Жаңалықтар

Атаулы көмек алып, кәсіп ашқандар бар

 2020 жылдың  1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмекке өзгерістер енгізіледі. Жаңа жоба қабылданса, көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың қатысуымен өткен брифингте осы жоба туралы жан-жақты айтылды.

Облыста бірінші сәуірге дейін 14 565 адам, яғни 2799 отбасы  атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, бүгінгі күні 18 782 отбасы, яғни 88 258 адам көмек алған. Марат Тоқжановтың айтуынша, қаржыландыру алты есеге ұлғайған. Мәселен, бірінші сәуірге дейін 266 миллион 700 мың теңге төленсе, қазіргі күні 8,9 миллиард жұмсалып отыр.

Атаулы әлеуметтік көмек үш бағыт бойынша беріледі. Олар — көпбалалы отбасы, жағдайы төмен отбасы және балаларға ыстық тамақпен бірге киім-кешек беру, яғни әлеуметтік пакет. Жаңа жобаның ең негізгі мақсаты —  шынайы мұқтаж адамға көмек қолын созу. Дегенмен тұрғындар арасында табысын жасырып, құжатын өзгертіп, көмек алып жатқандар анықталды. Осындай 3488 отбасы бар. Оның ішінде 1199 отбасыға көмек беру тоқтатылып, 1804 отбасының кірісі қайта есептеліп жатыр. Ал 55 отбасыға берілетін төлемақы өзгеріс енгізілгеннен кейін тоқтатылады. Қайта есептеу жұмыстарының нәтижесінде 144 отбасыдан 13 миллион теңге көлемінде қаржы кері қайтарылды. Осы ретте комиссияның жұмысын күшейту керек, — деді облыс әкімінің орынбасары. Табысын жасырып, әлеуметтік көмек алғандардың ішінде ірі кәсіпкерлер де бар. Өткен жылы кірісі 1 және 10 миллионнан асатын 143 кәсіпкер атаулы әлеуметтік көмек алған. Марат Тоқжанов енді бұндай заңсыздықтардың болмайтынын айтты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ақсұлу Жұбаназарованың мәліметінше, көмек алып, кәсібін бастаған да тұрғындар бар. Мәселен, Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би аудандарында мал, құс өсіріп, салон  ашқан отбасылар көпке үлгі болып отыр. Сондай-ақ  көпбалалы отбасыларға берілетін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі гранттарды иеленгендер бар. Олар осы қаржы арқылы істің көзін тапқан. Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова өзгерістерге байланысты көпбалалы отбасы балаларына енді киім-кешек берілетінін айтты. Бұрын ыстық тамақпен қамтылып келсе, енді оған киім-кешек қосылады. Бұл үшін арнайы қаржы бөлінбек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button