Жаңалықтар

Жақсы адам — алланың нұры

(Ел ағасын еске алу)

Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Қадыр құдаша телефон шалған. Өлімі өзінікі болғанмен, өмірі өзгенікі болған аяулы Рекеңнің жылы таялып қалыпты.

Алланың нұры – көктемгі ақ жауындай көпке пайдасы көп тиген аға еді. О бастан өлмек айқын. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері,  қоғамның тірегі бола білген Рекеңді өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны.

Бұрынғылар «Талайлар өтті-ау жалғаннан, Көрген адам таң қалған»    деп тамсанғанда,  азаматтықтың айнасындай Рекең тәрізді тұлғаларды еске алған болар.

Қадыр Мырза Әли ақынның бір өлеңінде:

Адам күліп тумайды…

Адам жылап туады.

Жылайтыны туғанда  — жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде —   жақсылар бар қимайтын, —

дейді.  Онысы рас енді.

Міне, ел арасында Төле бидей болмаса да, төбе бидей баянды беделі бар, өнегесі өзгеше, шапағаты мол,  ортамызда жүргенде «хансың» деп, «ханға лайық жансың»  деп бағалайтын азаматты –  Рамазан Нұржанұлын күллі халық болып соңғы сапарға көзіміздің жасын сыға тұрып,  қимай шығарып салғанымыз күні кеше сияқты  еді. «Кешегі күннен жүйрік жоқ»  деген осы да.

Иә, Рекеңнің «жағасы жоқ, жеңі жоқ» көйлек кигеніне, «есігі жоқ, төрі жоқ» мәңгілік үйіне енгеніне бір жыл.

Жарықтық жақында ғана түсіме кіріп еді. Екеуміз бір жерден  шыққан екенбіз деймін. Екеуміздің де қолымызда — бос шелек. Алдымыздан екінші қабатқа көтерілетін сәнді үйдің басқышы кездесті.  Ойымыз — жоғары көтерілу.                   Рекең тепкіштің қуысына шелегін қыстыра салды да, көзді ашып-жұмғанша ғайып болды.  Мен аңырып тұрып қалдым. Аяқ астынан айырылып қалдым. Оянғасын өзімше жорыдым.  Өзімен бірге ертпегені желеп-жебеп жүргені шығар. «Дүние деген сары алтын әркімдерді алдаған». Бос шелек дүниенің  малы дүниеде қалады,  бос әурешілік бәрі  деп меңзегені болар деп топшыладым.

Кәсібім  журналист болғандықтан ба, қайдам, мен біреумен танысқанда  алдымен оның бет-пішініне, тұлғасына көбірек назар аударам. «Түсі жақсыдан түңілме» деген бабалар өсиеті ылғи жадымда тұрады. Кеуделі, келбетті адамдарды ұнатам. Рекеңмен алғаш танысқанда да солай болды. О кісінің Мәскеудегі партия мектебінде оқитын кезі. Мен сонда демалыс алып барып едім. Ұшаққа бірге мініп, елге бірге қайттық.  Жүзі жылы, сымбатты азаматты кездестіргенде менің есіме Сырбай Мәуленовтің Сәкен туралы өлеңі түсті, онда:

Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

Өлеңнің құшағына сыя алмайтын.

Қазақты білгің келсе, міне, осы деп,

Көрсетсең жер жүзінен ұялмайтын, –

деген жолдар бар. Ортамызда бетке ұстайтын осындай азаматтың болғанына  шүкір дейік. Сәкен мен Рекеңнің арасында бір ұқсастық барына сенімдімін.

Осындай ойды өзгелер де айтатын.  Қарабұтақтың жігіттері Рекеңнің бюро басқарғандағы айналасын асықпай   шолып отырысын қомданған қыран кейпіне  теңейтін.

«Дария кеуде, тау мүсін»   Рекеңмен жақынырақ танысып-білісуіміз Есет баба тойына дайындық кезінен басталды. О кісі тойды ұйымдастыру комиссиясының төрағасы.  Тойға байланысты жиі-жиі көпшіліктің басын қосып отырыс өткізеді. Сондай басқосудың бірінде айтқан пікірім ұнаған ғой деймін, бірде мені тоқтатып: «Бұдан былай отырыстан қалма, қарағым», — деді.

Тағы бір жылы, Ш.Құлмаханов облыс әкімі болып тұрған тұста, Рекең бастап, біз қостап, облысаралық шартқа қол қою үшін   Орынборға бардық. Рекеңнің көсемдігі мен шешендігіне сол жолы көзім жеткендей болды. Облыс әкімі берген банкетте Рекең көсілді деймін. Қатар жатқан қазақ ауданында өскен мен неге осы кісідей орыс тілін меңгере алмадым деп іштей қапаландым. Шалқарда көп жыл қызмет істеген  Ділдәбай ақсақал (ол кісі балалық шағында менің үлкен ағаммен Қарабұтақта бірге оқыған) оқта-текте дастарқан басында кездесіп қалып, ел азаматтарын ауызға алғанда: «Рамазан тілінен бал тамған шешен, қара сөзде басқаға дес бермейтін ділмар ғой», — деп отыратын. Оған мен осы жолы өзім куә болдым.

Рекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін қасиетті ана тіліміздің  мәртебесін көтеруге қызмет етіп, бір терінің пұшпағын бірге иледік. Қолы тиген нәрсені жайнатып жіберетін қасиеті болушы еді. Сонда ғой, біздің Алматыдағы президентіміз Өмірзақ Айтбаев мырзаның Ақтөбеге келгенде Рекеңнің жұмыс орнын, тіл кабинеттерін көріп сұқтанып: «Қазақ тілі» қоғамының бас штабын осында көшіріп келсем бе екен?» — деп әзілдейтіні.

Өткенде Астана қаласы  мен Елбасының мерейтойына келген орыс патшасы Д.Медведев тарихта тұңғыш рет  «Хан Шатырында» қазақша сөйледі. Қаймыққанын ғана сыйлайтын  мынау залым заманда бұл біздің ұлт екенімізді, тәуелсіз мемлекет екенімізді танытқан, көзі аспандағыларды өзімен санастырған халқымыздың ұлы жеңісі дер едім.  Бұл жеңісте  ұлттық тілдің мәртебесін көтеруге бір кісідей атсалысқан марқұм  Рекеңнің де үлесі бар деп білемін.

Менің ғұмырымда  берген қолының ыстық табы әлі күнге алақанымнан сезілетін екі   аға болды.

Өткен 70-жылдардың ортасында дәм айдап Торғайдың облыстық газетіне редактор болып бардым.  Жақсының есімі алдында жүреді. Сыртынан айтулы азамат ретінде білетін  Мақтай (Сағдиев)  ағамыз осында облыстық кеңес атқару  комитеті төрағасының бірінші орынбасары екен. Жұмысқа кіріскеннен кейін  танысып-білісейін, сәлем берейін деп  бардым. Мақтай аға кабинетінен шығып келе жатыр екен, есіктің қыр көзінде кезіктік. Бірінші хатшы С.Құсайынов шақырып асығып бара жатқан сыңайлы. Шіренген шенеунік, шолақ белсенділеу біреу болса, «Асығыспын, кейін соғарсың» дер еді, Махаң үйтпеді. Қолымды жібермей қысқан қалпы мені ішке алып кірді. Бір-бірімізді көптен танитындай, сағынып көріскендей әсер қалдырды. Сонда білдім. Жақсы адамның кісімен амандасуы да бөлек болады екен. Кездескен сайын Рекең де менімен тап осылай амандасатын.  Жып-жылы алақанынан денеңе жылы қан жүгіріп жатқандай болушы еді. Ол жүрек жылуы екен ғой.

Бері таманда құдай қосқан, құйрық-бауыр жескен құда болдық. «Оралу» кітабында бұл туралы: «Алла бізге жақсы құдаларды бұйыртты. Өзім сыйлап жүретін, өмірімдегі алатын орны мен үшін айрықша, төртқара ауылының зиялы азаматтары, өлкеміздің сыйлы да белгілі ағалары Әлмұқан, Нұқымен туыстастық», — депті. Қайран Рекең! «Болар елдің баласы біріне-бірі бассың дер» дегені-ау. Алдамшы мынау дүниеде сыйластықтың жөн-жосығын Рекеңнен артық білетін адам, сірә, сирек шығар.

Мына «Оралу» кітабының өзі «қызыға жаз, қыздыра жаз,  ойланып жаз, ой сала жаз» деген заманымыздың заңғар жазушысы Ғ.Мүсіреповтің тікелей өзінен бата алып жазғандай әсер қалдырады. Алла Рекеңе сөз өнерін сый етіп дарытқандай, әр беті жүрек жылуымен жазылған. Осында қанша адамның ат-есімі аталса, соны бәріне бірін-бірі қайталамайтын жылы лебіз, арнау сөз тапқан. Әлкей Марғұлан айтқандай:  «Біледі, білген соң жазады», әрине.

Теміржол ауруханасына көңіл сұрай барғанда осыны айтып,   «Партия, кеңес жұмысының жолына түспегеніңізде, айтулы қаламгерлермен терезесі тең, оқырман қауым төбесіне көтеретін атақты жазушы болатын едіңіз», – дедім. Миығынан күлімсіреді.

Адамға ерекше қасиет,  телегей-теңіз дарын бергенде  Алла тағала оның кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, кесімді сөзін,  кесек ой-толғамдарын соған сай етіп береді деген бар. Мен Рекеңді осы тұрғыдағы азамат  деп, аға деп сыйладым.

«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым халқым  деп білген, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік тұлғамен аз күн пікірлес, дәмдес болғанымды тіршіліктегі  нұрлы бір кезеңім деп еске аламын.

Мен Рекең қай кезде қандай қызметте болғанын тізбелеп, тоқталып жатпаймын. Оны өзгелердің еншісіне қалдырамын.

«Отызда төрде отырып, айттым билік» дегендей, сексеуілдің шоғындай жайнап, жастай көзге түскені, қатарынан оза туғаны сұқтандырғандай. Оған жиырма алты жасында  аудандық партия комитетінің  екінші, ал отыз екі жасында бірінші хатшылығының тізгінін ұстауы куә.   Бұл жастағы бүгінгілер жыламай тамақ ішпейді. «Ақыл мен қайрат жол табар» деген, міне, осы. Содан өмірінің соңғы сағатына дейін белін шешпей, аттан түспей елі үшін еңбек етті.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчердің: «Мен демалысқа шаршағанда шығамын. Мен еліме қазір керекпін. Сондықтан шаршамаймын», — дегені бар. Еліне керек болғасын Рекеңнің шаршауға хақысы болмады деп білемін.

Рекең негізінен кермедегі кеңес кезінде билік басында болғандар санатынан. Сөзі мен ісінен шындықтан гөрі піскен жұмыртқадан балапан алу оңай заманда, топтан оза шапқанға топтанып ор қазатын, бір қыранға көп қарға  жабылатын, сан тимейтін сансыз жамандар лақтай басқа секірген, көлгірсіп сөйлейтін сыңарезу, шетінен мансапқұмарлар арасында жүріп, «достығы, татулығы бәрі сатулы» ортада жүріп, Рекең өзінің адамдық қалпын, дегдарлық қасиеттерін қалай бүтін сақтап қалған деген ой келеді маған. «Асыл адам айнымас» деген осы шығар.

Биіктегі пенденің басы айналмай тұрмайды. Соның өзінде әз аға жақсының жолын, жастардың тілеуін кеспей, ешкімге көлеңкесін түсірмей, қисайғанды түзеп,  жығылғанды сүйеп, дүниеден жарық болып өтті.

Өз басым Рекең пендешілікке – парасатты, ұсақтыққа – ірілікті, қастыққа – достықты, кертартпаға  – кісілікті қарсы қойып өмір кешті деп ойлаймын. Қайсыбіреулер қолына билік тиіп, таққа отырса болды,  өзін қолдан құйылған мүсіндей, будда құдайындай сезінетіні бар.  Біздің ағамыз ондай жасандылықтан ада.

Тағы бір байқағаным — жарысқа қосылған жүйріктердің ізінде шұбатылған шаң қалатыны секілді, жоғары лауазымды қызметте болғандардың соңынан да әртүрлі алыпқашпа әңгіме, өсек-аяң ереді. Обалы не керек,  Рекең жөнінде мұндай теріс әңгімені естімедім.

Астанаға барып емделіп, тәуірленіп келгеннен кейін Рекең мен Ақпатша ағайын-тумаларын, құда-жегжаттарын, сыйлас-сырлас замандастарын шақырып, «Нұр Ғасыр» мешітінің дәмханасында  дастарқан жайды. Басқарушы жігіт  жаныма келіп: «Қысылмай сөйлей бер» дегесін,  микрофонды бірінші болып алдым. Алуын алсам да, менен де үлкен ақсақалдар отырғанда алдарына түскеніме қысылып тұрып, шақ деп Рекеңе деген көңілімді білдірдім.   Оның тобықтай түйіні мынау. Алдымен Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзін келтіріп, оған жарықтық хазіреті Омардың: «Имандылықтың үштен бірі —  Ұялу, үштен бірі – Даналық, үштен бірі – Жомарттық» деген ойын жалғадым. Осы айтылған қасиеттердің бәрі сіздің бойда тұнып тұр, Реке»,- дедім.

Рекең мен Ақпатша осы жолы бәріміздің иығымызға шапан жапты. Осылай жасағанына қарап, Рекең бірдеңені сезді ме екен деп ойлаймын қазір,  кім білсін?

Кейінірек Сара Иманбайқызы өзімен пәлен жыл қызметтес, сыйлас болған Рекеңді еске алғанда: «Данагөйлер қимас адамдарымен осылай қоштасады екен ғой» дегенді талай қайталады. Қалайда дорбасы алдына түскендердің көрсететін өнегесі емес бұл.

Қазақтың ірілерінің бірі Рекең — жарық дүниеден қашан кеткенше басынан бағы таймаған адам. Әрине, бұл жалғанда төрт  жағы төрт  құбыла  болған пенде сирек. Алайда тірліктің ләззаты – отбасында дейтін болсақ, Рекең бұл жағынан бақытты еді.

Бірде, қыстың күні болатын, Әлмұқан құдасының үйінде қонақта болдық. Төрге шықпастан Ақпатша «Киіп ал» деп жылы шұлықты Рекеңнің алдына қойды.  Естеріңізде ме, Тұрмағанмбет ақын:  «Ерін күткен әйелді ханым десе болады» деп жырлағаны. Кешегі кеңес өкіметі  тұсында «теңдік алған» әйелдердің біразы ерін ерттеп   мінуге аз қалды ғой.

«Жігіттің бұл жалғанда арманы көп, Егерде тең болмаса алған жары» деп бұрынғылар  бекер айтпаған болар. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі тәрбиелеп, бірін-бірі жетелейді. Құдандалы болғасын білдік, Ақпатша күллі қазақ еліне даңқы жайылған Домалақ ене, Ұлжан, Айғаным секілді аналар дәстүрін жалғастырушы , қолы ашық, жоқты бар, барды мол ететін, «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» дейтін нағыз қас бәйбішенің өзі екен.

Бірде дастарқан басында   Рекеңді, етімнің үйренгені сонша, мынадай әзілмен қағыттым. «Д.Кеннеди Парижге келгенде қасындағы жұбайы Жаклинге сүйсінгені сондай, айтқаны қате болмайтын де Голль: «Миссис  Жаклин, тіпті алпауыт АҚШ мемлекетінің президенті  үшін де гауһардай жарқыраған тым бағалы қазына екен», — депті. Реке, көріп отырмыз, Ақпатша  тым қымбат қазына екен, қалай қолға қонақтаттыңыз?», — деп әзілдедім. Сарқылмас сабырдың адамы ғой, күлді де қойды.

Ақпатша қандай адал жар екенін Рекең ауырғанда көрсетті. Қай емханада жатса да қасында болды. Сібірде айдауда болған жазушы Хамза Есенжановтың артынан барып, қашан ақталғанша 12 жыл қасында болған Софья жеңгемізден несі кем?! Адал жар осындай-ақ болсын.

Осы заманның пайғамбары, киелі   әулиесі деуге лайық  Д.Қонаев Ақпатшаның қолынан дәм татқанын біреу біліп, біреу білмейді. Бақ қонбаған, қыдыр дарымаған үйге о кісінің жолы түсе ме?! «Ақтөбе облысында тағы бір үйде Димекең болыпты» дегенді өз басым естімедім.

Бірде Рекеңнен: «Үлкен кісіні үйге түсірудің кілтін қалай таптыңыз?» – деп сұрадым. Алпысыншы жылдардың аяғы не жетпісінші жылдардың басы болуы керек, күзгі егін орағы науқаны кезінде ел аралайтын дәстүрімен Димаш аға біздің облысқа келеді. Келе астықты аудан Комсомолға жол тартады. Егін танаптарын аралап көру үшін болу керек,  жолай ұшағын Қарабұтақта қалдырып, әрі қарай көлікпен кетеді.

Рекең о кісінің қасына ерген облыс басшыларына:«Шай қайнап, тамақ дайын тұр. Үлкен кісіге айтыңыздар», — деп өтінеді. Сол кездегі тәртіп солай ма, болмаса әлгілердің батылдығы жетпей ме, әйтеуір, «Өзің айт» деп,  біреуі баспайды. Амал жоқ,  Димекеңе өзі ұсыныс жасайды. Бірақ үлкен кісі ыңғай бермей: «Күн кешкіріп қалды. Жарықта Ақтөбеге жетуіміз керек. Рамазан, сен ренжіме, үлкен рақмет!» дейді.

Мәмілегер Рекең  соңғы тәсілін қолданып: «Димеке, біздің үйдегі балаларың «Атам келеді» деп ертеңнен ішке кірмей, аулада күтіп жүр еді», – дейді. Осы сөз ол кісінің буынына түсіп: «Онда баста үйіңе!» — депті.

Он төрт  жыл бойы Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілі болған С.Жаданов  бір мақаласында: «Бүкіл бітім-болмысымен балаларды өлердей сүйіп, олардың бақыты үшін жанын қиюға даяр Димаш Ахметұлына Жаратқан перзент бермеді», — деп жазады. Сондай асыл адамға бір тұяқты қимаған  тағдырға не дерсің?! Бір кем дүние деген.

Бұл жалғаннан бір пенде мұңсыз болып өтті ме екен?!  Әй, қайдам. Мүмкін Рекеңнің де орындалмаған арманы, жүдеп-жадаған кездері болған шығар. «Азамат ердің баласы:  жабыққанын білдірмес, жамандар мазақ етер деп» (Қазтуған)  дегендей, өмірге қандай өкпесі болса да ішінде кетті.  Сыртқа сыр білдірген жоқ, әлсіздік танытпады.

Адам — бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат  қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Тек Ақпатша мен Қадырға, балаларға :«Аллаға Мұхаммед пайғамбардан жақын кім  бар. Оны да 63 жасында Алла қасына алған. Біз одан артықпыз ба? Бұл пәнидің жалғандығын осыдан-ақ білуге болады. Шүкірлік етейік, сабыр сақтайық, болған іске болаттай болыңдар»,  – дегім келеді.

Сонсоң жоқтау да өлімнің сәні. Халқымыздың маңдайына сыймай кеткен ұлы тұлға  Смағұл Садуақасовты жоқтаған Мағжанның өлеңінен бір шумақ келтірсем деймін:

Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен…

Смағұлдай арысынан айырылып,

Қайран қазақ, қалдың бүгін сен жетім, – деп еді. Иә, ақын ақ сөйлеп отыр. Рамазан Нұржанұлындай облыстың ары мен арысы болған асыл азаматтан, панасынан айрылған ел шынында жетім.

Нұқы ҚАРТБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button