Жаңалықтар

Сайлауалды әзірліктен дауыс беруге дейін

9 маусым — Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күні

Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына даярлық және өткізу кезеңдеріндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы семинар өтті.

Аталған семинарды Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров өткізді.

— Бүгін біз учаскелік сайлау комиссияларының іс-қимылын, тұтастай алғанда сайлау науқанына аймақтардағы әзірліктердің барысын талқылаймыз. Шартты түрде семинар үш бөлікке бөлінеді. Бірінші бөлікте біз сайлау науқанының барысы туралы әңгімелейміз, екінші бөлікте аймақ басшылығының өкілі сайлау тізімінің жасалуы және сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жабдықтау туралы айтады. Ал үшінші бөлікте әдістемелік фильм көрсетіледі және пікір алмасу өтеді. Тұтастай алғанда семинардан үлкен тиімділік күтіледі, — деді семинардың басталуы алдында Константин Петров.

Атап айту керек, семинардың басты мақсаты — сайлаудың заңдылығын, ашықтығын сақтау, сондай-ақ сайлау науқанына әзірлік және оны жергілікті атқарушы органдардың өткізуі болды.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары өзінің сөзінде сайлау заңдылықтарын жетілдіру аясында Елбасының 2018 жылы 29 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізгенін айтты.

— Заңдылықтарды жетілдіру сайлау процесін одан әрі жаңғыртудың негізі болмақ. Өздеріңіз көріп отырған бүгінгі шындық — технологиялық және саяси тұрғыдан еліміз үнемі даму үстінде. Сондықтан заңдылықтарға түзету енгізбей болмайды.

Орталық сайлау комиссиясының өкілі  ұсынуға өкілетті билік органдарының бірыңғайланған жүйесін бірінші кезекте атап өтті. ҚР Мәжілісі үшін ұсыну субъектісі — саяси партиялар. Келесі шақырылымда барлық деңгейдегі мәслихаттар да партиялық тізім бойынша жасақталады.

— Енді біз мәслихаттардың шегінде сайлау округтерін құрамыз. Яғни, бір мәслихат — бір сайлау округі. Қазір  ҚР бойынша 3 335 округ, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша  — 204 округ бар, алдағы шақырылымда қажеттілігін жойып, таратылады, — деп түсіндірді өкіл.

Оның мәлімдеуінше, бұл саяси партиялардың ұстанымын нығайтады. Ішкі саяси аренада мейлінше ірі ойыншылардың кезі келді. Әрбір партияның ұзақ мерізімді мақсаттары мен міндеттері, платформалары болуы керек.

Семинарда сайлау процесін жаңғыртуға қатысты өзге де жаңалықтар жан-жақты қамтылды. Мұнымен бірге, мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқығын қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер де қозғалды. Бұл міндеттердің тұтастай және толық жергілікті атқарушы билік органдарының иығына түсетіні де атап өтілді.

— Сайлаушылар тізімін өзектендіру бойынша жұмыстар жүйелік сипат алады. Мәліметтер базасын интеграциялау бойынша жұмысты ҚР Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен жергілікті атқарушы органдар жүргізді. Қазіргі күнде аймақтың электораты 562 851 адамды құрайды, оның 323 617 тұрғыны — Ақтөбеде, — деді облыс әкімі аппаратының жетекшісі  Нұржауған Қалауов.

ҚР Президенті сайлауын өткізудің ағымдағы жағдайлары туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаева әңгімеледі. Облыста аумақтық және учаскелік  сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстары  жүргізілуде.

— Учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларының іс-қимылы туралы шағым-арыздар міндетті түрде қаралады, — деп сендіреді Гүлнар Күнбаева.

Семинарда  учаскедегі сайлау тізіміне енгізу, дауыс беру күнгі учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс тәртібі және басқа да мәселелер кеңінен талқыланды.

 Владимир БУРЬЯНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button