Жаңалықтар

Қала жолдарына қатысты ұсыныс-тілектер айтылды

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен қаладағы автокөлік жолдарын қалыпқа келтіру және жөндеу мәселелері жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, блогерлер қатысты.

Жиынды қала әкімінің өзі бастап, сөз сөйледі.

— Біз қаланың дамуына қатысты жұмыстарды ақтөбеліктерді қатыстыру арқылы жетілдіруге ниеттіміз. Қала жолдарының жөнделуіне, құрылысына байланысты жобаларды жүзеге асыру кезінде тұрғындардың, қоғам белсенділерінің, БАҚ өкілдерінің пікірлері міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы да ұсыныс-тілектеріңізді көріп отырмыз, — деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Бұдан соң Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов Ақтөбе қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту туралы айтып берді.

— Былтыр басталған бес нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Атап айтсақ, бұлар — Байғанин, Құлымбетов, Мәметова (312- атқыштар дивизиясы даңғылынан Әбілқайыр хан даңғылына дейін), Ақжар-Родниковка тасжолы және Тургенев көшесінен Ғазиза Жұбанова көшесіне дейінгі автожолды қайта жаңарту. Ал Өтемісов және Ембі көшелеріндегі жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ, күрделі жөндеу бойынша үш нысанды іске асыру басталды. Бұлар — Өрлеу кентінен Кірпішті кентіне дейінгі автомобиль жолы, Бекқұл баба ауылындағы орталық автомобиль жолы және Ясный кентіндегі Мир көшесі бойындағы Ақтөбе-Алға автомобиль жолы. Сонымен қатар өткен жылы басталған жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы аяқталды, бұл — «ДСК» ауданында Молдағұлова даңғылы бойындағы жерүсті өткелінің құрылысы. Сондай-ақ «Балдырған» дүкені ауданында Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы жерүсті өткелінің құрылысын аяқтау жұмыстары жүргізілмек, — деді Нұрлан Досов.

Ақтөбе қаласының әкімдігі шаһарда көлік кептелісін азайту мақсатында жол айрықтарын, оң жақ бұрылыстарды, жолүсті өткелдерін, көпірлерді салу, көше жолдарын жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл туралы Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали кеңірек әңгімеледі.

— Жоспарланған жұмыстарға тоқталатын болсақ, Сәңкібай батыр даңғылындағы айналма жолдан Әлия Молдағұлова даңғылына дейінгі аумақтың автожолы алты жолақты болып қайта жөнделеді. Сәңкібай батыр даңғылы мен Әлия Молдағұлова даңғылы қиылысатын тұста жол айрығы салынады. 12-шағын аудандағы айналма жолда оң жақ бұрылыстар пайда болады, бұл айналма жолда көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді. Сол сияқты 312-атқыштар дивизиясы даңғылы мен Мәншүк Мәметова көшесінің және 312-атқыштар дивизиясы мен Әлия Молдағұлова даңғылдарының түйіскен тұсында жол айрығы пайда болады. Бұл — жылдан-жылға көлік нөпірі көбейіп келе жатқан үлкен қалада кептелісті болдырмауды көздейтін жобалардың бірі. Ал тұрғындар көп жүретін Тургенев көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы жолға жаяу адамдар үшін жолүсті өткелі салынады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін қажет, — деді Руслан Төреғали.

Ресми дерек бойынша, Ақтөбе қаласының аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 651 шақырым. Оның ішінде 300 км асфальт-бетон жамылғысы бар. Руслан Төреғалидің айтуынша, биыл 18 жоба үшін 4,2 млрд теңге бөлініп, жылдың аяғына дейін 33 шақырым жол жөнделеді.

— Қазіргі таңда жалпы соммасы 11,8 миллиард теңге болатын автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 40 жобалық-сметалық құжаттама дайын. Алдағы жылдары осы жобаларды толығымен жүзеге асырған жағдайда, жолдардың 80 пайызы асфальтталады, — деді ол.

Жиынға қатысқан мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, блогерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Айталық, бірі қаламыздағы Чехов көшесі тұрғындарының «сәлемін» жеткізді, бұл көшеде жарық та, тасжол да жоқ екен. Тағы бірі Кеңес Нокин ауылы тұрғындарының атынан ауылдың негізгі көшелеріне тым болмаса қиыршық тас төсеп берулерін сұрады. Осылайша ұсыныс-тілектер жалғасын тауып жатты.

Жалпы жобалардың сызбалары алдағы уақытта қала әкімдігі сайтының www.akt.gov.kz ресми парақшасында және инстаграм әлеуметтік желісіндегі @aqtobe_akimat парақшасында орналастырылады. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында онлайн түрінде талқыланады. Осы жерде ақтөбеліктер қала жолдарын қалыпқа келтіретін жобалардың сызбасымен тынысып, ұсыныс-пікірлерін қалдыра алады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button