Жаңалықтар

Облыстық музейде жаңа залдар ашылды

Сәрсенбі күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде бірнеше тақырыптық залдар ашылды. Енді облыс тұрғындары мен қонақтары жаңадан ашылған залдар арқылы өлкенің ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихымен таныса алады.

2018 жылы 14 қарашада Тұңғыш Президент көрмесінің келуімен қатар ашылған музейде бүгінгі күнге дейін Көрме залы, «Табиғат», «Қазақ хандығы», «Археология» және «Құнды және сирек экспонаттар залы» секілді бірнеше залдар жұмыс жасап келген болатын. 2019 жылға белгіленген залдарды көркемдеу жұмыстары аяқталып, жаңадан тағы да «Этнография», «1869-1940жж. Өлке тарихы», «Ерлік пен Даңқ», «1945-1991 жж. Ақтөбе өлкесінің тарихы» және «Тәуелсіздік жолымен» залдары пайдалануға берілді.

Музей залдарының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, басқарма басшылары мен зиялы қауым өкілдері, музей ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

— Қандай да бір елге немесе қалаға барған жағдайда кез келген адам алдымен оның музейіне барып, тарихымен танысады. Сол қала туралы бар мәліметті музейден алады. Осы ретте құтты мекен Ақтөбенің тарихын халыққа танытып, таныстыру мақсатында жұмыс жасап тұрған облыстық тарихи-өлкетану музейінің орны бөлек.

Батыс өңірінің астанасы саналатын Ақтөбе облысының тарихы тереңде жатыр. Оны біздің музейдің арнайы ашылып жатқан жаңа залдарынан да көруге болады. Тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихының барлығы көз алдымызда тұр. Ақтөбенің тарихи тұрғыда әлі де зерттерлер тұсы жетерлік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады, — деген облыс әкімінің орынбасары музей қызметкерлері мен қонақтарын жаңа залдардың ашылуымен құттықтады.

Бұдан соң өмірінің тең жартысын музей ісіне арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясова сөз алып, өзінің ізгі тілегін жеткізді.

— Тоқсан жылдық тарихы бар музейдің осымен екінші рет жаңа ғимаратқа көшкенінің куәсі болып тұрмын. Бұған дейінгі ескі ғимаратта 40 жылға жуық уақыт еңбек еттім. Сол шағын ғана ғимаратта, шағын ғана ұжым болып жұмыс жасаған тұста Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстандағы маңдайалды музейлердің бірі  болды. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бүгінгі күні,міне, бірнеше жыл армандаған жаңа ғимаратқа қолымыз жетіп, арманымыз орындалды. Енді мен өзімнен кейінгі әріптестеріме сол кездегі музейдің биік абыройын қайтарып, сол үшін еңбек етіңіздер демекпін. Халқымыздың бар мұрасын сақтап келе жатқан қара шаңырақ баршамызға құтты болсын, — деді.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков музей жұмысына сәттілік тілеп, естелік сыйлық табыстады.

Бұдан соң шараға арнайы шақырылған қонақтар музейдің жаңадан ашылған залдарын аралап, экскурсия жасады.

Жаңадан ашылған залдарға қазба жұмыстары барысында табылған ежелгі көшпелілер мәдениетіне тиесілі тұрмыстық, шаруашылық және әшекей бұйымдары, ХVI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтер, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар мен өлке тарихына қатысты тың мәліметтер қойылған.

Сондай-ақ бұл күні әр кезеңдерде облыстың өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан тұлғалардың тұтынған жеке заттары мен фотоқұжаттары келушілер назарына ұсынылды.

Айта кетейік, 11 шілдеден бастап облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіру келушілердің жас шамасына қарай ақылы болады. Мәселен, ересектер үшін кіру ақысы 400 теңге болса, студенттер мен зейнеткерлер үшін 200 теңге, ал мектеп оқушылары музейге 100 теңге төлеп кіре алады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button