәселелерді сөз еткен  Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Марат Құсайынов бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 34,7 миллиард теңгені құрайтын 25 жоба түскенін айтты. Оның ішінде 14 жоба өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылыпты. Кеңес жобаға 19,24 миллиард теңге қажет деп тауып, барлық жобаны мақұлдаған. Жалпы, үш бағыт бойынша субсидиялау құны 41,14 миллиард теңге болатын 55 жоба мақұлданды.

Сондай-ақ  «Бизнестің жол картасы — 2020»  бағдарламасы бойынша экономиканың агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз жасау, құрылыс материалдарын өндіру секілді өзге де салаларға  ерекше назар аударылған.

Кедергілер қалай азаяды?

Соңғы жылдары әкімшілік кедергіні азайту және бизнесті жақсарту бағытындағы жұмыстар жаңаша сипат алып, жандана бастады. Мәселен, лицензиялық рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бақылау жүйесін реформалау және Дүниежүзілік банктің «Doіng busіness» рейтингіндегі Қазақстанның рөлін ілгерілету мақсатында түрлі жұмыстар қолға алынды.

«Doіng busіness» рейтингі бизнесті жүргізу жеңілдігін айқындайды. Яғни осы рейтинг бойынша  қай мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытуға, қолдауға, оларға кедергі болмауға  қандай жағдай жасап отырғаны анықталады.  Бұл тұрғыда Қазақстан әлемдегі 183 елдің ішінде 63-ші орынды алады екен. Осы рейтингіні ілгерілету мақсатында Үкіметтің қолдауымен жеті сараптау тобы құрылып, олар әзірлеген несие алу, меншікті тіркеу, салық салу, келісім-шарттарды рәсімдеу секілді ұсыныстары Дүниежүзілік банктің қолдауына ие болды. Жиында осы және кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту мәселелері сөз болды. Өйткені елімізде кәсіпкерлер кездесетін қиындықтар аз емес. Алдымен түрлі тексерулердің өзі кәсіпкерлердің адымын аштырмайды. Өткен жылы осы бағыттағы жұмыстарды жақсарту мақсатында «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, ведомоствалық есеп жүргізуді енгізу жолымен мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру секілді өзге де бағыттағы өзгерістер енгізілді. Тексеру жүргізу тәуекелдерді бағалау жүйесінің негізінде жүзеге асырылады. Яғни тексеру кезінде кәсіпкерлерді жоғары, орташа және елеусіз тәуекел топтарына  бөлу керек. Мәселен, тәуекел дәрежесі төмен кәсіпкерлік нысанға тексеру бес жылда  бір рет,  орташа тәуекел тобы — үш жылда бір, ал жоғары тәуекел тобындағылар жыл сайын тексеріледі.  Осы топтарға сәйкес тексеру кезінде мемлекеттік органдар бизнестің күрделі субъектілері саналатын ветеринария, өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық, мақта нарығы, сантитарлық-қадағалау салаларына жиі  тексерулер жүргізбек. Жалпы, бұндай бағалау жүйесі бақылау нәтижесін жақсартып, бизнеске жүктемені азайтпақ.  Сондай-ақ кеңесте «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңдарға енгізілген өзге де түзетулер сөз болды.

Сондай-ақ Қазақстандағы рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес өткен жылдан бастап елімізде рұқсат беру жүйесін оңтайландырудың бірінші кезеңі жүргізілуде. Осыған орай нормативтік- құқықтық актілерге түгендеу жүргізу жөніндегі 22 жұмыс тобы құрылып, қазір жүйелі жұмыс жүруде. Кеңеске қатысушылар  құжат рәсімдеуде уақыт үнемдеу, кіріс-шығыс  қағаздарына қатысты тексерулер және өзге де әкімшілік кедергілер төңірегіндегі ойларын ортаға салды.  Жиын соңында Алматы, Қарағанды қалаларынан келген өкілдер өз пікірлерін білдірді.

Кәсіпкер не дейді?

Самат САДУАНОВ, «Алғабас» ЖШС-ның директоры:

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, шаруашылығымды кеңейту мақсатында, яғни жаңа цех салуға банктен  50 миллион теңге көлеміндегі несиені төмен пайызбен алдым. Бұрын 14 пайыз болса, қазір оны 4 пайызға азайтыпты. Бұл кәсіпкер үшін үлкен көмек. Алайда монополистік мекемелер  тарапынан кедергілер көп. Мәселен, жол салып, жарық, газ тарту үшін үлкен  уақыт шығындайсың. Әсіресе, қағазбастылықтан әлі арыла алмай келеміз. Мәртөк ауданы шағын әрі ауыл азаматтарын жақсы танитын болғандықтан, аудандағы шаруалар оңай шешіледі. Ал қалада бұл бар уақытыңды алады. Сондықтан да осы мәселе бір ізге келсе деген ойдамыз.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button