Ақтөбе — 95

Медицина мамандары қабылдады

«Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына байланысты осы басылымның Байғанин  ауданындағы күндері өтті. Мерекелік шарадан облыстың дәрігерлері де қалыс қалмады.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлары мен білікті дәрігерлері аудандық ауруханада жергілікті тұрғындарды қабылдады. Ауданнан шыққан дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, университеттің проректоры Талғар Әбілов қара шаңырақ  — «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы бәрімізге ортақ мереке екенін айтты.

— Газеттің мерейтойы «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқандықтан, осы өңірден шыққан азаматтар елге келіп, қолымыздан келгенше көмегімізді көрсетуге тырыстық. Аудандық аурухананың бас дәрігерімен сөйлесіп, қандай маман қажет екенін сұрадым. Университеттің білікті мамандарының басын қосып, елге алып келдім. Өзім осы ауданның Ноғайты ауылынанмын. Сол жерде мектеп бітіріп, медициналық университетке оқуға түстім. Елге жиі келуге мүмкіндік болмаса да қолымыздан келген көмекті аяп қалғанымыз жоқ, — деді ол.

Байғанин ауданының түлегі, университеттің профессоры, кардиолог дәрігері Бекболат Жолдин, медицина ғылымының кандидаты, доцент, гепотолог Мейрамбек Құрманғазин бастаған лор, эндокринолог дәрігерлер кеңес берді. Ал облыстың туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігер, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Тәтімов бастаған рентгенолог мамандар үш күн бойы аудан тұрғындарын тексеруден өткізді. Флюорография қондырғысы бар жылжымалы кешенде алғашқы екі күнде 152 адам тексерілді.

Байқағаным —  тұрғындар ауруын асқындырып алғанша жүре береді. Қабылдауыма келген бір кісі жүрек ауруына шалдыққан, қан тамырлары бітеліп тұр. Облысқа жолдама бердік. Екінші бір тұрғынның екі тізесі бастырмайды. Оны ортопед дәрігерге қаратуды өз мойныма алдым. Әрине, барлығы кепілдендірілген медициналық көмектің аясында жүреді. Біздің міндетіміз — көмекті дер кезінде алуға жағдай жасау, — деген бас дәрігер дүйсенбіден бастап жылжылмалы кешен ауданның Алтай, Жарлы, Жарқамыс ауылдарын аралайтынын айтты.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Абзалбек Иманбаевтың айтуынша, профессорлардың қабылдауына есепте тұрған тұрғындар шақырылған. Таңертеңнен түске дейін 100-ге жуық адам дәрігерлердің кеңесін алды. Біріне облысқа жолдама берілсе, екіншісіне арнайы ем жазып берді. Соңғы үш жылда бауыр ауруына шалдыққан Амангелді Қонбаев алғаш рет облыстан келген дәрігерге қаралыпты.

Қаладан мықты маман келеді деген соң таңертең осы жерге келдім. Гепатолог қарап, арнайы ем жазып берді, кеңесін айтты. Риза болдым. Шалғай ауданға келіп, көмек берген ақ халатты жандарға алғысым шексіз. Осындай шараны жиі ұйымдастырып тұрса, халық игілігін көрер еді, — деді ағынан жарылып ол.

Газеттің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған осындай игі іске аудан тұрғындары ризашылығын білдірді.

95 адам газетке жазылды

 «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына арналған салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінде өтті.

Фойеде «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» деген атаумен көрме ұйымдастырылып, 95 жылдық тарихтың жәдігерлері жұртшылыққа ұсынылды. Аудандық  «Қазпошта» бөлімінің  қызметкерлері газетке жазылу жүргізді. Бір күнде 95 адам газетке жазылды.

Салтанатты шараны сазгер Орал Байсеңгір жүргізді.  «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жиналғандарды газеттің мерейтойымен құттықтап, басылымның тарихына қысқаша тоқталды.

— Ең алғашқы сапарды Жем-Сағыз өңірінен бастадық. Кейін өзге аудандарда  жалғастырмақпыз.  Байғанин өңірінде көзден кетсе де көңілден кетпейтін тұлғалар баршылық. Оларға құрмет көрсетіп, аудандағы оқырмандармен жүздесу біз үшін үлкен мәртебе, — деді медиахолдинг директоры.

Жиында аудан әкімі Қайрат Отаров басылым ұжымы мен жұртшылықты құттықтады.

Сондай-ақ аудан азаматтары «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің сыйлықтарымен марапатталды. Білікті педагог Н. Қорбин атындағы сыйлықпен Қарауылкелді орта мектебінің мұғалімі А.Сәуірбаев, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған

С.Аманғосов атындағы сыйлықпен «Нұржан» шаруа қожалығының басшысы М.Ермеков марапатталса, мемлекеттік қоғам қайраткері М.Тәжіғұлов атындағы сыйлық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә.Жеткізгеновке, ғалым-дәрігер Қ.Дүйсенов атындағы сыйлық аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары С.Әділхановқа тапсырылды. Қ.Жазықов атындағы орта мектептің директоры Флюра Қазиева партия, комсомол ардагері

Қ.Баймағамбетова, ал Т.Жармағамбетов атындағы мектептің мұғалімі А.Молыбаева осы талантты жазушы атындағы сыйлықпен марапатталды.  Баспасөз ардагері Т.Құлынбаевқа көрнекті ақын Е.Дүйсенбаев атындағы, ал «Жем-Сағыз» газетінің тілшісі А.Қасымға белгілі журналист И.Сұлтанов атындағы сыйлық табыс етілді.

Сондай-ақ газеттің жанашыр оқырмандары да ескерусіз қалған жоқ. Жасы тоқсаннан асқан Аққожаш Қасым әже мен Бөрібай Сисен, Қанат Қойшығұлова «Белсенді жазылушы» номинациясы бойынша арнайы сыйлыққа ие болды. Білім саласының ардагері, тарихшы, өлкетанушы Ш.Адаев  «Білім және ғылымға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісімен, ал газет оқырманы, статистика саласының ардагері И.Қоштанбеков  «Сауап» медалімен марапатталды.  Сондай-ақ №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясының мұғалімі С.Өтеталиева мен Қопа орта мектебінің мұғалімі Н.Мұрынбаева білім саласындағы еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.  Жиында  «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин аудан жастарына арнайы сыйлықтар табыс етті.

Көп жылдан астам уақыт газеттің тұрақты оқырманы болған Қ.Қойшығұлова ыстық ықыласын білдірді.

«Ақтөбе» газетін ес білгелі оқып келемін. Бала кезімде ата-анам жаздырып алатын. Ол уақытта «Коммунизм жолы» аталды. Бірде-бір рет газет алмаған кезіміз болған жоқ. Кейін өзім жаздырып алатын болдым. Әр санын үзбей қараймын. Алдымен өзіміздің аудан туралы жаңалықтарды шолып өтемін. Ұстаз болғандықтан білім саласына қатысты жазбаларды жинап жүремін. Ал бүгін ең алғашқы болып газетке жазылдым. Менің газетке деген құрметім еленіп, арнайы сыйлықпен марапатталдым. Алғысым шексіз! Газеттің оқырманы көп болсын, — деді ол.

Шарада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның күйшісі Ж.Асылханов және әншілер М.Әйтімов,  Г.Бөрібасова, Ә.Күзенбаев, Ж.Нұрқасымова ән мен күйден шашу шашты. Шараның соңында О.Байсеңгір «Байғанин маршы» әнін орындады.   

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button