Жаңалықтар

Металл қабылдау пункттері тексеріліп жатыр

Ақтөбеде «Металл» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Шараның алғашқы күні ақтөбелік тәртіп сақшылары металл қабылдау пунктінен 52 аккумулятор батареясын тапты. 

Полицейлердің айтуынша, ұрлықшылар аккумулятор батареяларымен қатар, электрлі мыс кабельдерін, канализациялық құдық қақпақтарын да қолды етеді.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Орыналы Әбдіғалидің айтуынша, қалада металл қабылдайтын 32 орын бар. Ал шараның бірінші күні 3 орын тексеріліп, Жанқожа батыр көшесінде орналасқан металл қабылдау пунктіндегі контейнерден 52 аккумулятор батареясы табылған. Бүгінгі күні осыған қатысты тексеру жұмыстары басталды.

— Аккумулятор батареяларының ұрлығына байланысты бізде бүгінгі күні 40-тан астам шағым бар. Тұрғындардың барлығы шағымдана бермейді. «Металл» профилактикалық шарасының бірінші күні 52 аккумулятор батареясын анықтадық, бұған дейін жыл басында 40 аккумулятор батареясын тапқан болатынбыз. Барлығы бір жерден, яғни Жанқожа батыр көшесінде орналасқан металл қабылдау орнынан табылып отыр. Бұл заңсыздықтың алдын алу мақсатында қалалық әкімдікпен бірлескен  түрде іс-шаралар жүргізілетін болады, — дейді ол. 

Айта кетейік, қылмыстық жолмен алынған аккумляторларды сатып алушыларға ҚР Қылмыстық Кодексінің 196-бабының 1-бөлімімен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

«Металл» жедел профилактикалық іс-шарасы 8-11 сәуір аралығында өтеді. Шара аясында қаладағы барлық металл қабылдау пункттері тексерілмек.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button