Басты жаңалықтар

КЕҢҚИЯҚ МҰНАЙЫНА — 60 ЖЫЛ: ЗОР ЕҢБЕК ПЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАБЫС ТАРИХЫ

Биыл Кеңқияқ мұнайының өндіріле бастағанына 60 жыл толады. Бұл Ақтөбе облысының экономикалық әлеуетін түбегейлі өзгертті және Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуындағы маңызды жаңалық болды. Осы стратегиялық жетістіктің артында тұрған адамдар тағдыры, инженерлік серпілістер, жел өтіндегі жанқиярлық еңбек пен табысқа деген сенімнің арқасында Кеңқияқ еңбектегі ерлік пен кәсіпке деген құрметтің символына айналды.

Бәрі басталған күн

1966 жылғы желтоқсан Кеңқияқ мұнайының шежіресіне мәңгілікке жазылды. Қыс айы қаһарына мініп, жел азынап тұрғанда мұнайшылар, құрылысшылар, электриктер мен бұрғылаушылар алғашқы ұңғымаларды іске қосуға дайындалды. Олар жұмысына қарай шешуші нәтижені тағатсыздана күткен уақыт еді. «Жапан далаға жан-жақтан келгенімізде станоктар қалтқысыз жұмыс істер ма, мұнай шығар ме екен?» деген ойда болдық, деп еске алады сол күндердің куәгерлері.

17 желтоқсан күні таңертең көптен күткен сәт болды. Мұнай ағыны құбырлар бойымен көтеріле бастағанда мұнайшылардың «Келе жатыр!» деген айқайы дизельді қозғалтқыштар гүрілінің дауысынан басым шықты. Дәл осы сәтте «Кеңқияқ» мұнай кәсіпшілігі «дүниеге келді».

Бірінші сөз — кәсіпшілік басшысында

Салтанатты түрде қызыл лентаны қию құрметі «Кеңқияқ» мұнай кәсіпшілігінің бірінші басшысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы Иван Качараваға берілді. Сол есте қаларлық күнде ол алда тұрған жауапкершілікке тоқталды.

— Пайдалану тобы әлі де толық құрамда емес. Соған қарамастан, біз енді өнеркәсіптік мұнай өндіруді бастаймыз. Келесі жылдың басына дейін біз мың тонна бағалы шикізат өндіріп, тағы 24 ұңғыманы іске қосамыз, — деп атап көрсетті И.Качарава.

Оның сөзі жаңа кәсіпорнын кезең-кезеңімен ірі мұнай өндіруші кәсіпорынға айналдырған бүкіл ұжым үшін өзіндік іс-қимыл жоспарына айналды.

Мұнайға дейін: күмән мен үміт жылдары

Бұл ғайыптан болған іс емес. Осыған дейінгі ондаған жыл аралығында іздену, қателесу, тіпті түңілген уақыттар да болды.

Сонау 1912 жылы Орал-Ембі аймағына Ресей геологиялық комитеті экспедиция жіберді. Геологтар бұл жердің астында байлық жатқанын сезді. Жергілікті тұрғындар мұнай туралы бұрыннан білетін, оны жанар-жағармай ретінде пайдаланған. Бірақ оның өзі нақты дәлел бола алмайды.

1930 жылдардың басында Шұбарқұдық пен Жақсымайдың ашылуы ынталандырды. Бірақ кейінгі жылдар сәтсіздікке соқтырды. «Ақтөбе мұнай барлау» тресі бұрғылау жұмысын жүргізді, тәуекелге барды, бірақ көбіне газ немесе кәсіпшілік емес кен орындарына ұшыраса берді. Техника, терең бұрғылау тәжірибесі мен технологиясы жетіспеді.

1959 жылы жағдай күрт өзгерді. Іздестіру жұмыстары тоқтағалы тұрғанда Кеңқияққа геология-минералогия ғылымдарының докторы Петр Авров келді. Ол күдік пен күмәнді қойып, қосымша бұрғылауды талап етті. Оның түйсігі қателеспеді.

1959 жылғы маусым айында Мыңжасар Шерниязовтың бригадасы Темір өзені маңындағы №17 ұңғыманы бұрғылауға кірісті. Ал тамыз айында №34 ұңғымадан мұнайлы құм алынды. Сынақ нәтижесінде тәулігіне 50 текше метр өндіретін мұнай бұрқағы пайда болды. Сапасы жағынан жеңіл, майлы, Доссор өнімімен теңдес еді.

Мұнай кәсіпшілігі

1966 жылғы 22 наурызда «Ембімұнай» бірлестігінің бұйрығымен «Кеңқияқмұнай» мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды. Оның басшысы болып тәжірибелі, принципшіл мұнайшы Иван Качарава тағайындалды.

Жаз айында Ізімберген Санжановтың алғашқы бұрғылау бригадасы жұмысшылар қалашығының уығын шанышты. 100-ұңғыманы бұрғылау басталды. «Саратовмұнайгазқұрылысының» құрылысшылары келіп, жүк көліктер колоннасы құрылды, техника келе бастады. Барлығы да, тұрғын үй, электр стансасы, жол, құбыр, су қоймаларын салу тыңнан басталды. Олар аязға, шаңды дауылдарға және материалдардың тапшылығына қарамастан жұмыс істеді. Соның өзінде, 1966 жылғы 19 желтоқсанда №100-ұңғыма пайдалануға берілді. Кеңқияқ мұнайын өнеркәсіптік өндіру басталды.

Алғашқы жылдың аяғында 1414 тонна мұнай өндірілді. Қырық үш ұңғыма іске қосылды. Шұбарқұдық, Жақсымай және Кеңқияқ арасында байланыс орнады. Ал 1967 жылы мұнай Кеңқияқ-Орск құбыры арқылы жіберілді.

Алғашқылардың еңбектегі ерлігі

Кеңқияқты игеру нағыз төзімділіктің сынағы болды. Теміржолдың шалғайлығы, техниканың, баспананың, материалдардың жетіспеушілігі мұнайшылардан жанқиярлық еңбекті талап етті.

Бульдозерші Н.Галеев өнеркәсіптік тау-кен жұмыстары басталғаннан кейінгі жылдарды былай деп еске алады:

— Ол кезде техника да, баспана да жоқ. Алдымызда ұлан-ғайыр жұмыс бар еді… Әрине, күнделікті тұрмыста да, жұмыста да қиындықтар болды. Онсыз бола ма?! Жігіттер барлық қиындықты түсініп, ешқандай шағынбай еңбек етті.

Бригадир Ю.Шаламов құрылыстың алғашқы күндерін ойлады:

— Қазір Кеңқияқ мұнайы құбырлар арқылы жіберіліп жатқанда, алғашқы қазық қаққан күндер еске түседі. Өңменіңнен өтетін суық жел соққанда құм аралас қар суырып тұратын. Құбырдың әрбір метрі, әрбір іргетас, әрбір ұңғыма орасан зор күш-жігердің арқасында дүниеге келді.

Жаңа дәуір және тұрақты болашақ

1997 жылдан бастап кен орнын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы Қытай ұлттық мұнай корпорациясымен бірлесіп игеріп келеді. Бұл уақыттағы кең ауқымды жаңғырту, қосымша барлау және тұзасты кен орындарын игеру кезеңінде Кеңқияқ мұнайының қызмет ету мерзімін едәуір ұзартты. Бүгінде Кеңқияқтың құрамында екі ірі кен орны, мыңдаған шақырым бұрғыланған жер қойнауы, миллиондаған тонна өндірілген шикізат және мұнайшы-ізашарлардың ісін жалғастырып жатқан жүздеген кәсіпқой маман бар.

Мерейтой. Даңқ және таным мен бірлік

Мерейтой тақырыбының жалғасы ретінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Кеңқияқ мұнайын өндірудің 60 жылдығына орай жыл бойына түрлі іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Компания мұнайшылары мұндай маңызды тарихи оқиға өңірдің корпоративтік және қоғамдық өмірінің бір бөлігіне айналатынын жақсы біледі. Іс-шаралар кен орнының қалыптасу тарихына, күрделі жұмыстың бастауында тұрған тұлғаларға, сондай-ақ алдыңғы буынның даңқты дәстүрлерін жалғастырушы сала еңбеккерлерінің қазіргі ұрпақтарының заманауи жетістіктеріне арналады. Мерейтой аясында Кеңқияқ мұнай кен орнының ашылуы және оның дамуы, әр жылдардағы көмірсутегін өндірудің маңызды сатылары, инженерлік қызмет жөнінде баяндайтын арнайы материалдар жарияланады. Бүкіл өмірін мұнай-газ саласына арнаған, Кеңқияқ пен бүкіл саланың дамуына өзіндік үлес қосқан алғашқылар мен замандастарға ерекше көңіл бөлінетін болады. Мұнайшылар осы еңбек ерлерін ұлықтау мақсатында мерекелік жиындар өткізеді.

Кеңқияқ мұнайының мерейтойы салтанатты отырыс қана емес, сонымен бірге ұрпақтар сабақтастығын, тарихқа құрметті және Қазақстанның батысында негізгі мұнай өндіру орталықтарының бірі ретіндегі Кеңқияқтың орнын тағы бір мәрте көрсетуге мүмкіндік береді.

60 жыл еске алу, жауапкершілік және мақтаныш

Кеңқияқ мұнайының мерейтойы жай ғана дата емес, сонымен бірге аяз бен боранға қарамастан алдағы күндерге сеніп, тарихты өз қолымен жасағандарды есте қалдыруға мүмкіндік береді.

Әзірбайжан индустриалды институтының түлегі Иван Качарава «Кеңқияқмұнай» кәсіпорнының бірінші басшысы болып қана қоймай, осы кәсіпшілікпен бірге өмір сүрді. Тіпті оған басқа лауазымдық қызметтерді ұсынған кезде де өз орнын жастарға беріп, өзі осы жерде қала берді.

Ізімберген Санжанов өнеркәсіптік өндірістің алғашқы жылдарында мұнайшылардың алдынан шыққан өндірістік процестерді қалыптастыруға, ұжым жұмысын жолға қоюға, күрделі техникалық және ұйымдастыру мәселелерін шешуге тікелей қатысты.

Жеңіс Сейітпағамбетов Кеңқияқ мұнай кенішін дамытуға ерекше үлес қосып, мұнай өндіруші оператордан бастап, саланың басшылығына дейінгі жолдан өтті. Оның іс-тәжірибесі, инженерлік ой-өрісі, ғылыми көзқарасы мұнай кен орындарын игерудің тиімді технологияларын енгізуге, өндірістік процестерді жетілдіруге және Кеңқияқ байлығын тұрақты игеруге ықпал етті.

Облыстағы жетекші геологтардың бірі ретінде Кеңқияқ мұнай кәсіпшілігін ашып, кейіннен оны игеруде «Ақтөбемұнайбарлау» тресінің бас геологі Зинулла Бөлекбаевтың үлесі айрықша. Ол 1964 жылы бекітілген Кеңқияқ мұнай қорының сметалық есебін дайындап, сол кездегі тұзды күмбезді құрылыстар арасында кен орнының бірегей үлкен қорын тұжырымдап берді. Оның геологиялық басшылығымен Кеңқияқты өнеркәсіптік игерудің ғылыми-өндірістік негіздері қаланды. З.Бөлекбаевтың идеялары мен болжамдары кейіннен кен орнындағы тұзға дейінгі палеозой шөгінділерінің өнімділігін дәлелдеді.

Осы кен орнында жиырма жылдан астам еңбек еткен Өтесін Жоланов алғашқы жылдары электр қуатына, жұмыс күшіне үнемі тапшылық болғанын, саланың өзегі сол кезде қалыптасқанын еске алды.

Ұжымы үздік деп танылған, ондаған маманның тәлімгері Мерген Алпанов шеберлік пен күш-жігер дәрежеге ғана байланысты емес екенін ісімен көрсетті.

Алғашқы мұнай бұрқағының бастауында өзінің қайтпас қайсарлығымен барлаушы-геолог Мыңжасар Шерниязов тұрды.

Міне, осындай алдыңғы қатарлы мұнайшылардың қатарында геологтар, бұрғылаушылар, бульдозершілер, кран машинистері, бригадирлер, экскаваторшылар және солармен қарайлас мамандаран құралған жүздеген адам болды. Олардың барлығы да Кеңқияқ мұнайының келешегіне сенген білікті мамандар еді.

Кеңқияқ кен орны жұмыс істеген 60 жыл ішінде компанияның мамандары, технологиялары, меншік иелері мен акционерлері өзгерді. Бірақ бұл өндіріс орнының мәні мен маңызы ондаған жыл бойы жоғалған жоқ. 1966 жылғы желтоқсанның аязды таңында алғаш сыздықтап қана аққан алғашқы мұнай тасқыны еселей түсті. Даланың жомарттығына сенген ел-жұрттың үміті ақталды. Адамдардың еңбегіне қарай жер өз нәрін берді.

Антон ПЕРЕЖОГИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button