Жаңалықтар

Көпбалалы ана — қоғамның ырыс-құты

Таңсұлу ЛАҚОВА,

Аналар үйінің үйлестірушісі.

Ақтөбе қаласы

Қазіргі таңда көпбалалы ана болу — нағыз ерлік. Бұндай отбасы — қоғамның ырыс-құты.

Ал еліміздегі көпбалалы аналардың жағдайы қандай? Қандай көмек керек? Осындай мәселелер қай уақытта да көтерілуі тиіс.  Елбасы «Нұр Отан» партиясының  XVIII съезінде сөйлеген сөзінде бұл тақырыптан айналып өткен жоқ. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы  отбасыларды қолдау шараларын күшейтуді, атаулы көмекті арттыруды тапсырды. Жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардағы әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді. Бұндай көмекті төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады екен.  Бұл аналармен жұмыс істейтін мен үшін де қуанышты жаңалық болды. Себебі орталықта әртүрлі тағдыр тауқыметін тартқан аналар бар.
Мемлекет басшысы аталған көмекті барынша жеңілдету керектігін айтты. «Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді» деді Елбасы. Бұл — өте орынды ескертпе. Себебі кейбір отбасылар осындай есептеулерден кейін жәрдемақы ала алмайды. Мемлекет басшысының съезде айтқан ескертулері мен тапсырмалары орындаларына сенімдімін. Ел азаматы ретінде осының әрі қарай жүйелі жүріп, аналардың жағдайын жақсарту жұмыстарына белсене атсалыса беремін.

ҮМІТ ПЕН СЕНІМ СӨНБЕУІ ТИІС

Жарты ғасырға жуық театрда қызмет еттім. Ең алғаш 1988 жылы «Қозы Көрпеш —Баян Сұлу» спектаклінде Қозының анасы Мақпалдың рөлін ойнап шықтым. Содан бері көптеген қойылымдарда аналардың образын сомдадым. Сондықтан ананың балаға деген махаббатын білемін. Өнерде де, өмірде де ана балалары үшін, олардың болашағы үшін алаңдайды. Тіпті өмірін беруге де дайын. Жұмыста болсын,  үйде болсын, болашақ ұрпақтың тәрбиесімен айналысады. Ұлды тәрбиелесең, ер-азаматты өсіресің. Қызды тәрбиелесең, ұлтты тәрбиелейсің.

Өзім бес баланың анасымын. 13 немерем бар. Үлкені жоғары оқу орнын бітірді. Жолдасым екеуміз бала-келініміздің қолында тұрамыз. Оларда да 5 бала бар. Мемлекетіміз көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлуде. Менің замандастарым біледі, бұрын оңай болған жоқ. Тапшылық, балабақша кезегі, тұрмыс пен табыстың төмендігінен қиын да ауыр кезеңдерде  еңсеміз түскен жоқ. Бізді жігерлендірген үміт пен сенім. Бүгінгідей жарқын өмірді, жайлы тұрмысты күттік.

Көпбалалы ана ретінде айтарым, әр ана өмірдің қиын тұстарында үміттерін үзбей, өздерін қолға алуы тиіс. Бұл отбасыңыз үшін маңызды.

Қазір мемлекет әйелдердің тұрмысын жақсартуды қолға алып жатыр. Кеше ғана Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлуді тапсырды. Онда көпбалалы аналардың отбасына жағдай жасап, әр балаға төленетін жәрдемақыны көтеріп, тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған. Президент көпбалалы отбасылар үшін әр балаға 21 мың теңгеден төленетінін айтты. Ана әр баланың тағдыры үшін жауапты. Сондықтан қазіргідей әрбір мүмкіндіктерді пайдалану керек. Баланы босанған бойда балабақша кезегіне тіркей аламыз. Тіпті үйде отырып-ақ онлайн түрінде құжаттарды рәсімдеуге болады. Бұл — аналар үшін тиімді мүмкіндіктердің бір ғана мысалы.

Шалқия БАХЫТЖАНОВА,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы, көпбалалы ана.

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button