Жаңалықтар

Кәсіпкер, құқығыңды біл!

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен кәсіпкерлік саласының өңірдегі ахуалы қаралған жиын өтті. «Бірыңғай есеп беру күні» деп аталған шараға жергілікті атқарушы органдар, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ сала мамандары, кәсіпкерлер және журналистер қатысты. 

Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған басқосуды өткізудегі мақсат — кәсіпкерлер мен ұйымдардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды саладағы жаңашылдықтармен таныстыру, сондай-ақ бағыт-бағдар беру. Шараның өтуіне мұрындық болғандар сол арқылы арадағы байланысты нығайтып, бизнес-қауымдастықтағы бірлікті бекіте түсуге ынталы екенін айтады.

— Қазіргі таңда облыста бизнесті жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің даму қарқыны жақсы көрсеткіштерге ие. Оған дәлел ретінде өңірдегі аталған нақтылы жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 58,8 мыңды құрағанын айтуға болады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, өсім бар. Ал бұл салада еңбек ететін азаматтар 142 мыңнан асады.

Жалпы, еліміз бойынша Ақтөбе облысының кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштері алдыңғы қатарды екені белгілі. Бұл қарқыннан түспеу үшін 2019-2020 жылдарға бизнесті дамытуға арналған жоспар жасақталды. Аталған құжатты дайындауда мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен кәсіпорындардың өкілдері мүшелікке енді.

Соңғы үш жылда облыста кәсіпті жүргізуді оңтайландыру үшін 24 реформа жүргізілді. Бүгінгідей жиын да осы саладағы қиындықтарды жеңіп, шынымен жұмыс істеймін деген іскер азаматтарды қолдау үшін ұйымдастырылып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Шара барысында Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметов, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Қамбаров, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, т.б. сөз алып, кәсіпкерлікті қолдау һәм қорғауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан демеу болатынын, айталық, келер жылдан шағын бизнес субъектілеріне үш жылға дейін бейберекет тексеріс жүргізілмейтінін мәлімдеген-ді. Осы орайда жиынға қатысқан екі тарап — қаржы ұйымдары мен кәсіпкерлер бұны жақсылыққа балап, «Бірыңғай есеп беру күні» сықылды шаралардың оң нәтижесі көп ұзамай байқалатынын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button