Жаңалықтар

Жер-су атаулары төңірегіндегі түйткілдер

Рас, облысымызда жер-су атауларын зерттейтін әрі реттейтін ономастика саласы бойынша жұмыстар  жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Олардың атқарған істеріне  өткен жылдың аяғында Ақтөбеде өткен республикалық  семинарда  оң баға берілген-ді. Соған қарап бұл сала кемшіліктен  дін аман деуге  де болмайды.  Оның «әттегене-ай» дейтін тұстарының да  бар екенін  төмендегі   мақаланы оқи  отырып көз жеткізе аласыз.  Мақала авторы  ономастика саласына қатысты түйткілді мәселелерді халық талқысына салуды жөн көріпті.

Көптің пікірі қандай?

Соңғы кездері  ономастика саласында атқарылған тірліктердің бірі — облыста тұңғыш рет  қазақ тіліндегі картаның екінші қайтара жарыққа шығуы. Сонау патшалық Ресей заманында, одан кейінгі тоталитарлық кезеңде өзгеріске ұшыраған 130 шақты  елді мекен өзінің бұрынғы тарихи атауына ие болып, картада көрсетілді.  Олардың  мемлекеттік тілдегі атаулары көзге жылы ұшырайды.  Одан түрлі-түсті атлас  карталар әзірленіп,  барлық аудандарға тегін таратылды. Картада атаулары өзгерген елді мекендер көгілдір түсті жалаушалармен белгіленген  және жаңа атаудың төменгі жағына    ескі  атауы да  жақшаға алынып көрсетілді .

Үш жылдан бері Ақтөбе облысының топонимикалық атауларының шығу тарихына зерттеу жұмыстары  жүргізілуде. Оған «Сана» тәуелсіз ақпараттық талдау орталығымен   бірлесіп, республика ғалымдарын зерттеу жұмыстарына  тартты. Нәтижесінде екі томдық танымдық кітап жарық көрді. Қазір үшінші томы әзірленуде. Бірінші томда облысымыздағы өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аудандар зерттелді. Ғалымдар Алматы, Орынбор мұрағаттарында сарылып отырып, жер-су атауларының сырына үңілді.   Екінші кітапта қалған аудандар зерттеу нысанына айналды.  Бұл кітаптар да барлық ауданның кітапханаларына тегін таратылды.

Тарихи атауларды қалпына келтіруде Қобда, Хромтау, Алға аудандары    әбжілдік танытты.

Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, біраз мысалдар келтірелік. Мәртөк ауданының Горноводск атауы Байнассай ауылымен бір мезгілде құрылыпты, бұрынғы аты Бұлақтысай екен (37). Бір қызығы,  осы жерге еккен картопты күзде жинауға барғанда, қазған шұңқырдың ішінен балық та шығатын көрінеді.  Демек, судың жақын болғаны ғой. Тау суы дегенге келіңкіремейді. Сірә, бұлақтың орны болар. Ал орыс айконимінің Горноводск деп аударылып алынғанын осыдан байқауға болады. Тарихи атауы Бұлақтыкөл болғаны. Осы аудандағы Вознесеновка селосының тарихи атауы Аққұдық болғанын  дәлелдеуге болады. Картадағы Вознесеновка атауы 1899-1914 жылдарда түскен. Украинаның 14 губерниясынан келіп қоныстанушылар легі осы тұсқа ағылған. 1914 жылдары Полтава, Киев, Херсон, Чернигов губернияларынан қоныс аударушылардың әсерінен қазақтың жер-сулары тарихи атауынан айрылған. Екінші нұсқада зерттеушілер оны діни мейрамдармен байланыстырады. «Покровка»   атауының діни  негізі бар деседі.  Ауылдың Аққұдық атануының сырын әріден іздеудің қажеті жоқ, селолық округ солай аталады. Мәртөктегі Дмитриевка елді мекені Орта Бөрте  мен Төменгі Бөрте өзендерінің бойына салынған. Оның ар жағында қазақтардың осы жерді мекен еткенін кім жоққа шығара алады?  Бұл ауылдың тарихи атауын қалпына келтіруге Дмитрий ақсақал ұрпақтарының  құлқы жоқ көрінеді.  Бұл – дәлелсіз пікір емес, зерттеу нәтижесінде анықталған  ақиқат.

Бұдан бес жыл бұрын Хлебодаровка ауылының тұрғындары бас көтеріп, Сарыжар атауға ниет етіп еді. Алайда бұл ұсыныс депутаттар  тарапынан қолдау таппады. Зерттеушілер былай дейді: «Сарыжар поселкесінен солтүстік шығысқа қарай 6 шақырым   қашықтықта  Сынтас көне ескерткіші бар». Көне ескерткіш әуелі жерге көмілгенге ұқсайды.  Бұл қола дәуірінің ескерткіші, меңгір тас деп аталады. Жерге көмілген  тас бағандар жер жырту кезінде қопарылып алынған. Академик Ә.Марғұланның пікірінше, бұлардың негізі көне, неолит  кезеңінен  меңгір тас көму ғұрпынан басталады.

Негізі Хлебодар онимі тың игеру жылдарымен байланысты екені даусыз.

Мұндай мәселелерді шешуге келгенде 1993 жылы  қабылданған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының  мүмкіндігі аздау. Осыған байланысты  заң баптарына өзгерістер енгізу қажеттігі жайлы әңгіме қозғалғалы да біраз болды.  Егер ауылдың тарихи атауы дәлелденген күнде оны өзгерту құзыреті аудандық атқарушы және өкілетті органға берілсе жөн болар еді.

Мәртөк ауданының Новодонцы, Черемушки, Полтавка және басқа атауларының төркіні айтпаса да түсінікті.

Қарғалы ауданында тарихи атаулары белгілі Петропавл, Велиховка сияқты антропонимдерді өзгерту оңай болмай тұр. Себебі бұл жерлерде тұратын жергілікті халықтан өзге ұлт өкілдерінің саны басым. Бұл атаулардың да заңдастырылған  ештеңесі жоқ, тұрғындар пікірімен санасуды ойлап жатқан және ешкім жоқ. Бірақ картада  сол кейінгі атауларды баттитып жазбасқа болмады. Павлодар қаласының атының өзгермей тұрғанын алға тартатын  көкірегі ояу жұртқа тек заң арқылы дәлелдеп бермесеңіз,  оларды сөзге тоқтату қиын.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстарды үйлестіруші ретінде аудандарда іссапарда болып, түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Алайда елдегі жергілікті және өзге ұлт өкілдері бұл мәселеге аса сақтық танытады. Егер атау өзгере қалса, өз қалтамыздан шығын шығып кете ме деген қауіптері де жоқ емес.  Соған қатысты мына жайды естеріне сала кеткім келеді.  Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі №310  «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Заңын   түсіндіре кетейік. Онда: «Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру бағдарламаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың нөмірлері (мекен-жайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады» делінген.

Тарихи атауларды кері қайтарудың  қиындығы мынада болып отыр. Алдымен заңнама талаптарындағы шикілік қолбайлау болып отыр деуге болады. Екіншіден, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмай отырмыз.  Еліміз тәуелсіздік алғалы өз жерімізге тарихи атауын қайтаруға құқымыздың барлығын өзге жұрттың санасына сіңіре алмай келеміз.  Әркім әрқалай түсінеді, ұлт араздығын қоздырып жүр деп деп отқа май құятындар да табылады. Осы мәселеге қатысты жиынға жергілікті ұлт келуге құлықты емес. Өз ұлтымыздың мұншалық салғырттығына, ұлттық мәселенің өзіне немқұрайды қарап отырғанына қарның ашады. Оның үстіне жергілікті билік өкілдері тіл саясатына, жер атауларына қатысты ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Халыққа ненің не екенін түсіндіріп отыру олардың міндеті. Бір жиналыстан соң: «Халық енді мені тыңдамайтын болды» деп уайым соққан ауыл әкімін де кездестірдік, осыдан-ақ  талай нәрсені аңғаруға болады.

Өз елін, жерін сүйетін адам  шаршы топта сөз алып, ел мен жердің тарихынан әңгіме қозғап, өзге жұрттың миына құя берсе, бірде болмаса бірде икемге келер еді. Осы жерге сырттан келіп қоныстанған адамның жер арқалап келген ештеңесі жоқ, соны сауатты, мәдениетті түрде жеріне жеткізе айта білсек, тарихи атаулардың орнына бармайтын реті жоқ.  Біреулердің бұра тартқанына қарамай, ата-бабамыздан қалған жердің қадіріне жетіп, әр затты өз орнына қоятын уақыт  баяғыда жетті деп ойлаймын Сіз бұған не дейсіз, оқырман?

Алмат ПАНГЕРЕЕВ,

облыстық тілдерді дамыту

басқармасының ономастикалық

жұмыстар және талдау бөлімінің

бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button