Жаңалықтар

Қазан: жиын-терін кезеңі

Жалпы күз айларында, оның ішінде қазанда шаруа адамы жаз бойғы еңбегінің жемісін жинап, қысқа дайындалады. Осындай себептерден бұл кезеңде кім-кім де күннің әрбір сәтін тиімді пайдалануға тырысады. 

Биыл барлығы 457,3 мың гектар алқаптан 380 мың тонна астық жиналды. 94454 тонна көкөніс дақылдары қоймаға түсті. Сондай-ақ 117630 тонна картоп дайындалды.

Қазан айында облыс аумағында басқа да шаруалар аз атқарылған жоқ. Экономикалық мәселелермен қатар, рухани дүниемізді жаңартудың көптеген игілікті шаралары жүзеге асты.

Орынборға сапар

Қазақстанның алғашқы астанасымен байланыс тінін ақтөбеліктер қашаннан да берік ұстап келеді. Соның бір айқын дәлелі — облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастауымен Орынборға жолсапардың ұйымдастырылуы.

Бұл жолы Ақтөбе мен Орынбор өңірінің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы бойынша келіссөздер жүргізілді, бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүрлер жалғасын табатындығы мәлімделді.

Орынбордың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 200-ге жуық студент ақтөбелік делегация мүшелерін қуана қарсы алды, мұндағы кездесулерге осы өңір тұрғындарының 6 пайызын құрайтын қазақтар қуымдастығы жетекшілері де белсене қатысты.

Әлеуметтік мәселелер шешілуде

Алыс ауылдардың әлеуметтік мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы айда бірнеше ауданда болып, жұртшылықпен кездесті, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Ойыл өңіріндегі Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылына көгілдір отын жеткізілді.

Шалқар ауданында да бірқатар түйінді мәселелер шешімін табуда. Мәселен, Қотыртас ауылының су желісін қайта жарақтау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Бозой ауылының электр желілері мен кәріз желілерін қайта жарақтандыру жұмыстары басталған.
Биыл Тоғыз елді мекенінде және Шалқар қаласына қарасты М.Шыманұлы ауылында мектеп құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Әйтеке би ауданының Жарөткел, Ақкөл ауылдарына да көгілдір отын пайдалануға берілді.

Тағы бір жаңалық — биыл осы аудандағы Аралтоғай ауылында ауызсу құбыры іске қосылады.

Облыс басшысы Хромтау ауданында болғанда Самара-Шымкент тасжолының  бойында орналасқан «Аманат» кемпингінің жұмысымен танысып, кәсіпкер Серік Оразымбетовтің екі аяғы сал болып, жүре алмай қалғанына қарамастан, көп шаруалар тындырып отырғанына ризашылық сезімін білдірді.  

Кәсіпкерлікті қолдау

Облыста кәсіпкерлікті қолдаудың «Жол картасы» бекітілді. Қазіргі уақытта өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 58 мыңнан асып отыр. Бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп.

Осындай кәсіпкерлікпен шұғылданушылардың өндірген өнім көлемі 185 миллиард теңгені құрауы да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетеді.

Бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша бірқатар реформалар жүргізілді. Облыс бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша «Doing Business» субұлттық рейтингісінде үшінші орынға ие болды.

Бекітілген «Жол картасында» жер учаскелері туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ету, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосу, жекеменшік балабақшалар үшін жан басына қаржыландыруға бөлінетін қаражатты арттыру мәселелері қаралған. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын облыстағы сүт-тауарлы фермаларды дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімділігі мен сапасын арттыруда субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу де ескеріледі.

Тарихты түгендеу

 ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақ батыры, әскербасы, Самарқан шаһарына әмірлік жүргізген Жалаңтөс баһадүрге Ақтөбеде ескерткіштің ашылуы тарихымызды түгендеудің бір көрінісі іспетті болды. Осында жан-жақтан бас қосқан ғалымдар, тарихшылар біртуар тұлға туралы ғылыми тұжырымдамаларды нақтылап, баһадүрдің келбетін жан-жақты ашып берді.

Тағы бір жаңалық. Ақтөбе жерінен алтынмен әшекейленген киіммен жерленген адамның табылуы тарихымыздың тағы бір тың бетін ашқандай болды.

Темір ауданындағы Тасқопа І қорымындағы қорғандардың бірінде тереңдігі 5,7 метр болатын қабірді қазу барысында археологтар салтанатты жағдайларда пайдаланылатын бұйым (бас киім деп болжам жасалды), ат әбзелдері, т.б. заттарды тапқан. Бұл заттар алтынмен қапталып, әшекейленген. Табылған жәдігерлер мұнда көсемнің жерленгеніне дәлел болады.

Ал­тын киімді көне ескерткіш ел тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық деп бағалануда.

Күзгі жәрмеңке

Ауыл шаруашылығы күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында күзгі жәрмеңке өтті. Оған облыс орталығы мен 12 ауданнан азық-түлік өндірушілер қатысты.

Базарда сиыр еті — 1400-1500 теңгеден, жылқы еті — 1500 теңгеден, ал қой еті 1200 теңгеден сатылды. Айранның 1 литрі 200 теңге, қымыз бен шұбат 750 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, сауда сөрелеріне сары май, тары-талқан, жеміс-жидектер, құлпынай, өзге де азық-түліктер қойылды.

Күзгі жәрмеңкеде 6 тоннадан астам сиыр еті, 3 тоннадай жылқы еті, 1400 тонна қой еті, 1 тонна балық қала тұрғындарының игілігіне ұсынылды.

Оқырмандармен жүздесу

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығын мерекелеу аясында «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығы мен журналистердің және ардагерлердің аудандарда оқырмандармен кездесуі жалғасын табуда. Бұған дейін мұндай шаралар Байғанин, Темір аудандарында да өткен еді.

Қазан айының соңғы күні, яғни бүгін баспасөз қызметкерлері Ойыл ауданында болып, елдің жай-күйімен танысады, жұртшылықпен өзара пікір алысады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button