Жаңалықтар

Мөңке би Алматыда ұлықталды

Алматы қаласы әкімдігінің және қалалық ономастикалық комиссияның ұсынысымен, республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдауымен Алматы қаласындағы бір көшеге дала данышпаны, ұлы ойшыл, ақын, жырау, би һәм әулие Тілеуұлы Мөңке бидің аты берілген болатын. Жақында, қараша айының 2 жұлдызында, Алматыда құрылған «Тілеу-Қабақ» қорының бастамасымен және елдегі азаматтардың қаржылай қолдауымен көшенің ашылу салтанаты өтті.

Игілікті іс-шараға Алматыда тұратын және елден келген ағайындармен қатар, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Саят Ағыбаев және есімдері елге белгілі ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көшенің ашылу салтанаты Мөңке би көшесі басталатын тұста өтті. Бұл жер іс-шараны өткізуге өте ыңғайлы болды. Алматы қалалық мәдениет басқармасының көмегімен құрастырмалы сахна құрылды. Сахнада алматылық және Ақтөбеден шыққан өнер майталмандары Мөңке бидің толғауларын, халық әндерін айтып жатты. Келген қонақтардың қымыз бен шұбат ішіп, дәм-тұз татуы үшін киіз үй тігілді. Ұйымдастырушылар қарашаның қара суығы ұрып, жаңбыр жауып мазаны кетіре ме деп қобалжып еді. Бірақ күн шайдай ашық болды. «Бәрі орайымен келіп тұрғанын қараңдаршы! Мөңке бабаның рухы бәрінің ыңғайын келтіріп тұр-ау», — десіп жатты жиналғандар.

Алдымен Алматыға арнайы келген Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актерлары Толағай Қарасаев, Жасұлан Симанов, Майгүл Мұзбаева Мөңке бидің өміріне қатысты театрландырылған көріністі тамаша орындап шықты. Көріністі актер-режиссер, өнер магистрі Елтай Кемал қойды.

Одан кейін Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет жиналғандарды Мөңке би көшесінің ашылуымен құттықтады.

— «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген сөз бар, — деді ол. — Майқы би сонау ХІІ ғасыр қойнауында жатса, оның бер жағында XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Мөңке Тілеуұлы — қазақтың ең белгілі, тарихымызда орны бөлек, мемлекттігімізге еңбек сіңірген би. Сондықтан Мөңке бидің есімі мен мұраларын жаңғыртуымыз керек.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов сөйлеп, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын оқып берді. Тарихты білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр екенін айта келіп, Мөңке биді ұлықтаудың болашағымыз үшін қажеттілігіне тоқталды.

Одан кейін «Тілеу-Қабақ» қорының ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын Сансызбай Құттыбайұлы Алматы қаласында көшеге Мөңке би есімінің берілуінің маңызын атап өтті.

«Тауқымет» романымен қалың оқырманды баурап алған жазушы Бибігүл Иманғазина  өзінің ақжарма тілегін білдіріп, құтты болсын айтты.

Бұдан соң Мөңке би көшесінің ашылу рәсімі өтті. Алматы қаласы Алатау ауданы ақсақалдаркеңесінің төрағасы Құдайберген Қабдолдин, Тілеу мен Қабақ ұрпақтары Қуанышбай Әлмұратов, Жақсылық Кененов, Базарбай Сәрсеновтер көшенің бастауында орнатылған белгі-тақтаның пердесін түсірді.

Мөңке мұралары ғылыммен ұштасты

Мөңке би көшесінің ашылуы «Мөңке би — Ұлы даланың дана данышпаны» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға жалғасты. Төрт жүз орындық зал түгелдей толып бірқатары түрегеліп тұрып тыңдады.

Конференцияны филология ғылымдарының докторы, Нұр Мүбарак университетінің Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шамшәдин Керім жүргізді.

Алғашқы сөзді алған тарих ғылымдарының докторы, ҚРҰА корреспондент мүшесі Берекет Кәрібаев «Мөңке би және оның заманы» тақырыбында баяндама жасады.

— Мөңке бидің өмір сүрген уақыты белгілі, оның тарихи тұлға екендігі тарихи құжаттармен айқындалған, — деді баяндамашы. — Мөңке бидің өмір сүрген заманы қазақ хандығының әлсіреп, сыртқы күштердің әсері күшейген кез еді. Қазақияда орталық биліктің әлсіреуін ұтымды пайдалануға тырысқан Ресей патшасы қазақты өзара қырқыстырып, жікке бөлуді мақсат етті. Тіпті осы мақсатта Әбілқайыр ханды өлтіртуді де ойластырды. Әбілқайырды өлтіру арқылы қазақтың орталық билігін жойғысы келді. Ақыры өлтіртті де.

Хандық жүйе әлсіреген кезде билік билер мен батырларға көшеді. Міне, осындай тұста қазақтың билері тағдырымызға етене араласты. Еліміздің, жеріміздің сақталуына, ұлттығымызды ұйытуға ерекше еңбек сіңірген билеріміздің бірі — Мөңке би. Әбілқайыр өлгеннен кейін Ресей патшасының араласуымен хандықты ыдырату, хандыққа таластыру, сөйтіп, ауызбіршілікті жою саясаты жүрді. Осы кезде тұтастығымызды сақтап қалу үшін Мөңке би императрицаға Орта жүз және Кіші жүз қазақтарына Нұралыны хан етіп сайлау туралы хат жазған санаулы би-батырлардың бірі болды.

Берекет Кәрібаев Мөңке би өмір сүрген заман мен бидің сол кезеңдегі қайраткерлігін тарихи деректермен ұштастыра отырып, оның мемлекеттігімізді сақтап қалудағы орны ерекше екенін баяндап берді.

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі кеңестік дәуірде қазақтың тарихы болмаған, 1917 жылғы Қазан революциясынан басталған деп құлаққа сіңіргенін, шын мәнінде біздің бабаларымыздың нағыз ғұлама болғандарын мысалдармен айтып берді. Сондай біліммдар дала данышпандарының бірі де бірегейі Тілеуұлы Мөңке бидеген ол бидің толғаулары мен билік-шешендік сөздерін мектеп оқулықтарына енгізіп, жоғары оқу орындарында оқытылуы керек екенін айтты. Сондай-ақ Мөңке бидің ескерткіші тек Ақтөбеде ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында да бой көтеруі керек деді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Ноғайбаева Мөңке бидің тұлғалық сипатын ашып берді. Өзім осы Алматы облысының перзентімін деген Меңдігүл Сағатқызы Мөңкенің барлық қазаққа ортақ екеніне көңіл аударды.

— Жыраулықтың, билік-шешендіктің үлгісін көрсеткен Мөңке бабамызды қалай біліп жатырмыз? — деді ол. — Мөңке бидің мұралары Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап отыр ма? Айта алмаймыз. Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовтар өздерінің кітаптарына енгізді. Кешегі қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған уақытта Балтабай Адамбаев, Ахмет Жұбановтар Мөңкенің есімін айқайлап айтпаса да, ебін тауып біздерге жеткізіп кетті.

Мөңке би — өмір сүрген заманы белгілі, тарихи нақты тұлға. Мөңке бидің есімі, оның атқарған қызметі Гуляевтың жазбаларында анық жазылған.

Кеңес өкіметі кезінде Қазан революциясына дейін қазақтың 2 пайызы ғана сауатты болды деп оқытты. Солайша адастырмақ болды. Ал бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ойшылдарымызды қайда қоямыз? Сондай ойшылдардың бірі — бүгін сөз етіп отырған Мөңке би.

Мөңкенің абыздық деңгейге жетуі мұсылмандық ғылымның биіктігінен еді. Мөңке би де, басқа да данышпандарымыз дала исламымен астасқан руханияттан шықты.

Мөңке бидің өмірі туралы баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Жұма-Назар Асан Мөңкенің темірден жол тартылатынын кемі 100 жыл бұрын, «түрлі-түрлі жарық болатынын» 150 жыл бұрын, «кішкентай зат тауды жығатынын», яғни атом бомбасын 200 жылдан астам уақыт бұрын болжап кеткенін айтты.

Сондай-ақ ол марқасқа жыраудың 13 жол өлеңімен тарихта қалғанын, ал 109 жолдан тұратын Мөңке бидің толғауы мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылмай отырғанына қынжылыс білдіріп, Мөңкенің бүгінгі күні белгілі болып отырған төрт күйін консерваторияда оқытып, оркестрлерге қосу керек деген ұсыныс жасады.

Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлбану Қосымова «Мөңке бидің дүниетанымы», филология ғылымдарының докторы Шамшәдин Керім «Мөңке би және дін», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бердібай Кемал «Мөңке бидің күйшілігі хақында» атты баяндама жасады.

Зиялылар сөз алды

Ғылыми-практикалық конференциядан соң мейрамханада ас беріліп, Құран оқылды. Ас кезінде де Мөңке бидің мұралары зиялы қауымның пікірлеріне ұласты.

Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

— Қазақтың шешендік, билік сөздерін жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге өмірін арнаған Балтабай Адамбаев Мөңке би бабамыздың да мұраларын көп зерттеді. Қабиболла Сыдиықов, Мәтжан Тілеужанов және басқа ғалымдар Мөңке бидің толғауларына, билік-шешендік, ғақлия сөздеріне, оралымды философиялық ойларына ерекше назар аударды. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы көшеге би  есімі беріліп жатса, бабамыздың мұраларын бүгінгі күнге жеткізуге еңбек сіңірген соларға бас июміз керек.

Биыл «Жазушы» баспасынан шығып жатқан мектеп оқулықтарына сарапшы болдым. Сонда көзіммен көрдім, Мөңке бидің тұнып тұрған сөздері мектеп оқулықтарына енген. Мөңкенің мұраларын оқулыққа енгізген ғалымдар Сейіт Қасқабасов, Риза Әлмұхановаларға рақмет айтуымыз керек. Болашақ ұрпағымыз Мөңкенің айтқан сөздерін санасына сіңіріп өседі, бұл біздің үлкен жеңісіміз деп ойлаймын.

Мөңке бидің даңғылы әрі қарай жалғаса беретініне, бабамыздың аты қазақтың кез келген жерінде аталып, сөздері жазылып тұратынына, болашақ ұрпағына жете беретініне кәміл сенемін.

Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің директоры-бас редакторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

— Мыңжылдығын болжап кеткен Мөңке би бабамыздың аты көшеге берілгеніне қуаныштымын. Қазақты біріктіретін осындай бабаларымыздың рухы. Әсіресе, қазіргі кезде бабаларымызды ұлықтау арқылы қазақты мидай араластырып жіберуіміз керек.

Тілеу батырға Ақтөбеде ғана емес, оңтүстіктегі Шымкентте де ескерткіш қойылды. Оны көрдім. Қуанышты жағдай. Қазақтың барлық киелі тұлғаларын еліміздің барлық қалаларында насихаттай берсек, елдің бірлігі арта түседі.

Ұлықпан Сыдықов, философия ғылымдарының докторы, профессор:

— Бүгін барлығымыздың лүпілдеп соққан жүрегіміз, ниетіміз, көңіліміз бір арнаға түсіп тұр. Оған себеп — Мөңке би бабамыздың рухы. Мөңке би тек Кіші жүздің, Шектінің немесе Тілеу мен Қабақтың ардақты биі емес, исі қазақтың рухы, исі қазақтың тұлғасы, мақтанышы. Намыс, рух, қайсарлық болмай, ұлт бола алмаймыз. Сондықтан Мөңке би есімі қазақтың түкпір-түкпірінде ұлықталуы тиіс.

***

Үш жүздің зиялыларының басын қосқан Мөңке би көшесінің ашылу салтанатының түпкі мақсаты — бабаларымыздың рухын ұлықтай отырып, елдің бірлігін нығайту, мемлекеттігімізді сақтау мәселесімен тоғысып жатты. Бұл ұлтымыздың тұтастығын, бірлігін ойлаған Мөңке би бабамыздың құдіреті болса керек.

Көшенің ашылуына Астанадан арнайы келген баба ұрпағы, әлемдік деңгейдегі нейрохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Серік  Ақшолақов Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездескенін, Мөңке би есімі ұлықталып, көшенің абаттандырыла беретінін жеткізді.

Астың сәні — ән мен күй

Көшенің салтанатты ашылуының өн бойында Тұяқберді Шәмелов бізге жеткізген Мөңке бидің күйлері Алматы аспанында шалқыды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Ерсайын Басықара, композитор Бейбіт Оралов, әншілер Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, Асхат Тарғынов және басқалар салтанаттың сәнін әрлеп жіберді.

Өмірқұл Айниязов «Мөңке бидің толғауын» қобыз үні сарындас әуенмен толғағанда жұрт ұйып қалды. Ерсайын Басықараның шәкірттері — домбырашылар ансамблінің мүшелері Бексұлтан Бақыт, Бекнұр Бақыт, Тәлет Рахымбай, Елзат Емберген Қазанғаптың, Құрманғазының, Түркештің, Дәулеткерейдің, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін тартып, өзіндік шашуларын күймен шашты.

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері Мұханбетқазы Рамазан, Бекжан Дәренбекұлы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Серік Мәкуовтер туған жерге қатысты әндер мен термелерді орындап, үлкендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бердібай КЕМАЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button