Жаңалықтар

Түркі дүниесінің ғалымдары Ақтөбеде бас қосады

Түркияның Мерсин университеті мен «Мер-ак» академиясының бірлесіп ұйымдастыруымен халықаралық симпозиум өтіп, оған әлемнің 13 елінен танымал ғалымдар қатысты. Алқалы жиынға Ақтөбеден профессор Бекежан Ахан мен доцент Мұхтар Миров барды. Осы симпозиумда таяуда өткен Жалаңтөс баһадүрге арналған іс-шараларға бастан-аяқ қатысқанТүркия мемлекетіне аты мәшһүр түрік ғалымы, профессор Али Аслан Жалаңтөс баһадүр турасында баяндама жасап, бабамыздың түркі әлеміндегі алар орнын, оны ардақтаған Ақтөбені әлемнің әр түкпірінен келген зиялыларға паш етті.

Симпозиумда дүниенің төртбұрышынан келген ғұламалардың қатысуымен «Түркі дүниесінің білімдер академиясын» құру мәселесі талқыланып, оң шешімін тапты. Бұған 12 елдің өкілдері құрылтайшы болды. Қазақстаннан С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті құрылтайшылар құрамына еніп, университет президенті, профессор Бекежан Ахан қол қойды. Академияның алғашқы симпозиумын келесі жылғы мамыр айында Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы университетінде өткізуге келісілді. Бұл шара жалғыз университеттің ғана емес, Ақтөбенің абыройына өзінің елеулі үлесін қосары сөзсіз.

Симпозиум барысында 2016 жылдан бері Ер Едіге, Мөңке би, Жалаңтөс баһадүр сияқты әлемдік деңгейдегі түркі-қазақтың ардақты тұлғаларын елге, жас ұрпаққа таныту жолында халықаралық конференциялар мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға сіңірген еңбегі үшінТүркия үкіметінің шешімімен философия ғылымының докторы, профессор Бекежан Ахан халықаралық «Түркі әлеміне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Еске сала кетейік, Қазақстанда бұл марапатқа бұған дейін әйгілі жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев ие болған.

Жұманазар АСАН,

филология ғылымдарының докторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button