Жаңалықтар

25 отбасы марапатталды

Мерей

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Сұлтан» мейрамханасында Отбасы күніне арналған «Менің отбасым — менің мақтанышым» атты шара өтті.

Салтанатты шараға әр түрлі санат бойынша барлығы 25 отбасы қатысып, оларға облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның төрағасы Марат Тоқжановтың атынан арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.

Шараға келген отбасы мүшелерін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Бүгінгі шараға қоғамда, отбасында, қызметте белгілі бір жетістікке жетіп, өздерінің тәрбиелілігімен, әдет-ғұрпымен, үлгі-өнегесімен көзге түсіп, бала тәрбиелеп отырған отбасылар жиналып отыр. Отбасы күні облысымызда жыл сайын аталып өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты — еліміздегі үлгілі, белсенді отбасыларды қоғамға таныстыру, оларды өзгелерге үлгі ету.

Айта кету керек, біздің облыста жыл сайын 7 мыңға тарта отбасы құрылады. Өкінішке қарай, әр жыл сайын 2,5 мың неке бұзылады. Бұл — қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бүгінгі мерекеде сіздер сияқты үлгілі, ерекше ұстанымы бар отбасыларға құрмет көрсету — біздің міндетіміз. Бүгінгі шараға келіп отырған барлықтарыңызды облыс әкімінің атынан мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, — деді ол.

Айта кету керек, марапатталған отбасылардың арасында50 жыл отасқан, көпбалалы, жаңа отбасын құрған, мамандықтары бойынша ұрпақ сабақтастығын жалғастырған, сондай-ақ жетім балаларды бауырына басып,мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Шарада марапатталған отбасылардың бірі — Жәметовтер отбасы. Отағасы Әбілқайыр Жәметов 40 жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан. Отасқандарына 57 жыл толған үлгілі отбасы бүгінде 5 баладан 13 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.

Біз зайыбымыз екеуміз 1962 жылы үйлендік. Байғанин ауданында ұзақ жылдар еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шықтық. Қазір Ақтөбе қаласында тұрамыз. Балаларымыз әр салада қызмет жасайды. Немере-шөбере сүйіп, солардың қызығына тоймай, бақытты өмір сүріп келеміз. Бүгінгі шарада құрмет көрсетіп, марапаттап жатқан барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін, — дейді Ә.Жәметов.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button