Басты жаңалықтар

Орталық базар оттан аман қалды

Өйткені арнайы тактикалық оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласындағы орталық базарда және оған жақын орналасқан нысандарда ірі көлемді өртке азаматтық қорғау құрылымдарының дайындығын тексеру шеңберінде барлық шұғыл қызметтердің қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.

Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Сыздықов, өрт сөндіру қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дамир Ермағамбетов қатысты.

Алдын ала жасалған сценарий бойынша жылыту маусымына дайындық кезінде ет павильонының жұмысшылары сауда павильонының тоңазытқыш жабдықтары бөлмесінде дәнекерлеу жұмыстарын жүргізді. Шартты өрт сауда павильонының бірінші қабатында орын алып, екінші қабатқа және ғимараттың шатырына тез таралды. Сауда павильонының қауіпсіздік қызметі келушілерді және қызмет көрсетуші қызметкерлерді эвакуациялауды, ғимаратты токтан ажыратуды, сөндіру құралдарымен өртті сөндіруді ұйымдастырды. Қауіпсіздік қызметінің іс-қимылының арқасында нысаннан 1000-нан астам адам шығарылды.

Бірақ қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің іс-әрекетіне қарамастан, өрт салдарынан тоңазытқыш жүйесінің жұмыс істеуінің бұзылуы орын алып, ауаға  тұншықтыратын иісі бар түссіз газ — амиак шығады.

Бұған дейін синоптикалық жағдай мен ауа райының маңызды құбылыстарының болжамына сәйкес нақ осы 21 қыркүйек күні облыстың аумағында циклон өтуіне байланысты оңтүстік-батыс бағытта жел күшейіп, кей жерлерде секундына 30 метрге дейін күшейеді деп күтілуде болатын. Нәтижесінде қатты желдің салдарынан «Достық» сауда үйі мен әкімшілік ғимаратының шатырына жалынның ауысуы орын алды. Екінші қабаттағы асхана бөлмесінде газ баллондарының жарылысы болып, Уәлиханов көшесінде орналасқан павильонның шатырына және «Арай» сауда үйі қаптамасына от жалындары ауысты. Сонымен қатар электр сымдарының қысқа тұйықталу салдарынан «Астана» сауда үйі шатыры жанады.

Өрт сөндіру қызметінің бастығы Дамир Ермағамбетов үш сағат бойы өрт сөндіру жетекшісі ретінде өртті сөндіруді басқарды. Жалпы оқу-жаттығуға 300-ге жуық адам, №3 шақыру жоғары дәрежесі бойынша шақыртылған 15 өрт сөндіру-құтқару техникасы, апаттар медицинасы орталығының, жедел құтқару жасағының, жергілікті полиция қызметінің, тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінің, инженерлік қызметтің және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметтің 20 шақты арнайы автокөліктері қатысты. Өрт сөндіру штабы, алғашқы медициналық көмекке арналған шатырлы қалашық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бекеттері орналастырылды. Өрттің жалпы аумағы 1000 шаршы метрді қамтыды.

Шартты өрт қысқа мерзімде жойылды, зардап шеккендер құтқарылды және медициналық қызмет қызметкерлеріне жеткізілді. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды, қойылған тапсырмаларды барлық қызметтер орындады. Жаттығулар сәтті өтті.

 Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button