Тасқа басылған жазуда қасиет бар
Айдош ШӨКІШ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Газетті басқа ақпарат құралдары алмастыра алмайды. Өзге салада істейтін әріптестеріміз ренжімесін, әрине, олардың да өз орны бар ғой. Бірақ маған асықпай отырып, қолың бос кезде байыптап оқитын басылымдар ұнайды, ыңғайлы көрінеді. Егер бірнәрсені ұмытып қалсаң, қайталап қарай қоясың. Халықта «Газет жазыпты ғой», «Газет керемет жазыпты ғой!» деген әлдеқашаннан қалыптасқан сөз бар, тасқа басылған жазуды қасиетті санайды. Сол жағынан құнды ол. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген мақал тегінен-тегін айтылмаған ғой.
Мен барлық уақытта газет редакциясында жұмыс істедім. Алпысыншы жылдардың соңында Торғай облыстық газетінде меншікті тілші болып еңбек жолымды бастадым. Бірте-бірте тәжірибе жинадым, тәжірибе жинағасын ҚазМУ-де оқып журналистік мамандық алдым. Тәжірибем мен теориялық білімім толысқасын облыстық редакцияның құрамына шақырылып, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқардым.
Торғай облысы тараған тұста, өзімнің туған өңіріме келіп, сол кездегі «Коммунизм жолы» газетіне еш кідіріссіз жұмысқа қабылдандым. Кейін «Ақтөбе» атандық. Соның бәріне өз қолымызбен атсалыстық. Абыройсыз болғаным жоқ, бөлімдерге жетекшілік жасадым. Шыға бастағанына 95 жыл толып отырған туған газетімізде қолтаңбамыз қалды ғой. Мен бұл газетті өзімнің алтын ұям деп есептеймін. Республикалық «Алтын орда» апталық басылымына осы газеттен жол тарттым. Сол басылымда жұмыс жасап жүргенімде, тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өзіме тонның ішкі бауындай жақын газетіммен байланысымды үзбей, шама-шарқымша жазып тұрдым. Қазірде де қалам тартып қоятыным бар.