Әлеуметтік саясатты саралау
Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушы құрамы мен студенттермен кездесті.
Кездесуге дейін штаб мүшелері аталған университеттің оқу процесімен танысты. Содан соң акт залына жиналған 300-ге жуық адамға оқу орнына жаңадан тағайындалған ректор Мұрат Телеуов штаб мүшелерін жеке-жеке таныстырды. Делегация құрамындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Серік Ақшолақов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің мүшесі Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаттары Нұртай Сәбилянов пен Анар Жайылғанова, сондай-ақ «Қазақстан КВН» одағының президенті Есентүгел Елеукенов пен Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Дәулет Қайырбек және басқалары жиналғандар алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған ісінің берік жалғасы екенін айтты. С.Ақшолақов өз сөзінде еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлеуметтік саясатқа айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік саясат — ол сапалы медицина, баспана және атаулы әлеуметтік көмек. «Тәуелсіздік жылдардан бері медицина саласын дамыту үшін мемлекеттік бюджет көлемі айтарлықтай өсті. Осы жылдар ішінде ел аймақтарында 200-ге жуық жаңа аурухана салынды. Медицинада жаңа сала-нейрохирургия, кардиохирургия және трансплантация дамыды. Ұлттық нейрохирургия орталығында жылына 4 мыңнан астам ота жасалады. Ең бастысы — пациенттерге мемлекеттік алғашқы медициналық тегін көмектер көрсетіледі», — деді ол.
«Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев Елбасының бастамасымен биылғы жылдың «Жастар жылы» ретінде жарияланғанын айта келе, болашақтың жастардың қолында екенін, сол үшін де жастарға деген сенімін білдірді.
Арайлым НҰРБАЕВА.