Жаңалықтар

Жазғы маусымның есебі

Брифинг

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде суға түсу маусымының қорытындысы  талқыланған баспасөз жиыны өтті.

Күз айы келіп, су температурасының төмендеуіне байланысты төтенше жағдайлар департаменті 1 қыркүйектен бастап суға шомылу маусымының жабылуы туралы хабарлаған болатын. Жалпы биылғы жаз маусымында облыс бойынша — 12 коммерциялық, аудандарда — 39 коммуналдық, жалпы саны 51 жағажай тұрғындардың алаңсыз демалысы үшін қызмет еткен. ТЖД Құтқару станцияларының жауапты аймақтарына келушілердің барлығы үшін ақылы демалысқа балама ретінде ақысыз түрде Ақтөбе су қоймасында «Балдәурен» және Елек өзенінде «Шаттық» ведомстволық жағажайлары жұмыс жасады. Шараның нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы суға шомылушылар арасында өлім саны азайған. Жыл басынан бері 715 адам судан құтқарылған. Оның 182-сі—балалар. Облыс аумағындағы су айдындарында 13 жазатайым оқиға орын алып, 15 адам қаза болған. Оның ішінде 9 адам суға түсу кезінде көз жұмған. Адамдардың қазасы тек суға түсуге тыйым салынған жерлерде ғана емес, өзінің объектілік құтқарушылары бар жеке жағажай аумағында да тіркелген. Ал басқа жағдайларда қателікке ұрыну себептері: белгіленбеген жерде суға түсу, суға құлау салдарынан болған оқыс оқиға, балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыруы және жүзе білмеу.Статистикалық мәліметтер бойынша суға түсу кезінде қаза болғандардың басым көпшілігі алкогольді ішімдікті шамадан тыс қолданған ересек адамдар. Облыс жағажайларында қауіпсіздікті сапалы ұйымдастыру, еріктілердің рейдтік іс-шараларын өткізу, мектептерде, жазғы демалыс орындарында, лагерьлерде ақпараттық алдын алу жұмыстарын жүргізу, балаларды бассейндер мен жағажайларда жүзуге жаппай үйрету, демалу кезінде тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары оң әсерін тигізіп, өлім санының азаюына ықпал еткен.

Биылғы демалыс уақытында 644 рейд және патрульдеу жұмыстары жүргізіліп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 364-бабы (жалпы су пайдалану ережелерін бұзу) және 440-бабы (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу) бойынша 245 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бекет АЙСҰЛТАН,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button