«Күн — күйеу, жер — қалыңдық…»
Қазақ ең жақын, өте жақсы көретін адамына «күнім», «айым» дейді. Ай — қараңғы түндегі жалғыз сәуле болса, Күн — бүкіл әлемнің жарығы. Адам баласы сусыз, ауа мен жерсіз де өмір сүре алмайды, бірақ халық ешқашан «суым», «ауам», «жерім» деген теңеу айтпайды. Демек Күн мен Ай астарында ежелгі сенімнің көрінісі барын байқаймыз.
Қазақ халқының танымында, әсіресе, «күн» образының символдық мәні ерекше деуге болады. Бұл образ ежелгі наным-сенімнің сарқыншағы ретінде бүгінгі күнде де өз деңгейінде танымдық шеңбер құрған. Күн бейнесі қазақ танымында уақыт, наным-сенім секілді категориялардың әрқашан өзгеріп тұратындығына сәйкес, мынадай тұжырымдарға негізделеді: 1) Күн — жасампаз қаһарман; 2) Күн нұры (немесе нұр) — жасампаздық күш; 3) Күннің «елшілері» — күнтекті адамдар.
Күн түркілік танымда ең алдымен — жасампаз қаһарман. Ол — жерді жаңартушы, көрік беріп, әлемді түрлендіруші. Мифтік танымға сәйкес, алғашында Күн құдай ретінде көрінді. Тәңіршілдік діні келмей тұрған кездің өзінде, халық Күнді жаратушы, ғаламды жасаушы құдірет ретінде көрді. Күнді — жасампаз, сонымен қатар Ер адам кейпінде яғни «әке» деп ұғынып, оның қосағы, серігі Жер — «ана» деп түсінді. Космогониялық түсінікке сәйкес, ғаламды жұмыртқа моделінде елестеткен халықтың бұл пайымын Серікбол Қондыбай сөздің түбірінен іздейді. Жұмыртқа деген сөздің «жұм» деген түбірін басшылыққа алады да, түрлі мысалдарды келтіре отырып (жұмарлану, ұмар-жұмар болу), былай дейді: «Егер мифтегі ғаламдық жұмыртқа әлі ажырамаған аспан мен жер болса, онда аспан — еркек пен жер — ұрғашының әлі ажырамай, аймаласқан сәті «жұмарласу», сол сәттегі сыртқы пішіні жұмыртқа болатыны түсінікті» (С.Қондыбай. Қазақ мифологиясына кіріспе. – Алматы: Зерде, 1999 жыл).
Осы ретте ұлы Абайдың мына өлең жолдарын еске алсақ:
«Күн — күйеу, жер — қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті …»
Немесе:
«Күн-күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне толғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай»
Тағы да:
«Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер…»
Осы жолдарда Күн мен Жер тірі жан иесі ретінде көрініп, анимистік сипат алғанымен қоймай, поэтикалық эстетикамен астасып кеткен. Немесе Абайдың осы өлеңінің мифтік астарын қарастырған Сейіт Қасқабасовша айтсақ: «Көне замандағы, түркі қағанаты дәуіріндегі аспанды — еркек, жерді — әйел деп түсінетін мифтік ұғым қазақтың мифі мен діни нанымында ғана сақталып қоймаған. Ол ұлтымыздың көркем фольклоры мен классикалық әдебиетінде поэзиялық символға, көркем әдіске, метафораға айналған» (С. Қасқабасов. Қазақтың халық прозасы. – Алматы, « Ғылым», 1984 жыл). Бұл жерден де айтқан ойды иррационалды деңгейдегі «тұрпайы» түсінік деп те қарауға болмайды, себебі табиғаттың, қоршаған ортаның, жаратылыстың деңгейіне сәйкес бұл құбылыстардың болатыны бесенеден белгілі, бірақ халықтың балаң түсінігі Күнді мәденилендіргендігі сонша, оны іс-әрекет иесі — адаммен теңестіріп қойды. Біз мұны Күн туралы халықтық мифтерден білеміз.
Енді Шәкәрім өлеңдерінен мына бір үзіндіні алайық:
«Жан беріп жарық, жылы нұрдан,
Күн–атам Жерді буаз қылған.
…Жанымыз Күннен келген нұрдан,
Тәніміз топырақ пен судан,
Күн — атам, анық Жер — анам.
Бірі нұр беріп, бірі — тамақ.
…Ер жетем, толам, қайта солам,
Әрі анам бұл жер, әрі молам,
Денемді жұтпай тынбаған.
Кетеді жаным нұрға таман,
Жазықсыз болса, барады аман,
Қиянат істі қылмаған».
Бұл жолдардағы түсінік Абай ұғымымен ұқсас, бірақ Шәкәрім өлеңінде діни сенім көрінісі: адам тәнінің топырақ пен судан жаралғандығы және адам жанының мекені Көк, яғни Нұрдың тұрағы деген түсінік бар. Сонда Шәкәрімде Күн мен Жердің астарында жан мен тән жатыр, яғни бұл — жанның мекені Күн, тәннің мекені Жер деген байлам. Абайда бұл түсінік таза жаратылыстық тұрғыда болса, Шәкәрім жыры астарынан ислами түсінікті көреміз.
Күннің екінші жасампаздық қасиетіне келсек, мұны фольклордағы нұрдан жаралу мотивінен байқаймыз. Мына бір мифті алайық: «Хан сұлу қызын туысымен қараңғы темір үйге тығып қойыпты. Оған тек бір кемпір ғана қызмет етеді екен. Қыз бой жетіп, кемпірден қайда барып жүргенін сұрағанда, ол: «Жарық дүние бар, қызым, сонда барамын», — дейді. Қыз сол жарықты көрсетуін өтінген соң, кемпір оны алып шығады. Жарық сәулені көрген соң, қыздың басы айналып құлапты. Содан жүкті болыпты. Мұның бәрі күн нұрының киесінен болған» (Қазақтың мифтік әңгімелері. Құраст. Ш.Ыбыраев. – Алматы: Ғылым, 2001).
Аталған мифте кездесетін Күн нұры мотиві — қазақ танымындағы ескі тәңіршілдік дінінің бір көрінісі. Бұл мотивті көптеген шығармалардан кездестіреміз. Ақын Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» атты шығармасын алайық. Шежірелік бағытта жазылған аңыз-хикаяда Адайдың анасы Қанбибі серуен құрып жүріп ұйықтап кетіп, жүкті болады:
«…Ұйқыға көзі ілінді.
Ұйықтап көзі ілінсе
Байдың қызы Қанбибі,
Шымырлаған бір нәрсе,
Тұла бойға білінді,
Төмен қарай жүгірді,
Құрсағына кідірді.
Қанбибі шошып оянды,
«Не болды, — деп, — ой, Алла-ай?»
Жан-жағына қарады,
Қарап тұрса нәрсе жоқ,
Көңілін қасірет қамады.
Хазірет қызыр пайғамбар
Қыдырып жүрген күн екен
Қанбибі жатқан шамадан.
Одан хамила болынып,
Құдіретке жолығып,
Біздің асылымыз содан жаралған».
Ақын Адайдың Күн сәулесінен жаралғандығын алға тартып, Күн нұрын Қызыр пайғамбармен теңестіреді. Ақын Адай ғана емес, тарихта Айса пайғамбардың, Шыңғыс ханның арғы тегінің «атасыз» жаралғандығынан да хабардар етеді. Яғни Күн нұрынан жаралу машығы — адамның ерекше сипатпен өсуіне «кепіл» беретін жағдаят деген ұғым қалыптасса керек. Ақын айтып отырған Шыңғыс ханның атасы Тәңірбердінің Күннен жаралғандығы жөніндегі аңыз — соның айғағы. Бұл аңызда бір хан күн нұрынан жүкті болған қызын алтын қайыққа отырғызып, өзенге ағызып жібереді. Ол алтын қайықты Домбауыл мерген мен Шаба-соқыр көреді, Домбауылдың қалай атайын деген сауалына «қия ат» деп жауап берген Шаба-соқыр сөзі кейін ру атына (қият) айналады. Домбауыл қызды алып кетіп, одан Шыңғыстың атасы Тәңірберді туған екен дейді («Аңыз әлемі». Құрастырушылар: Т.Қоразов, В.Қалдина. – Ақтөбе, 2003 жыл).
Халық фольклорында, ауыз әдебиетінде, әсіресе, ертегі-эпостарында ғайыптан туу мотиві кең кездеседі. Ғайыптан туу мотивінің негізгі мәні — халықтың ойынан шығатындай «мінсіз» адам туралы арман, адамның ерекше сипатпен жаралып, өмірде де айрықша текті болуына тілектестік. Күнді қастер тұтудың басты негізі халықтың оны Көк Тәңірімен тығыз байланыста, басқаша айтқанда, Тәңірдің «елшісі» деп түсінуінен болуы да мүмкін. Халық Күннің киесі бар деп ұқты, ал Жердің де қасиеті бар деп, әрдайым құт мекен іздеді. Оғыз қаған туралы шығарманы алайық: «Күндерде бір күн Оғыз қаған бір жерде Тәңіріге жалбарынып отыр еді. Қараңғы болды. Көктен бір жарық (сәуле) түсті. Күннен аян, айдан қуқылырық еді. Оғыз қаған (көк жарыққа қарай) жүрді, көрді. Көрсе // әлгі жарықтың арасында бір қыз бар екен, жалғыз отыр екен. Артықша көрікті бір қыз екен. Ол қыздың маңдайында оттай сәуле шашқан бір меңі бар екен. Алтын-қазықтай екен. Осы қыз көрікті еді: күлсе Көк Тәңірі (нің өзі) күлетіндей, жыласа Көк Тәңірі (нің өзі) жылайтындай еді. Оғыз қағанның оны көргенде жаны қалмады. (Ол) қызды алып үйіне (кетті). (Оны) сүйді, алды. // Бірге жатты. Тілегі қабыл болды. (Сол қыз) жүкті болды. Күннен күн өтіп, түннен түн өтіп, көзі жарыды, үш ер бала туды, Біріншісіне Күн (деп) ат қойды, екіншісіне Ай деп ат қойды, үшіншісіне Жұлдыз (деп) ат қойды» (Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматия. – Алматы: Ана тілі, 1991 жыл).
Жалпы, тек қазақ халқы емес, гректерде Гелиос, ежелгі римдерде Аполлон, ежелгі парсы, ежелгі үнді танымында Митра, египеттіктерде Ра, славяндықтарда Яр немесе Ярило, жапондарда Аматэрасу секілді күнтекті құдайлардың болуы «көшпелі сюжеттердің» қай халықта да, біртекті, бірізді танымның болғандығын дәлелдейді. «Күн» культінің орыс халқы үйлену фольклорында кездесу мотивін алайық, ежелгі славяндардағы үйленудің басты символикасы — қалыңдықтың басына киетін гүлдесте Күн образын береді.
Уақыт өте келе, Күн нұрының сакральдық мәні жойыла бастады, оларға жұрт енді тек жаратушының ерекше бір жаратылысы ретінде қарады. Әдебиетте «Күн» бейнесі поэтикалық астарға бірден еніп кетті. Поэзияда ақындықтың, шығармашылықтың тотемі ретінде де қаралды. Мәселен, Мағжан Жұмабаевтың:
«Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім — күнмін, өзім — от,
Сөзім — қысық, көзімде — от,
Өзіме-өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі — от.
Оттан басқа тәңірі жоқ» — деп келетін, қазақ әдебиетіндегі символистік бағытта жазылған алғашқы «От» өлеңін есіңізге салайық.
Қазақ наным-сенімдерінің ғылыми негізін ашу бағытында зерттеу жүргізген Б. Қанарбаеваның «от» турасындағы мынадай пікірі бар: «Тұран халықтарының анимистік сенімі бойынша от — Күн құдайының Жер-Анаға үйленгеннен кейін туып, жер бетінде қалып қойған баласы» (Б.Қанарбаева Қазақтың наным-сенімдері. – Алматы: Қағанат – ҚС, 1999 жыл). Осылайша зерттеуші Күн, Жер, От үштігінен «отбасы» моделін жасайды.
Күн нұры фольклорда, әдебиетте символикаға ауысты. Нұр — жақсылықтың, бейбітшіліктің, жылулықтың нышаны ретінде қабылданды. Осы ретте Серікбол Қондыбай зерттеулерінде үлкен ізденістер барын байқаймыз. Оның түсінігіндегі Нұр ұғымы ислами негізде өрбіген: «Біз Алла тағаланы, оның құдайы құдіретін, яғни Нұрды белгілі бір символ арқылы шартты түрде кескіндей аламыз, бірақ бұл Алла тағала мен оны кескіндеп тұрған символдың теңдігін көрсетпейді, өйткені символ Генонның сөзімен айтқанда, өзінің символдап отырған затынан (нәрсесінен, нысанынан) міндетті түрде, әрқашан да төмен тұрады, осы арқылы символика турасында натуралистік келтірімдердің барлығы алынып тасталынады» (С.Қондыбай. Нұр, құдайы құдірет және символ // Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Он томдық. 3-том. – Алматы: Жазушы, 2005 жыл). Бұл пікірдің негізгі идеясы — жаратушы мен оның құдіреттілігінің арқасында туындаған нұр символикасының тепе-теңдік дәрежеде тұрмағандығы.
Тіл халықтың рухани жаны дейміз. Тілге тарихтың, мәдениеттің, қоғамның әсері болатындығын алға тартсақ, онда халықтық танымның, ескі нанымның көріністерін тіліміздегі сөздерден, тұрақты тіркестерден көреміз. Серікбол Қондыбай атап өткендей, «күн көру», «күндеу», «күншіл», «күнелту» деген тіркестердің астарынан да мифтік танымды көретініміз анық. Мысал ретінде «күн көрсетпеу» сөзін алсақ, бұл жердегі «күннің» астарынан жарық, өмір деген ұғымды көреміз, яғни біреудің жарық әлеміне қол сұқты деген мағынаны аңғаруға болады.
Әрине, күн бейнесінің халық танымында алдымен тәңірі ретінде орныққанына мысал көп: айталық, ежелгі ғұндарда күнге тағзым ету мақсатындағы сюй (күн шығып келе жатқанда), сый (күн батып бара жатқанда) дәстүрі болғаны белгілі. Бірақ беріде ғылым-білім өркендеді, түркі дүниесіне жаңа дін тарады, сөйтіп Күнді құдірет тұтқан бұрынғы ұғым ұмыт болып, оның тек символикалық, шарттылық мәні артты. Ескі наным ықпалын біз бүгінде тіліміздегі теңеулер мен символикалық мәндегі бейнелеулерден ғана көреміз.
Анар АБДУЛЛИНА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
мемлекеттік университетінің магистранты.



