Жаңалықтар

Тіл мен тілек

«Қазақ тілі» қоғамының 30 жылдығы аумағында ұйымның Ақтөбе қалалық филиалы үлкен жиын өткізуді жоспарлап отыр. Осы шара қарсаңында біз филиалдың төрағасы Роман Рахиевті сұхбаттасуға шақырғанбыз. 

— Қоғамның құрылғанына отыз жыл деп жатырмыз. Осы кезеңде атқарылған жұмыстарға жалпы сипаттама бере кетсеңіз.

—  Бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде облысымызда, қаламызда мемлекеттік тілімізді насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру, т.б. мәселелерді атқару ісінде қоғам мүшелері белсенділік танытып, көптеген игілікті жұмыстар жасады.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымы өз жұмысын қоғамдық бірлестіктің құрылтайда бекітілген Жарғысына сәйкес Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы негізгі заң актілерін басшылыққа ала отырып орындайды. Қоғам ресми құзырлы мекеме емес, тек қоғамдық бақылау, қоғамдық пікір тудыру секілді істермен айналысады. Сонымен қатар  тіл мәселесінің күн тәртібінен түспеуін назарда ұстап, үзбей қозғау салып отырады.

Сонымен қатар мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуде жұмыс істеуде.

Бүгінгі күні Ақтөбе қалалық ұйымы құрамында 140 бастауыш ұйым, 64 844 мүшесі бар, ірі қоғамдық бірлестік болып саналады. Ақтөбе облысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салып, ұйымдастырған белігілі ғалым, біртуар азамат Мұхтар Арынов болатын. Ал қаламыздағы алғашқы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Марат Мырзағұлов еді. Сол кездегі қоғамды құрып, ұйымдастыру, оның жұмысын жолға қою қиындықтарын қазіргі уақыттағы ахуалмен салыстыруға болмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы халықтың, ел азаматтарының отанға деген, тілге деген сүйіспеншілігін, махаббатын, ынта-жігерін, ықыласын айтып жеткізу қиын. Қоғамды алғашқы ұйымдастыру кезінде жоғарыда аталған Мұхтар, Марат ағаларымызбен қатар белсене жұмыс атқарған Қайырбай Мұғалұлы,  Келдібай Еспағанбетұлы, Аманғали Сәтер, Муапих Боранқұлов сияқты азаматтарды айтпай кетуге болмайды. Сонымен қатар қоғам  жұмысына тікелей араласып, өз мүмкіндіктеріне қарай көмектерін берген тіл жанашырлары — ардагер ағаларымыз Ниетжан Берікұлы, Нұқы Қартбайұлы, Әбдіраш Есмахан, Нағашыбай Ижанұлы, Несібелі Сақтағанқызы, Нұрбәтіс Тобабағылова, Зоя Бралова,  Қуаныш Қонтай, Әлия Бисенғазина, Есен Өтешұлы сияқты адамдардың есімдерін атап айтуға тиістіміз.

Өткен кезеңге бір сәт шегініс жасай кетейік. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын Ақтөбе қаласында мектепке баратын әр 100 қазақ баласының 23-і ғана өз тілінде білім алған. Балабақшалардағы қазақ топтары туралы сөз айтудың өзі ыңғайсыздау. Ал бүгінгі күні облыс орталығындағы қазақ мектептерінің саны отыз шақты болғанын, туған тілде тәлім беретін балабақша әр көше сайын дерлік кездесетінін айтсақ, соның бәрі маңдай термен, жүгіріспен келген жеңістер екені күмәнсіз.

— Қай істің де бастауы оңайға соқпайтыны белгілі. Біздіңше, қазіргі тұста салыстырмалы түрде айтқанда, көп шаруалар тындырылып, біраз олқылықтарымыздың орны толып, ілгері қадам баса бастаған секілдіміз.

— Шүкір деуге болады. 2018 жылы қоғам жұмысының белсенділігін арттырып, насихаттау мақсатында оннан астам қала мектептерінде болып, ұжым мүшелерімен, оқушылармен кездесулер, сұхбаттасу жиындары өткізілді. Сүйікті қаламыз Ақтөбенің 150 жылдығына,  Жастар жылына арналған іс-шараларға белсене араласамыз. Қала мектептеріне Ш.Құдайбердіұлы, Ұ.Құлымбетов, Ж.Ташенов, Б.Момышұлы және М.Арын сияқты Алаштың арда ұлдарының есімі берілген кездесулерге қатыстық. Ондаған қала мекемелері мен емдеу орындарында кездесулер өткізілді, қоғамның бастауыш ұйымдары ашылды. Олардың қатарында облыстық  патологиялық-анатомиялық бюро, «Шағала» балалар шипажайы, отбасылық медицина орталығы, Ақтөбе обаға қарсы станциясы, Медикус-орталығы, отбасылық медицина клиникасы, кеңес беру-диагностикалық орталығы секілді мекемелер бар.

Сонымен қатар соңғы жылдары пайдалануға берілген қаладағы №67, №69, №70, №73 мектептерде де осындай ұйымдар жұмыс істеуде. Биылғы Жастар жылында жастарымызды отан сүюге, патриоттыққа тәрбиелеу және ана тілімізге деген сүйіспеншілігін арттыру, мемлекеттік жастар саясатын насихаттау мақсатында қала жастары арасында «Ана тілім — тұғырым» атты байқау өткізілді.  Байқауға 29 жас ақын қатысты. Үстіміздегі жылдың қазан айында Жастар жылына, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  30 жылдық мерекесіне арнап «Қазақ елі —құтты мекенім» тақырыбында қаламыздың өзге ұлтты, отыз жасқа дейінгі жастары арасында байқау өткізгелі отырмыз. Бұл жөнінде жоғары және орта оқу орындарының басшыларына, облыстық жастар мәселелері басқармасына, қалалық білім бөліміне, емдеу мекемелерінің басшыларына арнайы хаттар жолданды.  Бұл шараға қаладағы тіл жанашырлары, қолдау көрсетіп, белсенділік танытады деген сенімдемін.

— Біздіңше, қоғам атқаратын жұмыстарды бірыңғай тіл төңірегінде шектеп қалып отырмаған секілдісіздер. Осы жағынан ойыңызды тарқатып айтсаңыз.

— Шынында да солай. Қазір халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қалалық филиалы бөлмесінде интернет жүйесі жұмыс істейді, электрондық байланыс қосылды, сайттарға шығу мүмкіндігіміз бар, яғни  істелген жұмыстарды, алдағы міндеттерді айтып, мемлекеттік тілімізді насихаттап, мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтіп атқарылатын жұмыстарды сайттарға беріп тұрудың  маңызы зор деп есептеймін.

Қазақ тілі 2025 жылы латын қарпіне көшірілуі керек.  Бұл ұйғарымды халық та, зиялы қауым да қолдайды. Латын қарпіне талпыныс алғаш 1993 жылы жасалды. Осы жылы Анкара қаласында Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Түркия елдерінің ғалымдары бас қосып, бүкіл Түркі жұртына ортақ 34 әріптен тұратын үлгі қабылдады. Осыдан соң қазақтың тіл мамандары осы үлгі төңірегінде қызу жұмыстар атқарып,  қазақ нұсқасы әзірленді. 2013 жылға дейін осындай жүзден астам жоба дайындалды. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында латын графикасына көшу мәселесін зерттеуді тапсырды. 2013 жылы Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті Республикалық ғылыми конференциясында да латын қарпіне көшу талқыланды. Басты міндет — еліміз 2025 жылы латын қарпіне толық көшкенде, осыған дейін жазылған және жасалған әдеби, ғылыми, т.б. мұраларды кириллицадан жаңа әліппеге түсіріп үлгеру. Бұлай болмаса, ұрпақтар арасындағы дәстүрлі рухани-мәдени сабақтастық белгісіз мерзімге үзіледі. Ал мұны сәтті, нәтижелі жүзеге асыру үшін біз түбегейлі қолданылатын латын қарпіндегі графиканы мүмкіндігінше қысқа уақытта қабылдауға тиіспіз. Біздердің алдағы уақытта жүргізетін жұмыстарымыздың бір парасы осы ыңғайда өрбімекші.

Тағы да бір айта кететін жай, қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының, басылымдардың маңыздылығын естен шығармағанымыз жөн, халықтың тыңдайтыны, берілетін хабарлар, теле-радио ақпараттары, ғаламтор желісіндегі өзге тілде берілетін мәліметтер негізінен басқа тілде берілетінін, ал тыңдаушылардың, тұрғындардың дені жастар екенін көп жағдайда ойлана бермейміз. Сондай-ақ отандық телеарналарда мемлекеттік тілдің 50 пайыздық үлесі қатаң ескерілуі керек.

Әдетте туған тіліміздің мәртебесін көтеруге байланысты жұртшылық тарапынан сын аз айтылмайды. Өкінішке қарай, сол сын айтушылар «осы іске мен қандай үлес қостым?» деп ойланып көрді ме екен? Егер әрбір азамат тілек айтумен бірге, тікелей іс-қимыл да жасайтын болса, бұдан да жоғары биіктерге қол жеткізген болар едік.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button