Жаңалықтар

Ақтөбеде қоқыс күндіз де, түнде де шығарылады

Бұл туралы кеше Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин айтты. Қала басшысы Маресьев көшесіндегі қоқыс жәшіктеріндегі қоқыстардың жиналып жатқанын қарап, орынбасары Жангелді Әубәкіровке қоқыс жинауға жауапты компаниялар тәулік бойы —  екі кезеңде жұмыс жасауы керектігін нықтап тапсырды.

Ақтөбе қаласында қоқыс шығаратын арнайы 3 компания жұмыс жасаған болатын. Соның бірі — «Таза Лайф» жеке кәсіпкерлігі кешеден бастап жұмысын тоқтатты. Екіншісі — №27 басқару компаниясы. Бұл компанияның қоқыс шығаратын мүмкіндігі аз. Ал үшіншісі, «Нео Плюс» ЖШС өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындап келеді.

  • «Таза Лайф» компаниясы Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің қоқысын тазартуға жауапты болған еді. Аталған көшелердегі келеңсіздіктің негізі осы компанияның жұмысын тоқтатудан туындады. Мұның бәрі уақытша қолайсыздық. Қазір біз қаладағы құрылыс компанияларының басшыларымен келісіп, 30 «Камаз» көлігін және 6 тиегіш техника алдық.

4-5 күннің ішінде жағдай реттеледі. Болған қолайсыздық үшін қала әкімдігі тарапынан қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз, — деді Мавр Абдуллин.

Қоқыс шығару мәселесін одан әрі күрделілендірмеу үшін «Нео Плюс» компаниясы «Таза Лайф» ЖК-не тиесілі болған аймақтың белгілі бір бөлігін тазартуды өз міндеттеріне алды. Бұлар — Тургенев көшесі, Абай даңғылы, Әбілқайыр хан даңғылы, Ә.Молдағұлова даңғылы, Құрашасай ауылы, Жаңақоныс, Оңтүстік-батыс елдімекендері.Қалған аймақтарда бұрын құрылған жедел штабтың техникалары жұмыс істеп жатыр.Алдағы уақытта бұл учаскелердегі жұмысты да«Нео Плюс» ЖШС өз мойнына алуы мүмкін. Қазір бұл компанияның басшылығымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, тамыз айына төлем шотын «Таза лайф» ЖК ұсынады. Ал қазан айында қызмет көрсететін жаңа компанияның реквизиттері көрсетілген түбіртек келеді. Алдын ала төленген қаржыны қайтару жөнінде «Таза лайф» ЖК-не хабарласу қажет.
Мәселенің себебі неде? Бұл туралы қала басшысы Мавр Абдуллин былай дейді:

  • Ақтөбеде қоқысты шығаруға арналған тариф — 104 теңге. Яғни, негізгі мәселе — тарифтің төмендігінен болып отыр. Халықтың біразы қоқыс үшін уақытында ақша төлемейтіндігі де кесірін тигізуде. Қоқыс шығару жөнінен еліміз бойынша ең төменгі тариф — біздің облысқа тиесілі. Тариф көтерілмесе, мәселе шешілмейді. Компаниялар шығындарын жаба алмай жатыр. Сол себепті, тариф мәселесін жыл аяғына дейін қалыпқа келтіреміз. Сол кезде қоқыс шығаруға жауапты компаниялардың барлығы жағдайларын түзейді. Бұрын «Таза қала» мемлекеттік компаниясы қоқыс шығаратын еді. Дегенмен, банкротқа ұшырауына байланысты қызметін тоқтатты. Бірақ қазір біз ол компанияны қалпына келтіру үшін қосымша қаражат қарастырып жатырмыз. Дегенмен, уақыт керек. Алдағы уақытта 2 ірі компания жұмыс жасайды деп жоспарлап отырмыз. Соның бірі — осы «Таза қала» компаниясы болса, екіншісі — «Нео плюс».

Мамандардың айтуынша, қала тұрғындарының барлығы бірдей төлем жасаса да, техниканың күтіміне және жұмысшылардың жалақысына қаражат жетпейді. Оның үстіне қала тұрғындарының 60 пайызы қоқыс шығаруға төлем жасамай отыр. Ал бұл қатты тұрмыстық қалдық шығаратын компаниялардың қаржылық жағдайына кері әсер етуде.

Ақтөбеде жәшіктердің маңына тастай салынған жаһаз, құрылыс материалдары да жетерлік. Ал мұндай қоқысты шығару тарифтің ішіне енгізілмеген, сондықтан компанияларға бұл даартық салмақ.

  • Қоқыс үшін бір жылға ақша төлеп қойдым. Біз міндетімізді орындап жатырмыз. Ал қоқыс шығаруға жауапты мекеме неге міндетін орындамайды? Бұдан бұрын қоқыс шығарумен айналысқан «Таза қала» компаниясының жұмысы тиянақты еді. Неше күннен бері қоқыстар шашылып жатыр. Қаланың ортасындағы үйде тұрамыз. Облыс орталығындағы жағдай осындай болса, шеткі көшелердің жағдайы қандай? Сабыр сақтармыз, бірақ бұлай жалғаса берсе, күні ертең-ақ үйімізді тышқандар мен тарақандар «жаулайды». Сонда не істейміз? — дейді қала тұрғыны Роза Қосаманова.

Стихиялық қоқыс мәселесімен күресуге жергілікті полиция қызметі де жұмылдырылды. Ақтөбенің абаттандыру ережесін бұзғандары үшін 40-тан астам хаттама толтырылыпты.
Жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр. 109, 909-605 (қалалық телефоннан) және 8778 746 33 33 (ұялы телефоннан) номерлері арқылы тұрғындардан тәулік бойы өтініштер қабылданып, соның негізінде де жұмыстар атқарылады.
Сонымен қатар тұрғындар aqtobe109@list.ru поштасынада хат жолдауларына болады. Онда қоқыс жәшіктерінің маңындағы көлемі үлкен қоқыстарды суретке түсіріп, нақты мекенжайы мен уақыты көрсетілгені жөн. Мұндай жағдайда қоқыс лақтырушыға тиісті шаралар қолданылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button