Жеңіс

Журналист-жауынгер жолы

Қызылордалық майдангер Сағындық Алтынбекұлы өзінің 2006 жылы жарық көрген «Бастан кешкен, көз көрген» атты естеліктер жинағында ақтөбелік Дүйсенғали Мұқаев туралы да біраз жайды мәлім етіпті.

Дүйсенғали Мұқаев биыл тоқсан бес жылдығын атап өткелі отырған облыстық «Ақтөбе» газетінің байырғы қызметкерлерінің бірі болатын. Кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін таққан, бірнеше жауынгерлік медальдары бар аға буын өкілі еді. Сексенінші жылдары сол кезде «Коммунизм жолы» аталатын облыстық газеттің бөлім меңгерушісі болған Дүйсекең өз ісіне мұқият, талапшыл, сағатпен тура жүретін адам ретінде есімізде сақталып қалыпты.

Осындай ретпен біз қаламгер ағаға қатысты жайларды мұқият оқып шықтық. Онда былай деп жазылыпты:

«Сонау бір жылдары мен Алпысбай деген майдандас жолдасымды іздеп Ақтөбенің облыстық газетіне «Қайдасың, Алпысбай?» деген тақырыппен мақала бергенмін. Мақала газетке шыққаннан кейін ақтөбеліктерден көп уақытқа дейін хат алып тұрдым.

Бір қызығы, менің газетке жазған хатым бірден Мұқаев Дүйсенғалидың қолына түсіпті. Ол — майданда менімен бірге болған жігіт.

Жау барлаушылары штабқа шабуыл жасағанда, коммутаторды жұлып алып, рота командирі бір байланысшының қолына ұстата салғаны бар еді. Сол байланысшы Мұқаев Дүйсенғали екен.

Редакцияға түскен хатты оқыған Дүйсекең Алтынбеков Сағындық деген менің аты-жөнімді көргенде, көзі жарқ ете қалғандай, бүкіл майдан өмірі жадында жаңғырып, менің дәл сол кезімдегі бейнемді көз алдына елестетіпті.

Дүйсенғали өзі жайлы мәлімет берген. Алматы жоғары партия мектебін бітіріпті, аудандық газет редакторы болған. Дәл сол кезде облыстық газеттің бөлім меңгерушісі екен. Екі перзенті бар: қызы — дәрігер, тұрмыста, ұлы — облыста, ол да жеке үй.

Сол тұста Құлсарыға жолымыз түсті. Бұл — 1988 жыл. Ақтөбеге жеделхат жолдадым Дүйсекеңе.

Ол баласы Амандық екеуі күтіп алды. Әйелі Баршын үйде дастарқанын жасап күтіп отыр.

Майдан әңгімелері айтылып жатыр. Жау қоршауында үш тәулік тұрғанымызды, партизан отрядын қорғап қалғанымызды жарыса баяндаудамыз.

Қырық үш жылдан кейінгі кездесуіміз өте әсерлі болды. Майдангер досымның ерлік жолдары есіме түсіп, оны бұрынғыдан да құрметтей түстім…».

Майдангер достардың көп жылдан кейінгі кездесуі, естеліктері бізді де бейжай қалдырмады.

Сол кездесуден кейін көп уақыт өтпей Дүйсенғали аға өмірден өтті. Сірә, майдан жарақаттары бәрібір өз дегенін істесе керек.

Бүгінгі Жеңіс күні мерекесінде біз майдангер ағаларымызды еске алып, олардың рухына тағзым етеміз. Олардың қалам мен қаруды тең ұстаған ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button