Жаңалықтар

Қарттарды құттықтады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының

тұрғындарын құттықтап, сыйлықтар табыстады. Олардың жағдайымен танысып, мерекелік кешті тамашалады.

Аталған қызмет көрсету орталығының директоры Ермек Бейсқалиевтің айтуынша, жылдан-жылға орталыққа келетін қарттардың саны азайып келеді. Бүгінде мұнда 224 қарт қамқорлыққа алынған. Оның 93-і бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар.

Шара барасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарттарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

— Әр елдің қарттары сол мемлекеттің үлкен қазынасы. Себебі сіздер еліміздің дамуы жолында зор үлес қостыңыздар. Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұған Президенттің биыл халыққа жарияланған Жолдауы дәлел. Елбасы тапсырмасына сәйкес, біздің облыста қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар атқарылуда.

Әрине өмірде түрлі жағдайлар болады. Бірақ ең бастысы — сіздердің амандықтарыңыз. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және әрқашан жақсы көңіл күйде болуларыңызды тілеймін, — деді облыс әкімі.

Мекемеге мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды отырғызуға арналған көтергіштермен жабдықталған мамандандырылған автокөлік тарту етілді.

Бұл орталыққа келгеніме екі жылдан асты. Аяғым ауырып, жүруім қиындап кетті. Отбасын құрған жоқпын. Мұндағы қызметкерлерге шексіз ризамын. Тамағымыз дайын, кіріміз жуулы. Қам­қор­лық танытып, барлық жағдайымызды жасайды. Дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп, дәрі-дәрмегімізді береді. Халқымыз аман болып, еліміз өркендей берсін, — деді орталықтың тұрғыны Жұмажан Әжімхан.

Бүгінде облыста 27 мыңнан астам мүгедек жан бар. Оларға уақтылы әлеуметтік қолдау көрсетіліп тұрады. Биыл 12 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан техникалық, гигиеналық құралдармен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтылып, оларға шипажайлық ем-дом көрсетілді.

Сондай-ақ биыл мүмкіндігі шектеулі балаларға да ерекше көңіл бөлінді. «Бақытты бала» жобасы аясында «Күншуақ» жыл бойғы сауықтыру инклюзивті лагері жұмыс жасап, бюджет қаражатынан тыс аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығы, коррекциялық балабақша,  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button