Жаңалықтар

Мұнайшылар күніне спорт мерекесі

Бізбіртұтас командамыз!

Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне тұспа-тұс келген Қазақстан мұнайшыларының 120 жылдық мерекесі қаламызда кең көлемде аталып өтті. 30 тамыз күні мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов пен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Вэй Юйсян арнайы қатысты.

Спартакиаданың туын өткен жылғы жеңімпаз команда «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы командасы алып шықты. Еліміздің көк туы көтеріліп, мемлекеттік әнұран ойналды.

Мұнайшылар қай уақытта да экономикамыздың күретамыры. Мұнайшылардың арқасында облысымызға құйылып жатқан қаржы тұрғындардың әл-әуқатын көтеруге үлкен септігін тигізеді. «Дені саудың — рухы сау» дегендей спорт адамға күш-жігер береді. Денсаулық сыйлайды. Спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді облыс әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов. Мұнайшылардың спорттық шараларға белсене араласуы үшін түрлі шаралар өткізіледі. Бұған жыл сайын Ақтөбе қаласында қоғамдық спортты дәріптеу мақсатында  әлемге танымал спорт жұлдыздары және қала тұрғындарының қатысуымен өтетін «Agtobe CNPC-AMG Half Marathon» жарысы дәлел. Биыл жарыс алғаш рет халықаралық және қайырымдылық статусын алып, 2,5 миллион теңге көлемінде қаражат жиналған. Төтенше жағдайда жапа шеккен Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде 50 миллион теңге қаражат бөлінді.

Мұнайшылардың ел тарихында алар орны ерекше. Бұл кәсіпті атадан балаға жалғап келе жатқан жанұялар бар. Олар осы саланың қыр-сырын толық меңгерген, білікті мамандар. Айталық, Көптілеуовтер отбасынан шыққан мұнайшылардың жұмыс өтілі 200 жылдан асады. Бүгінде осы әулеттен шыққан мұнайшылардың бірі — Болат Көптілеуов өндірістік-техникалық жұмыстарды үйлестіру департаментінің директоры. Білікті маман, тәжірибелі басшы.

Біз дәстүрлі спартакиаданы өткізу үшін компаниямыздың спорт алаңына жиналып отырмыз. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ кызметкерлерінің күні, кәсіби мерекеміз. Мен қызметкерлерге жақсы көңіл күйде жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін олардың денсаулығына қамқорлық жасау керектігін бұған дейін бірнеше рет айтқан болатынмын. Спартакиаданы өткізу осыған ықпал етеді, қызметкерлердің мәдени өмірін байытады, достықты нығайтады және командалық рухты көтереді. Бұл жарыс барлығын денешынықтырумен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Осы шараға тыным таппай дайындалып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген ұйымдастырушыларға, жарысқа қатысушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Вэй Юйсян.

Спартакиадаға қатысушы әр ұжымның облысымыздың тарихына қосқан  өзіндік үлестері зор. Жарыс алдында барлық қатысушы командалар таныстырылды.        «Кеңкияқ» мұнай-газ өндіру басқармасы —облыста алғаш мұнай-газ саласының мамандары шыққан орта. Кеңес үкіметінен бастап әлі күнге жұмысын жалғап келе жатқан мекемеде акионерлік қоғамның негізі қаланған.

Ал, Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешені — Ақтөбе облысы мен республиканың кейбір жерлерін сұйылтылған газ өнімдерімен қамтып отырған бірден-бір кен орны. Өндіріс ошағында 1560 адам жұмыс жасайды. Жыл сайын 50-ден астам мұнайшы үздік деп танылады. Кенжебай Шашақов, Валерий Калиниченко, Серік Абулбаевтар еліміздің әр түрлі мемлекеттік марапаттарына ие болды. Қазір бұл кешенде 20 жылдан астам үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан 307 қызметкер бар.

Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасы 1995 жылы құрылды. 2016 жылы өнімнен түскен пайда 373 миллиард 609 миллион теңге болса,2017 жылы 7 айында 240 миллиард 094 миллион теңгені құрады. Бұл ұжым шағын болғанына қарамастан спорттық шараларға белсене қатысып, үш жыл командалық есепте жүлделі үшінші орындарды алып жүр.

Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасы шағын футболдан акционерлік қоғамның екі дүркін жеңімпазы. 2015 жылы қыздар арасында өткен волейбол жарысының жеңімпазы атанған.

Міне, қоғамдық жұмыстар болсын, спорттық шаралар болсын, ұжымын алға сүйреп, мұнай саласында қалтқысыз қызмет етіп, жұмысын абыроймен атқарып жүргендерге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры ҚР Энергетика министрлігінің «Қазақстан мұнайына — 120 жыл» төсбелгісін тақты.

Облысымыздағы мұнай-газ саласында жүрген қызметкерлері арасындағы спартакиада  спорттың 12 түрі бойынша өтті. Футбол, волейбол, 60 метрден бастап 1000 метрге дейін жүгірумен қатар қол күрес, арқан тартыс, асық ату, тоғызқұмалақ  секілді ұлттық ойындар болды. 1000 метр қашықтыққа жүгіруде көзге түскен «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасының спортшысы Олжас Жақсылық ұжымның қолдауы, демеуі үлкен көмек болатынын айтады.

— Біздің кен өндіру орнындағы ауылда футбол алаңы бар. Күн сайын сонда жүгіреміз, ойнаймыз, дайындаламыз. Сонымен бірге тренажер залы біз үшін демалыс орны. Күн ұзақ ауыр жұмыстан шаршап келгенде осы спорт алаңдарына кіргенде шаршағаның басылып, демалып қаламыз, — дейді ол.

Бұл спартакиаданың ерекшелігі — жанұялық жарыстар бар. Жаңажол, Кеңқияқ, тағы басқа да кен орындарынан командалар келіп, барлығы 500-ден астам спортшы қатысты. Екі күнге созылған жарыстың нәтижесінде жалпы командалық есеп бойынша «Жаңажол» мұнай-газ өңдеу кешені 3-орынға ие болды. 2-орынды «Кеңқияқ» мұнай-газ өндіру басқармасы алса, 1-орынды биыл тағы да «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқарасының командасы алып, спартакиаданың екі мәрте жеңімпазы атанды.

Акционерлік қоғамның негізгі күретамыры болып саналатын «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында 40 адам — өндіріс үздігі болса, 6 адам — өндіріс озаттары. Ауызбіршілігі, татулығы мықты бұл ұжым қай шараға да белсенділік танытады.

Соңғы екі жылмен салыстырғанда қатысушылардың дайындығы мен ынтасына көңіл толады. Әр команданың бапкерлері өз құрамын жақсы дайындықпен әкелді. Спартакиаданың қызықты өтуіне жанкүйерлердің белсенділігі себеп болды. Жан-жақты дайындалған спортшылар соңғы күні, әсіресе, финалдық кездесулерде барын салды. Әр қатысушы өз командасына ұпай алып беруге жанталасып, намысқа тырысқандары спортты сүйетіндерін аңғартады. Ешкімге де ауа райының қолайсыздығы кедергі бола алған жоқ. Ойындар тыныш әрі адал өтті. Спартакиаданың барлық қатысушыларына ынталандыру сыйлықтары берілді. Ал жеңімпаз командаларға дайындалған сыйлықтар қомақты болды. Біз бұдан былай спорттық шараларды үзбей өткізетін боламыз, — деді бас төреші Адлан Индербаев.

Самат НАРЕГЕЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button