Басты бет » Жаңалықтар » Жаңа тренд: ерінді үлкейту

Жаңа тренд: ерінді үлкейту

Қазіргі сұлулық эталонында  ерінді үлкейту сәнге айналды. Әсіресе, әлемдік актрисалардың мінсіз мүсіні мен томпақ ерініне қызыққан қыздар «пышаққа» түсуден қорықпайды. Соңғы кезде ақтөбелік қыз-келіншектер де ерінді үлкейтуді  үрдіске айналдырған.  Облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығындағы пластикалық хирург Айгүл Жапарова он жылдан бері ерінге ота жасап келеді.  Сонымен…

Айгүл Жапарованың айтуынша, ерінді үлкейтудің үш түрі бар. Біріншісі — ерінге филлер, яғни  гиалурон қышқылын егу. Бұндай екпеден кейін ерін томпайып, үлбіреп тұрады. Бірақ алты айдан кейін сұйықтық азайып, ерін бұрынғы қалпына келеді. Сондықтан қышқылды алты ай сайын егіп тұруға тура келеді. Бұл қызметтің бағасы — 50 мың теңге.  Екіншісі — адамның өз майы арқылы үлкейту. Дәрігердің айтуынша, көпшілігі осы әдісті пайдаланғанды тәуір көреді. Себебі адамның өзінің майы ерін терісіне енгізгізілгеннен кейін, ешқандай қарсы көрсетілім бермейді. Дегенмен, бұндай қызмет түрі ұзақ уақыт алады. Себебі дененің өзге бөлігінен майды сорып, оны сүзгіден өткізіп,  тазарту үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан құны да қымбат, яғни 100 мың теңге тұрады. Үшіншісі —  ерінді кесу арқылы үлкейту. Бұндай ота түрі негізінен жоғарыдағы екі әдіске келмейтін, ерні тым жіңішке адамдарға жасалады. Еріннің жоғарғы бөлігі, яғни мұрынға қарай тері кесіліп, тігіледі. Бұл әдістің құны — 75 мың теңге.

Айгүл Жапаровамен сұхбаттасып отырғанымда анасына еріп 18 жастағы қыз келді. Қолында әлемге әйгілі актрисаның суреті бар. Анасы бетін тарттырып, көзі мен ерніне ота жасатпақ. Ал қызы ерінін суреттегі актрисаның ерініндей қылып үлкейтуді қалайды. «Менің ерінімді дәл осылай қылып үлкейтіп бере аласыз ба?» — деді жас қыз қиылып. Дәрігер қарап, еріннің пішіні басқа екенін, ота жасағанмен де бұлай болмайтынын айтты. Жас қыздың көңілі түсіп кетті.

— Қазір ерін үлкейту сәнге айналды. Сұраныс өте жоғары.  Жиырма жастағы қыздан бастап, елудегі әйелдерге дейін келеді. Әсіресе, жас қыздар актрисаларға еліктейді. Кейде тіпті тым жақсы ернін бүлдіріп, ине салғызуды қалайтындар бар. Ондай кезде қыздарға еріннің пішіні жақсы екенін, өзіне жарасып тұрғанын, екпе салып немесе ота жасатудың артық екенін түсіндіремін. Бірі ұқса, бірі өз дегенін жасатқысы келеді. Бала кезінде қоянжырық болып, кейін ернінде тыртық қалса, бұндай әдісті қолдануды құптаймын. Ерінге  гиалурон қышқылын егіп, тыртықты білдірмей жіберуге болады. Ал әдемі тұрған дүниені бүлдіруге қарсымын. Жалпы пластикалық операциямен айналысатын маман ақшаға құнықпай, алдына келген әрбір адамға дұрыс кеңес беруі керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Себебі «пышаққа» түсу оңай нәрсе емес, — дейді дәрігер.

Ерін пішінін өзгертпес бұрын, пациенттің денсаулығы тексеріледі. Егер герпес, яғни ұшық жиі шығатын болса, бір апта бойы дәрі ішеді. Содан кейін барып ерінді ұлғайту әдісі қолданылады.

Массаж

Массаж —  ерінді үлкейтуге мүмкіндік беретін әдіс. Массаж жасамас бұрын ерінге алоэ шырынын немесе зәйтүн майын жағып қою керек. Содан кейін жұмсақ тіс щеткасы немесе косметикалық кисточканы алып, ақырындап ысқылайды. Бұл әдісті қолмен жасауға да болады. Массаждан кейін еріннің үлкейгені байқалады.

Жаттығу

Ерінді үлкейтудің тағы бір жолы — жаттығу жасау. Оған әдемі пішін беру үшін жаттығуларды күн сайын орындау керек.  Мүмкін болса күніне 2 рет жасаған жөн. Жаттығу жасамас бұрын  ауызды жылы және салқын сумен алма-кезек шаю қажет. Бастапқыда жаттығуларды 10 рет, екі аптадан кейін 21 рет жасау керек.

Жаттығу қалай жасалады?

  1. Ерінді алға қарай барынша созып, ауызды сәл ашыңыз да, беттің бұлшық еттерін босатыңыз.

  2. Ауызды сәл ашып, тіліңізді барынша шығарыңыз да, осы қалпыңызды 3 секундқа дейін ұстап тұрыңыз. Одан кейін тіліңізді кері тартып, аузыңызды жабыңыз да, екіге дейін санап, беттің бұлшық еттерін босатыңыз.

  3. Еріндеріңізді алға созып, шамды өшіргендегідей бірден қатты үрлеңіз. Одан кейін үшке дейін санап, ерніңізді босаңсытыңыз.

  4. А, И, О, У дыбыстарын баяу айтып, деміңізді ішке тартыңыз. Ұртыңызды ауаға толтырыңыз да, аузыңызды сәл ашып, деміңізді шығарыңыз (осы кезде еріндеріңіз дірілдеуі керек).

  5. Деміңізді ішке тартып, кеудеңізді ауаға толтырыңыз да, ерніңізді түтікше тәрізді жиырып, алтыға дейін санағанша деміңізді шығарыңыз.

  6. 2-5 минут бойы өзіңізге таныс әуендерді ысқырып айтып көріңіз, дыбыстарды барынша қатты әрі таза шығаруға тырысыңыз.

ГЛЮТЕОПЛАСТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Бұл — бөксені үлкейту әдісі. Глютеопластиканың екі түрі бар. Біріншісі — дененің өз майын пайдалану арқылы бөксені үлкейту болса, екіншісі — имплант салу. Бірінші әдіс кезінде дененің өзге бөлігінен май сорып алынып, бөксеге егіледі. Ал екінші әдісте, арнайы имплант салынады. Бұл адам денесінде өмір бойы жүреді.

Бұрын денеде артық майың жоқ болса, мүсінің сұлу болып есептелетін. Ал қазір сұлулықтың өлшемі өзгерді. Бөксең үлкен, томпайып тұрса, мүсінің мінсіз болып саналады.  Соңғы бір жылда бөксесін үлкейтетін қыз-келіншектердің қатары артты. Әсіресе, жас қыздар мүсінімен мақтанады. Денесіндегі артық майларды алдыруға келетін де әйелдер көп, — дейді Айгүл Жапарова.

Дәрігер пластикалық хирургияның бұл түрін Қазан қаласынан оқып келіпті. Қазір бұл әдістің құны Ақтөбеде  450 мың теңгеден басталады.

Айгүл Жапарованың айтуынша, «пышақтың астына» кез келген адам жата бермейді.  Қант диабеті, қаны сұйық,  тері аурулары бар адамдарға ота жасалмайды. Жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі алты айдың ішінде ота жасатуға мүлде болмайды.

P.S.

Дене бітімінде кемістігі барлар немесе  өрттен, жол, өзге де апаттардан зардап шеккендер пластикалық операцияның көмегіне жүгінсе, артықтық етпейді.  Ал  сұлу боламын деп «пышаққа» түсетіндердің көпшілігі, соңы жақсылыққа апара бермейтінін ұқса жақсы.

Кәмшат ҚОПАЕВА.