Елбасына жеткен хат
Қобда ауданының Ақырап ауылында тұратын 9-сынып оқушысы Майра Шагирова Астана күні мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады.
Майра биыл Ақтөбе гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, суретші-дизайнер мамандығы бойынша білім алып шығуды армандап жүр. Ол бала кезінен жақсы сурет салады. Оның бұл өнері Елбасымызға да ұнаған болу керек, хат иесіне Астанадан жауап келді.
— Астана күні мерекесі биыл Елбасының 70 жас мерейтойымен тұспа-тұс келетінін білгендіктен, маусымның 15-і күні 6 шілдеге дейін хат ұзақ жол жүріп барады деген оймен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін салып, оның қасына туған күнімен, Астана күнімен құттықтаған хатты қоса салдым. Ағам қалаға жол жүріп бара жатып сыртында «Астанаға, Президентке» деген жазудан басқа мекен-жайы нақты көрсетілмеген хатымды ала кетті де пошта арқылы салып жіберді.
Президенттің портретін өзімше жақсы салуға тырыстым. Бар өнерімді салған болуым керек, ол Нұрсұлтан Назарбаевқа ұнаған ғой. Ең бастысы, хаттың адрес бойынша жеткеніне таң қаламын. Мен оны Елбасының қолына тиеді деп ойлаған емеспін. Хатқа Президентімізді құттықтап, оның амандығын тілеген сөздерді, Астананың біздің болашағымыздың көрікті қаласы екенін жаздым. Биыл оқуға түскім келетінін тілегімді білдірдім, — дейді Майра.
Астана күні мерекесінде Майраны облыс әкімі Елеусін Сағындықов қабылдауына шақырды. Оның болашақ туралы арман-мақсатын тыңдап, сый-сыяпат жасады, бағыт-бағдар берді, ақылын айтты.
— Мен Елеусін ағаны бірінші рет көрдім. Ол сондай мейірімді жан екен. Маған гуманитарлық колледжге түсуге және жатақханаға орналасуға көмектесетінін айтты. Ол маған: «Әлия батырдай ержүрек, ойларың батыл, қадамың нық, өзіңе сенімді бол. Адам өзіне сенгенде ғана оның арманы шындыққа айналады», — деді. Әлия батырдың ескерткіші бейнесіндегі сувенирді, «ең үлкен қазына — кітапта» деп «Ақтөбе» энциклопедиясын және ұялы телефон сыйлады. Мен Елбасымызға хат жолдағанда ештеңе сезінген жоқпын. Ал ол хаттың жауабы бойынша мені облыс басшысы қабылдағанда қатты толқыдым. Болашақта діттеген мақсатыма жетпесем, ұят болады деп ойладым. Үлкен жауапкершілікті сезініп отырмын, сондықтан барымды салып, жақсы оқуға тырысамын, — дейді Майра.
Майра 4 баласы бар отбасының қызы. Ол жақсы маман болып шықса, отбасын өрге сүйреуді, бауырларына көмектесуді көп ойлайды.
А.БАЙМЕНОВА.



