Жаңалықтар

Ақтөбеде қағаз қалдығы қайта өңделе ме?

Экология

Биылғы жылдың қаңтарынан бастап қоқыс поли­гондарына пластмасса, әйнек, қағаз және картонды сұрыптаусыз көмуге тыйым салынды. Бірақ эко­логтардың мәліметінше, елімізде шығарылған қал­дықтың тек бір пайызы ғана сұрыпталады.

Қазақстандық еріктілердің қолдауымен құрылған «ЭКО NETWORK» ұйымы осы мәселені шешуге өз үлестерін қосып жүр. Экологияны жақсартуға бағытталған ұйымның негізгі мақсаты — қалдықсыз өмір сүру. Аталған ұйымның Ақтөбедегі өкілі Айман Сексенованың айтуынша, ұйым құрылған тоғыз айдың ішінде 30 тонна макулатураны қайта өңдеуге жіберген. Оның ішінде 26 тонна қағаз, картон қалдықтары, 2 тонна әйнек,
47 кило алюминий қалдығы бар. Ұйымға 5700 адам мүше.
— Біздің елімізде қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Жыл сайын мекемелерден қаншама қағаз қалдықтары шығарылады. Егер оларды қайта өңдесек, табиғатқа пайдамыз тиер еді. Мәселен, 9 айда 30 тонна қалдықты өңдеп, 264 ағаштың өмірін құтқарып қалдық. Бұл үшін ұйым мекемемен келісімшарт жасайды. Оларға тегін экобокс, яғни қалдық салатын контейнер береді. Онда макулатура, әйнек, пластмасса бөлек салынады. Экобокс заманауи үлгіде жасалғандықтан мекеменің ішкі интерьеріне нұқсан келтірмейді. Экобокс толған кезде бізге хабарласады. Біз оны қоқыс сұрыптайтын мекемелерге жібереміз. Тағы бір айта кететін нәрсе, қоқысты алып кеткеніміз үшін көлік ақысын төлейді. Бірақ біз бұл ақыны қоқыс өткізуден түскен қаржы арқылы мекемеге қайтарып береміз. Қазақстанда бір келі макулатураның қабылдау бағасы 15 теңге болса, пластик қалдықтардың келісі — 25 теңге, — деді ұйым өкілі.
Айман Сексенованың айтуынша, қазір елімізде макулатураны сұрыптайтын жиыр-ма мекеме бар. Оның басым бөлігі Солтүстік Қазақстанда орналасқан. Аталған ұйымның негізгі тұтынушысы — қағаз қалдықтарын көп шығаратын банктер мен ірі компаниялар. «Қағазбен жұмыс жасайтын мекемелер қалдықтарын қоқысқа жібергенше, қайта өңдеуге жіберіп, экологияға пайдасын тигізгені жөн», — дейді ұйым өкілі. Сондай-ақ өңделмейтін бұйымдарды қолданудан бас тартқан дұрыс. Мәселен, кофе құятын бір рет қолдануға арналған қағаз стақандар қайта өңделмейді. Себебі оның сырты — қағаз, іші — пластмасса. Бұндай бұйым қайта өңдеуден өтпейді. Жұмыртқа салатын қорап пен чек қағаздары да өңделмейтін көрінеді. Сондықтан өңдеуден өтетін заттарды тұтынған жөн. Мәселен, деректерге сүйенсек,10 адамнан тұратын кеңсе қызметкерлері жылына 1 тонна қағаз пайдаланады екен. Осы қалдықты қайта өңдеуден өткізсе, 10 ағашты сақтап, 20 мың литр суды үнемдеуге болады. Бір ағаштан 100 келі макулатура өндіріледі екен.
Айман Сексенова ақтөбеліктерді, оның ішінде қағаз қалдықтарын көп шығаратын мекемелерді ұйымның серіктесі болуға шақырады. Осылайша тұрғындар экологияға өз көмегін тигізе алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button