Жаңалықтар

Бағдар —  қолайлы жағдай жасау

 

Ақтөбеде инвесторларға қызмет көрсететін фронт-кеңсе өз жұмысын жаңа форматта бастады. Сейсенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Қайыров аталған фронт-кеңсе қызметімен танысты.

Жаңа фронт-кеңсе инвестициялық жобаларды жүргізетін және «бір терезе» қағидасымен инвесторларға қызмет көрсететін басты провайдер болмақ.

— Фронт-кеңседе инвесторларға ыңғайлы болу үшін барынша жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, енді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Kazakh Invest” ұлттық компаниясының өкілдері, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалардың бас мамандарыосы жерден табылады. Инвесторлардың барлық мәселесі осы кеңседе шешіліп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап ала алады. Кеңсе өз жұмысын «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасымен бірлесе жасап жатыр. Бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді, — деді фронт-кеңсенің жұмысын таныстырған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

— Біз бұған дейін бірнеше өңірде ашылған фронт-кеңсе жұмыстарымен таныстық. Меніңше, бұл кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін өте ыңғайлы, — деді Ерлан Қайыров.

Инвесторларға қызмет көрсететін аймақтық фронт-кеңсе Сәңкібай батыр даңғылы, 22К, «Қазына» бизнес орталығының бірінші қабатында орналасқан. Бұл жерде кәсіпкерлер онлайн қызметтерді де ала алады. Кеңсенің таныстырылымынан соң, Ерлан Қайыров өндірісті дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелері көтерілген жиынға қатысты.

Айта кетейік, елге инвестиция тарту функциясы мен өкілеттілігі өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Сыртқы істер министрлігіне жүктелген болатын. Осыған орай, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлар үшін жан-жақты «экожүйе» құруды тапсырған еді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button