Жаңалықтар

Бағдар — әлеуметтік мәселелерді көбірек қамту

Сессия

Бүгінгі күннің маңызды мәселелерін қараған облыстық мәслихаттың  кезекті сессиясына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Сонымен бірге бұл жиынға облыстық қоғамдық кеңес мүшелері,  департамент, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың  мәслихат хатшылары шақырылды.

Депутаттардың қарауына  2018 жылғы 10 желтоқсандағы  «2019-2021 жылдарға арналған  облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізу ұсынысы қаралды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева  хабарлама жасап,  әлеуметтік көмек көрсету бағытына қосымша  574 000,0 мың теңге бөлу жоспарланғанын айтты.

Сессияда көтерілген екінші мәселе — Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 2019 жылдың  31 мамырында белгілеген жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау қағидаларына сәйкес, Ақтөбе облысындағы  бейіттерді күтіп-баптауға арналған ережені  бекіту. Осы мақсаттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин хабарлама жасады. Ол аталған мәселе бойынша шешімнің жобасы әзірленгенін айта келіп, онда елді мекендер аумағының, олардың құрылысының ерекшеліктері, сондай-ақ зираттарды күтіп ұстау ісі жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, тарихи-мәдени мұра нысандарын, діни мақсаттағы және табиғи ландшафтарды сақтау, зираттарды абаттандыру және күтіп ұстау жайы ескерілгендігін жеткізді.

Сессияда Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Аудан орталығына жақын  елдімекендерде  тұрғындар саны артып, керісінше шалғай ауылдарда халық саны төмендеген. Аудан басшысы тұрғындар саны 500-ге жетпейтін Шығырлы ауылдық округі мен 800-ден астам тұрғыны бар Ақсай ауылдық округтерін  біріктіруді ұсынды. Бұл өзгеріс  мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылдарға  газ, су тарту және  байланыс қызметтерінің  шешілуіне оңды  ықпал етеді. Халық қалаулыларының назарына сондай-ақ халық саны 16 мыңнан асатын Шұбарқұдық ауылдық округін екіге бөлу мәселесі ұсынылды. Жергілікті басқарушы органдардың басқару тиімділігін арттыру мақсатында Шұбарқұдық ауылынан Шұбарқұдық кәсіпшілігін және Жақсымай бекетін бөліп, жаңа округ ашу жоспарланып отыр.  Жаңа округ Жақсымай округі деп аталмақшы.

Депутаттар Тәттігүл Талаева, Светлана Айтбаева жиын барысында медициналық колледж жатақханасын салу, сондай-ақ автомобиль жолын төсеу мәселелері бойынша депутаттық сауалдарын жария етті.Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев депутаттар тарапынан қозғалған кейбір мәселелер мен сауалдарға байланысты түсінік берді.

Сессияда сөз алған облыс әкімі «Мемлекет басшысының әлеуметтік жағдайды жақсартуға арналған  тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында  өңірде  көптеген жұмыстар атқарылуда, нақтыланған  бюджеттің басым бөлігі осы әлеуметтік мәселені шешуге бағытталып отыр», — деп атап көрсетті.

Жиында бұған дейін облыстық тексеру комиссиясының мүшесі болып қызмет атқарған, ұзақ жыл облыстың қаржы саласында, басқару жүйесінде еңбек еткен Қуантқан Әлімовке зейнет демалысына шығуына байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button