Жастар

Қызметтік парыздың салмағы

Тәлім

Елбасының бастамасымен жарияланған Жастар жылы аясында ақтөбелік ішкі істер саласы ардагерлері жас учаскелік инспекторлармен қоян-қолтық жұмыс жасауға бел буып отыр. Тәжірибесі мол аға буын өкілдері ізінен ерген жас мамандармен кездесіп, оларға өз тәжірибесі, осы саланың қызығы мен қиындығы туралы әңгімелеп, ой бөліспек. Алдымен жастар ардагер Мақсат Қауметовпен кездесті. 

Әскери борышын өтеп келген соң, 1960 жылы әскери комиссариаттың жолдамасымен қалалық ішкі істер басқармасына көлік жүргізушісі болып келген Мақсат Қауметов кейін учаскелік инспектор болып еңбек етті. Одан соң Алматыдағы милиция қызметкерлерін даярлайтын қысқа мерзімді курсты оқып, қылмыстық іздестіру бөліміне қызметке орналасты.

«Қызметке жаңа орналасқанда «Черный ворон» деген жүк машинасы болды. Тәулігіне 300 шақырым жүретінмін. Барлық қызметке пайдаланылатын бір ғана көлік болды. Ол кезде қызмет орнымыз Әйтеке би көшесіндегі қазіргі Елек полиция бөлімі ғимаратында еді. Күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Бірде бұрын бірнеше рет істі болған, «Карниз» деген лақап аты бар атышулы қылмыскерді ұстауға жіберді. Соны ұстаймыз деп жүргенде қолында мылтығы бар күдікті мені атып, сол аяғымнан жарақат алдым. Жаралансам да, мақсатымнан таймадым, күдіктіні ұстау керек болды. Ұстадық. Кейін аяғыма ота жасалып, протезбен жүрдім. Бұл 1974 жылы болатын. Содан 1974-76 жылдар аралығында ем алдым. Жарақаттанған соң, қызметке жарамсыз болып, аға лейтенант шенімен зейнеткерлікке шықтым. Кейін Алматы сауда техникумын, Ақтөбедегі педагогика институтын бітіріп, басқа салаларда еңбек еттім. Ақтөбе сауда көлік базасында қауіпсіздік жөніндегі инженер болдым, әскери ұшқыштар даярлайтын училищеде еңбек еттім. Қай салада жүрсем де, алғаш еңбек жолымды бастаған ішкі істер органдары саласынан қол үзген емеспін. Мен өз қызметтік парызымды адал атқардым», — дейді ол.

Мақсат Қауметов Кеңес Одағының Батыры Малкеждар Бөкенбаевпен қызметтес болғанын айтады. «Ол қалалық ішкі істер басқармасында кезекші бөлімде инспектор болып еңбек етті. Екеуміз жақсы дос болдық. Ол мінезі ашық-жарқын, қарапайым, адамдармен тез тіл табысатын, бауырмал азамат еді», —  деп еске алады.

Ардагердің айтуынша, бүгінде тәртіп сақшыларына сапалы жұмыс істеуі үшін бар мүмкіндік жасалған. «Олар бейбіт күнде еңбек етіп жатыр, тыныштық пен еркіндіктің қадірін білуі керек. Ең бастысы, өзіне артылған жауапкершілікті ұмытпауы керек», —  дейді. Жастар Мақсат Қауметовті 80 жасымен құттықтап, сыйлықтарын тапсырды. «Небары 35 жасымда осы ішкі істер органдары саласынан  қол үзсем де, күні бүгінге дейін ардагерлермен хабарласып, қоғамдық жұмыстарға үлес қосып келемін. Жастарға қолдау танытып, біз секілді аға буынды тәлімгер етіп, жұмысты ұйымдастырып отырған департамент басшылығына алғысым шексіз», — дейді ардагер.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button