Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді

2026 жылғы 04 ақпан

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті тұрғысынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс түйіскен тұста тиімді орналасқан. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру жөніндегі Бірлескен декларацияға қол қойылғанын атап өтті. Бұл қадам бауырластық байланыстарды толық айқындап, екі елдің барлық бағыт бойынша ықпалдастықты ұдайы кеңейтуге бейіл екенін байқатады.

Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістан тарапының өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар қорытындысы қос халықтың өркендеуі жолында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.


.jpg)



