Шыбындар ауру тасымалдайды
Жедел ішек және кейбір жұқпалы аурулардың алдын алуда шыбындармен күресу маңызды орын алады. Шыбындар — тұрғылықты орындарда ең көп кездесетін жәндіктер тобы.
Негізінен қалалық жерлерде шыбындар тағам қалдықтары жиналған қоқыс жәшіктерінде, тағам өндірісі мекемелерінің қоқыстарында, ағынсыз сулар мен кәріздендірілмеген су жинағыштарда кездеседі. Көптеген шыбын түрлері қолайлы жағдай кезінде жыл бойы да дамып, көбеюі мүмкін. Тағам қалдықтарына, фекальға (нәжіс), одан адамдардың тағамына, ыдыс-аяққа қонып, ішек инфекциялары, қарапайымды цисталар мен гельминт жұмыртқалары қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін.
Бөлме шыбындары полиемилит вирусы мен туберкулез таяқшасын да тасымалдайды. Ал базар шыбындары адамдар арасындағы көз ауруларының қоздырғыштарын тасымалдаушылары болып табылады. Ет шыбындары — ішек аурулары қоздырғыштарының механикалық тасымалдаушысы.
Шыбындармен күресуде негізінен санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау керек. Мысалы, қалдықтарды дұрыс жинау мен оларды уақытылы түрде арнайы бөлінген полигондарға немесе қоқыс өңдеу зауыттарына апарып, жойып отыру. Кәріз жүйесі қарастырылмаған орындарда дәретханалар мен жуыну суларына арналған шұңқырлар қабырғасының су өткізгіштігі мен айналасының асфальттануын қамтамасыз ету қажет. Шыбын личинкаларын жою үшін сулы эмульсия, суспензия немесе ұнтақтар түріндегі ларвицидтер қолданылады. Көптеген фирмалар шыбындарға қарсы түрлі у дайындауға қолайлы таблетка мен ұнтақтар жасап шығаруда. Соңғы уақытта саудаға гүлдер, қаламсаптар мен фломастерлер түріндегі пайдалануға өте қолайлы инсектицидтер шығуда. Имаголарды жоюдағы тиімді әдіс — аттрактант желімі бар жабысқыш қағаздарды пайдалану. Жалпы бөлмеге жәндіктердің ұшып кірулерін болдырмау үшін терезелер мен желдеткіш тесіктердің барлығын шыбын кіре алмайтындай етіп, металл немесе капрон торлармен торлаған дұрыс.
Н.НАҒАШЫБАЕВА,
ҚР ДСМ МСЭҚК Ақтөбе облысы бойынша
департаментінің бөлім бастығы.



