Жаңалықтар

Жаңа тағайындаулар

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, видеобайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты. Облыс басшысы жаңа тағайындауларды таныстырып өтті.

Облыс әкімінің өкімімен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымына Мейрамбек Махамбетов тағайындалды. Жоғары білімді, отыз жастағы басшы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, «Көкше» академиясын бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетінде референт, сарапшы лауазымынан бастаған.

Сонымен қатар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып Күнбол Тұрымов тағайындалды. Жоғары білімді, Алматы экономика және статистика академиясын, Қазақстанның Халықаралық білім беру корпорациясы бас сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған. Ақтөбе облыстық күрделі құрылыс басқармасы техникалық бөлімі жетекші маманының міндетін атқарушы, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығының меңгерушісі лауазымына Маржан Қорғанбаева тағайындалды. Шымкент педагогикалық институты және Ақтөбе педагогикалық институтының түлегі. Еңбек жолын облыстық ғылыми-әдістемелік орталығының кіші ғылыми қызметкері болып бастаған. Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімінің басшысы,  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымдарында қызмет атқарды.

Ал облыс әкімі аппараты басшысының бұйрығымен облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына Нұрхан Ағниязов тағайындалды. Жаңа лауазым иесі Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, Алға ауданы әкімінің орынбасары, облыстық туризм және спорт басқармасының басшысы, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жаңа қызметке тағайындалған азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеп, алдағы уақытта қызметтерін абыроймен атқарады деп сенім білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button