Рухани жаңғыру

«Едіге батыр» эпосы — түркі халықтарына ортақ мұра

Конференция

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференция өтті. Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының

2 жылдығы мен «Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға ТМД аймағындағы түркі тектес мемлекеттердің делегациялары, соның ішінде Татарстан, Башкұртстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия секілді елдерден келген ғалымдар, зерттеушілер, ізденуші жас ғалымдар, әдебиетшілер қатысты.

Конференция барысында түркі халықтарына ортақ мұра — «Едіге батыр» эпосының ұлттық фольклордағы рөлі, ұлттың рухани дамуындағы, жалпы түркі руханиятында алар орны, жырдың түрлі нұсқаларындағы лингвистикалық ерекшеліктер, қаһармандық бейне мен көркемдік нақыштар туралы сөз болды. Сондай-ақ, ұлттың рухани жаңғыруындағы һәм саналы ұрпақ қалыптастырудағы асқақ рухты тарихи тұлғалардың рөлі, ұлттық код пен қазіргі дәуірдегі ұлттық руханият мәселелері талқыланды.    

Конференцияны ашқан С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Ахан Бекежан конференция жұмысына сәттілік тілеп, Едіге батырдың өмірі мен өнегесі туралы пікірін білдірді.

— Бүгінге дейін Едіге батыр туралы жүргізілген зерттеулер батырдың Ақтөбе облысы Байғанин ауданының аумағында жерленгенін растайды. Біздің міндет — сол жерге белгі қоя отырып, осы тұжырымды ғылыми айналымға енгізу. Бұл  тек қазақ руханияты үшін ғана емес, тұтас түркі әлемі руханияты үшін үлкен олжа болары сөзсіз, — деді ол.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов келушілерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау сөзін жеткізіп, түркі халықтарына ортақ тарихи тұлғаның есімін ұлықтауға арналған ғылыми шараға табыс тіледі.

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары есіміне дейін «тұтқындалып», айтуға тыйым салынған Едіге туралы мағлұматтар, тарихи зерттеулер тәуелсіздік алғалы қайта жанданды. Бұл туралы академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ардагерлер ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбай былай деді:

— 1926 жылы Баку қаласында түркі әлемінің білімпаздары бас қосты. Бұл кеңестік одақ кезіндегі «бірінші съезд» деп аталды. 130 адам қатысқан осы съезге ғалымдарды қазақтың ай тұлғалы азаматы Ахмет Байтұрсынов бастап барған еді. Онымен бірге барған қазақ ғалымдары түркі әлемінің мәселесін көтерген еді. Сол жиналыста Ахмет Байтұрсынов мінбеге екі рет көтеріліп, екі рет баяндама жасады. Оның бірі қазақ орфографиясына, екіншісі терминология мәселесіне арналды. Зал қолдап, қолпаштап, қол соғып еді, алайда үлкен жиын біткеннен кейін 130 адам түгел тұтқындалды, атылды, асылды. Содан бастап «түркі» деген сөз айтылмайтын дәрежеге жетті. Сол кездері  Едіге туралы кітап жазған Қаныш Сәтбаевқа да оңай болған жоқ. Едігеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Әлкей Марғұлан бұл тақырыпты жылы жауып, тұтастай археология мәселелеріне бет бұруға мәжбүр болды. Тек олар ғана емес, түркі әлеміне қалам тербеген адамдар тұтастай қудаланды. Осылайша сол кезеңдерден бері айтылмай келген тақырып еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданды. Едіге батыр туралы оның табаны тиген қасиетті өлкеде ғалымдардың белсенді араласуымен ауқымды халықаралық конференцияның өткізілуі — ғылым үшін, руханият үшін үлкен табыс, олжа. Яғни, Алтын Орданың, Ақ Орданың, Ноғай Ордасының мұрагері — Қазақ елі, Ұлы дала өзінің мұрагерлік қызметіне кірісіп жатыр, — деді Ө.Озғанбаев.

Шара барысында әзірбайжандық профессор Галиб Амирага оглы, уфалық филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлнұр Хусаинова, Татарстаннан келген филология ғылымдарының кандидаты Радик Галиуллин,  Қарақалпақ гуманитарлық  пәндер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Сейдін Әмірлан сынды шетелден келген ғалымдар Едіге батыр жырындағы кейіпкерлер, жыр тарихы мен оны оқуда кездесетін проблемалар,  Едіге жайлы халық ақындарының айтқан сөздері мен алты ордалы ноғайлар, жырдың түрлі нұсқалары туралы пікірлерін білдірді.

— Кейбір ғалымдар Едіге батырдың осында туып, осы жерде мәңгілік мекенін тапқанын дәлелдеді. Осы зерттеулерге сүйенсек, Едіге батыр Ақтөбе қаласынан шамамен 60 шақырымдай жерде жерленген. Мұны археологтар да дәлелдеп отыр, топонимикалық атаулар, фольклорлық материалдар да осы дәлелдердің нақты екендігін айқындайды.  Едіге батырдың мәңгілік байыз тапқан жеріне қатысты түрлі нұсқалар, талас-тартыстардың болғаны рас. Бірақ бұл дұшпандық емес, керісінше, халықтың өз батырына деген ыстық ықыласынан туған пікірлер дер едім. Біз, ғалымдар осы дауға нүкте қойып, батырдың осы жерде жерленгенін нақтылап, оны ғылыми айналымға енгізіп, басына белгі қою туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймыз, — деді Галиб Амирага оглы.

Едіге жайлы зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асановтың айтуынша, кезінде мектеп оқулықтарынан, жоғары оқу орындары программасынан алынып тасталған «Едіге батыр» жырын қайтадан оқулықтарға енгізу қажет.

—  Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары «Едіге батыр» жырына «феодалдық эпос», «бай-манаптарды, жеке хандықты, дербес мемлекет болуды дәріптейді» деген желеумен қара күйе жағылды. Осылайша мектеп, жоғары оқу орындары оқулықтарынан алынып тасталды. 1947 жылдан бастап едігетану тұтас тотқтатылды. Бүгінде Шоқан Уәлихановтың «Едіге батыр» жырының классикалық үлгісін оқулыққа енгіземіз деп жұмыстанып жүргенімізге үш жыл болды. Басқа түркі халықтарында Едігенің есімін айтудай-ақ құрметтеп жатыр. Мәселен, Қарақалпақстанда 7-сынып оқулығында бар бұл жыр. Қазанда көше сайын Едіге атауын кездестіресіз. Дағыстанда Едіге батыр атында ауыл, көшелер бар. Бірақ Едіге қазақ болса да,  біз солай құрметтей алмай отырмыз. Тарихшылардың зерттеулеріне сүйенсек, Едіге Қаратаудың теріскей бетіндегі Құмкент шаһарында туып, Електің бойында дүниеден озған, — деді Ж.Асанов.

Ғылыми конференцияға келген ғалымдар Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабамыздың бізге қалдырған асыл аманаты, бүкіл түркі халықтарына ортақ мұра — «Едіге батыр» эпосының ұлттық рухани жаңғырудағы рөлін осылайша бағамдады.

— Жырдың 50-ден астам нұсқасы бар. Фольклортану ғылымында бір жырдың нұсқасының көп болуының себебі — жырдың басты кейіпкерінің халықтың сүйіктісі болуында. Яғни Едіге батыр — түркі халықтарының сүйіктісі. «Едіге деген ер еді, Ердің қамын жер еді» — міне, елу нұсқаның барлығының түйіні осы сөз, — дейді Ж.Асанов.

Ғылыми конференция аясында пленарлық және панельдік сессиялар, «Ұлы дала тұлғалары» тақырыбындағы дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button