Жаңалықтар

Ластану деңгейі қалай азаяды?

Экология

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдіктерге жұртшылықпен бірлесіп, аймақтардағы экологияны жақсартуға қатысты кешенді жоспар әзірлеп, оны жүзеге асыруға тапсырма берген болатын.  Қазіргі кезде облыстың экология департаменті табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірге Ақтөбе облысының экологиялық дамуының кешенді бағдарламасының жобасын жасақтап жатыр. Дайын болған жоба жұртшылықтың талқысына салынады.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе туралы айтылды.

Экологияның ластануы — ақтөбеліктер үшін ең маңызды мәселелердің қатарында.Қ.Бекеновтің берген дерегіне сүйенсек, жыл сайын ауаға 180 мың тоннаға жуық ластайтын зат жіберіледі екен. Ластану деңгейі жыл сайын шамамен 4,5 пайызға азайып келе жатқан көрінеді.

—  Заманауи технологияларды қолдана отырып ластану деңгейін барынша азайтуымыз керек. Ауаға шығарылып жатқан зиянды заттардың 75 пайызы өңірдегі 25 ірі өнеркәсіп орындарының үлесіне тиеді. Біз осы ірі мекемелермен жұмыс істеуіміз керек. Тек құзырлы органдар ғана емес, бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдар да тартылады. Осы мақсатта 2025 жылға дейін экологияны жақсартуға бағытталған жоспар жасалады. Жоспарды бекітпес бұрын оны экология мәселесі толғандыратын көпшіліктің талқысына саламыз, ұсыныстардың барлығы ескерілетін болады.Ауаны ластап отырған ірі кәсіпорындармен қатар шағын және ұсақ кәсіпорындармен де жұмыс істейміз, кәріз жүйелеріне қатысты да жұмыстар жүргізіледі, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, бүгінде облыс әкімдігі мен аталған департамент мынадай кешенді мәселелердің шешімін табуы қажет. Олар — Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының жағдайын тұрақтандыру және жақсарту, төгілетін өнеркәсіп ағындарының көлемін азайту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін құру, бұрыннан келе жатқан ластану көздерін жою, қаладағы жасыл желектің ауаны қорғау рөлін арттыру, ағаш-талдарды қорғау, өсімін арттыру, атмосфералық ауаның мониторингі жүйесін жетілдіру.

— «Қазгидромет» мониторингтік станцияларының деректері бойынша, РМ-10, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, күкіртті сутегі сияқты ластаушы заттардың ауаға таралуы шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетіп отыр.

Ақтөбе қаласында ауаға жыл сайын 27 мың тонна зиянды заттар шығарылады. 231 мың тонна қалдық өнеркәсіп орындарының шаң-газтазартқыш жабдықтарынан шығарылып отыр. Қалдық шығарудың ұйымдастырылмаған көздері, автокөліктен шығатын зиянды заттар көлемі де өте көп. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының күл үйіндісі, 1 және 2-балқыту цехтарының, Ақтөбе рельс зауыты құрылыс индустрия кәсіпорнының  «ұйымдастырылмаған көздері» де қалдықты көп шығарып отыр. 2017 жылдан бастап  Ақтөбе қаласында күкірт диоксидінің шығарылу көлемі артып бара жатқаны байқалады. Департамент жүргізген сараптама нәтижесінде күкірт диоксидінің артуына Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 3-4 цехтарының қуаттылығының артуы себеп болып отырғаны анықталды, — деді экология департаментінің басшысы.

Ж.Иманқұлов өз баяндамасында өңірдегі ферроқорытпа зауытымен бірге басқа да бірқатар ірі кәсіпорындарға қатысты мәселелерді жария етті.

Жиын соңында облыстық әкімдік, экология департаменті және ірі кәсіпорындар басшылары облыста және қалада зиянды заттарды шығаруды азайту мәселелеріне қатысты үш жылға арналған өзарамеморандумға қол қойды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button