Жобаға соғатын жоба
«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасына қатысты өз көзқарастарын білдірушілер аз емес. Төменде бірнеше адамның пікірін беруді жөн көрдік.
Жобада мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жайында біраз ауқымды мәселелер қозғалған. Әсіресе, «Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін» құру, соның ішінде орталық оқытушыларын аттестациядан өткізу туралы жоспарланған шаралар көңілден шығады. Қазір мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылардың біліктілігіне қатысты сын аз айтылып жүрген жоқ. Сол сияқты «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру жүйесі» туралы ой да жақсы. Бұрын да бар болатын. Енді осы іс бір жүйеге түссе, нәтижесіз болмас еді деп ойлаймын.
Егеменді ел болғанымызға да 20 жыл толады. Бұл да аз уақыт емес. Бірақ сан ғасырлар бойы бодандықта болған қазақ елі үшін көп деуге де болмас. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолында батыл қадамдар керек. Мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселесіне келгенде талапты, жауапкершілікті күшейту керек, сөзден іске көшетін кезіміз жетті, әйтпесе, ұзын арқан кең тұсаудың заманы өтті.
Алдымен БАҚ құралдарының таратылымы қатаң бақылауға алынуы керек. «Шетелдік табақшалар» арқылы көрсетілетін 50-ден астам телеарнаның 95 пайызы өзге тілде хабар таратады. Мұны кім бақылайды? Мемлекеттік тілдің аясын тарылту, өкпесін қысу деген осы емес пе? Осыларға шектеу қашан қойылады?
Кейбір шетелдерде адамдар көшеде сөйлесіп келе жатқанда мемлекеттік тілді бұрмаласа, айыппұл салынады екен. Мұның өзі мемлекеттік тілді қадірлеудің бір мысалы. Тілге қатысты келеңсіз жағдайларды бақылайтын, оған шектеу қоятын бір мекеме керек-ақ. Сондықтан тіл полициясы құрылуы қажет деп ойлаймын.
Б.ЕРҒАЛИЕВА,
Тілдерді оқыту орталығы
Алға өкілдігінің аға әдіскері.



